«Әкем жаудан қайтпаған, шешем шайдан» демекші, біздің пайымымызша да әліге шайдан қайтқан қазақ жоқ. Бұл ойдың өзін қашанғы бір әдетімізше қызыл шайдан қыбымыз қанып, сораптап отырғанда ойлайтынымыз – тағы шындық! Сосын ғой, сосын осы бір сусын жайлы шешіліп кеп, көсіле сөйлеп отырғанымыз.
Шайды айтпақшы, қасқырдан кейін ет біткенге есі кететін қазақтың шартарапқа «шайшыл» аты да ептеп таныла бастағанға ұқсаңқырайды. Олай дейтініміз: «Bigpicture.ru» сайтының сала құлаш реитингісі Қазақстанды шай тұтынуы ең көп он елдің қатарына қосып қойды («қосып қойды» дейтініміз: статистика атаулыға сенімнің кеткен сиқы ғана – ред.).
Мейлі, не десе де, қуанасың! Аты шықпай жер өртеп жүрген елдерге қарайсың да «тәубә, тәубә!» дейсің келіп-келіп! Оның бер жағында «ішу» деген қандай тамаша естіледі десеңізші?! «Ойбай, ойбай! Ішкеннің несі жақсы?» дейсіз бе? Бұл күнде ішіп құлаған, «жеп» құлағаннан әжептәуір жақсы қылық болып тұрған жоқ па, тәйірі?!
Нанбасаңыз, кеше ғана Назарбаевтың алдында зыр жүгіріп, ол кісінің емес-ау, халқының алдында зыр жүгіріп жүрген Ахметовтың жылқы жылында накаутқа кетуі: құрып қалғыр, «жегеннен» деседі! Әйтеуір, қылмыс үстінде бұра тартқызбай көзбен көріп, қолымен ұстамағасын, «жепті» деген сөзден халық түгел жери қоймады. Оның үстіне, Секеңнің жегенде де біреу-міреудің ғана нервысын жеп кеткенін, қоңыр төбел қазақ тағы іштей біліп жүрді..?
Көрдіңіз бе? «Жеу» деген тегі қандай жаман сөзге айналған. Болмаса, жұрт біткен жегеннің желкесіне мініп: «жеменқор» демес пе еді, кім білсін?! Заманында «Ішіп-жеп» деп, «ішу» сөзімен қосарлана тәп-тәуір айтылса да, бұл күнде екі сөздің арасын жалғау – екі елдің арасын жалғаудан да ауыр боп тұр. Өйткені, халықтың «қалаулы» деген депутаты қалтасын қағып, қаржысын жесе, ал сол депутат атаулының әйдік оппозиция «Қанын қақтап ішіп» болды емес пе?
P.S.: Міне, осы себепті де, біздің қоғамда «жегеннің» жырын қашанда «ішкен» айтады!
Қозыбай ҚҰРМАН