(Журналист-жазушы Жұмабек Кенжалин – 60 жаста)
Жазған күнделіктерімді кітап етіп баспадан шығарып қойғанмын. Қолға алып, өткен күндерді еске алып тұратын әдетім. Сол бір өткен шақтарға қайырыла қарап отырып, мына жолдарға көзім түсті.
***
«Қарашаның 15-ші жаңасынан бастап, «Халық Кеңесі» газетіне тілші болып жұмысқа алындым. Әзіргі міндетім секретариат бөлімінде. Былай айтқанда хатшылар бөлімі. Оның ішінде макет сызу, бет жүргізу секілді жұмыстар. Бас редактор – Жұмабек Кенжалин, бірінші орынбасары – Жанболат Ауыпбаев, орынбасары – Самат Ыбырайымов, Жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтаев, бәрі де жақсы адамдар, қамқор кісілер. Шетел қазақтарын түсінеді. 22.11.1994ж»
***
«Мен кеше макет сыздым. Қыдырәлі ағай көмектесті. Бүгін газеттің №178 санын жүргіздім. Редакциядан Мейрамбек Төлепбергенов жауапты болды. Дәл қазір түнгі кезекшілікті орындап болып, үйге келген бетім. Жұмыстар сәтті. Осы күні алғашқы жарты айға еңбек ақымды - 1201 тг 40 тиын алдым. 29.11.1994ж»
***
«Біздің газеттегі ең бір жақсы адамдар: Жанболат Ауыпбаев пен Жұмабек Кенжалин, Самат Ыбырайымов пен Қыдырәлі Қойтаев тауып қойылған толымды басшылар. 07.01.1995ж»
***
«Кеше редакцияда жаңа жылды қарсы алу қимылы болды. Аса бір көңілді, мәнді күн болған секілді. Мекемеден 100 тг сыйлық алдым. Ол өткендегі «Халық Кеңесі» мен «Иман» қорының бірлесіп өткізген іс-шарасы барысында еткен еңбегіміз үшін болды. Онан Жұмабек Кенжалиннің жариялаған жеке сыйлығы үшін өлең оқып, ән айтып, топқа түскендерден: Әділғазы Қайырбеков, Мәди Қайыңбаев және мен 50 тг-ден сыйлық алдық. 30.12.1995ж»
***
Иә, күнделік беттері онан ары жалғаса береді. Дәл осы арадан қайырғаным жөн. 30желтоқсан ойыма Жұмабек Кенжалин ағаны салды. Менің Қазақстанға келгендегі алғашқы редакторымның алдағы 30 желтоқсан 60 жасқа толатын туған күні. Былай қарағанда, алпыс деп айтуға болмайтындай. Бірақ, уақыт керуені бұл кісіні де алпыстың асуына алып шықты. Жоғарыдағы күнделік беттеріне қарап отырып, сондағы алғашқы сезімдерімнің мені алдамағанына қуандым. Жақсы адамдардың қатарына жатқызған екенмін-ау! Осы ойым 20 жыл бойы дәлелденіп, тиянақтанып келеді.
Қыры мен сырын білмейтін бейтаныс ортаға топ ете түскенде, қандай адамдарға кездесемін, қандай жағдайға тап боламын деп алаңдайтынымыз белгілі. Оның үстіне басқа тәрбие, басқа жүйеден келген адам үшін мың жерден қазақ болсаң да, мінсіз болмайтының тағы бар. Жүрісің, тұрысың, көзқарасың мен сөз жарасымың да біркелкі бола бермейді. Біз әне сондай күйді басымыздан кешірдік. Бірге келген досым Құл Керім Елемес «Егемен Қазақстанға» жұмысқа тұрды да, менің бағытыма «Халық Кеңесін» лайық көрді. Өзі мықты ақын, батыл, батыр адам ғой, ол мейлінше еркін жүрді. Ал мен болсам, бұрынғы физика ұстазы болғандығым үшін бе, табиғатымда сәл бөгеліп, тартыншақтай қалатын мінезімнің болғандығынан ба, қобалжығаным рас. Дәл сондай кезде алдымнан ашық жарқын, ең бастысы барыңа да, жоғыңа да түсіністікпен қарайтын ағалар мен замандастардың кездескені қандай бақыт!
Адам бір-ақ күнде білімді, парасатты, кемелді болып жасала қалмайды. Сүйкімді ізденгіш бала салиқалы, орнықты азаматқа, онан ары қазылы қарияға жол алса керек-ті. Әлі де жасы қырыққа толмаған Жұмабек аға бір мекемеге басшы болып, сан алуан мінездегі алуан ерекшеліктегі адамдарды ортақ жұмысқа жұмылдыруының өзі үлкен өнер еді.
Менің жазған өтінішім негізінде орынбасарларымен ақылдасып алған болу керек, «Халық Кеңесі» газетінің редакциясын шұғыл жиып, жиналыс ашты. Сөздің ұзын ырғасы «... осылай да осылай, алыстан ағайындар келіп, қара шаңыраққа қосылуда, солардың бірі – бауырымыз Дәулетбек Байтұрсынұлы арамызда отыр. Секретариат бөліміне жұмысқа алдық. Білмегеніне көмектесіп, бауырларыңызға тартыңыздар»-деді. Маған бола қырыққа жуық адамды тік көтеріп, қадап тұрып айтып тапсырғаны несі екен деп, іштей ыңғайсыздансам да, мерейім өсіп, кәдімгідей көтеріліп қалдым. Жұмысым осылайша басталып кетіп еді. Бірте-бірте көппен танысып, қызметтің тілін түсіне бастадым. Атамекеннің алтын бесігінде, берекелі өмірдің қайнаған ортасында өскен ағалармен тату-тәтті өміріміз жалғаса түсті. Сол кезден қалыптасқан қарым-қатынастар нәтижесінде Жанболат Ауыпбаев, Самат Ыбырайымов, Самат Мұса, Қыдырәлі Қойтаев, Әділғазы Қайырбеков, Талғат Айыпбайұлы, Қуанбек Боқаев, Мейрамбек Төлепбергенов, Думан Рамазан, Серік Қаражан секілді аға-бауырлармен әлі күнге дейін кездескен жерде құшақ айқастырып, ағынан жарыламыз. Ойлап отырсам, осының бәріне себеп болып, септестіріп жүрген, үйлестіріп, үндестіріп жүрген іскер басшы, мейірімді ағаның алғырлығы екенін өмір өзі ұғындырды.
Мен жұмысқа тұрған кезде әлі де Қазақстан азаматын алып үлгірмеген кезім еді. Сөйте тұра жоғарғы кеңестің органы болған Бас басылымға қабылдау жеңіл шаруа емес екенін кейін білдік. Жұмабек аға «Ақиқат» журналында, «Қазақ әдебиетінде», «Қазақ газеттерінде» бірінші басшы болып жүргенде, тура мен секілді алдына кірген фотожурналист Сәрсенбек Қызайбекұлын (қазір «Алматы ақшамында») жұмысқа алып, тәжірибе жинауына баспасөзде көрініп, бойдағы мүмкіндігін ашуына арқа-тірек болды. Бұл туралы бас қосып кездескенде, Жұмабек ағаның сыртынан құлағын қыздыратынымыз бар. Әрине, шарапатын жария қып, нұрын тасыту үшін...
Атқан оқтай, шапқан аттай аялсыз өтіп жатқан уақытқа тоқтау жоқ. Қазақстан қоғамы түбірімен өзгерді. Енді ғана тәуелсіздіктің үш жас кезінде келген біздер осы елмен бар мен жоқты, аш пен тоқты бірге көрдік. Былайынша даяр асқа тік қасық болайық деп емес, ыстығына күйіп, суығына тоңайық деп келген едік. Ол арманымыз мүлтіксіз орындалды. Қиындығын көре жүріп қызығына кенелдік. өздеріңіз жаңа ғана көргендеріңіздей шамамен 2400 тг жалақыны місе тұттық. 150 тг сыйақыға балаша қуандық. Осы әңгімені бүгінгі таңда артынып-тартынып келіп жатқан оралман қандас бауырларыма айтсам сенер ме? Елдіктің алғашқы кезінде ат басын бұрған аз ғана қазақтың бірі болып, көптің көшуіне мұрындық болғанымызды ойласам, іштей риза болып, мың шүкір деймін. Осының бәрі алдымыздан шыққан ағайындардың, арқамыздан қаққан ағалардың бар болғаны деп білем. Әркім әр қырынан, қабілетіне, қолынан келген шаруасына қарай қызмет етеді. Ал біздің маңдайға жазылғаны – ақ қағаз бен көк қалам арқылы еңбектену болды. Жазушылар одағына, Журналисттер одағына мүше болдық. Бірнеше мекемеде міндет атқардық. Міне осылардың басында менің алғашқы сауатымды ашқан ұстазым Батырбай мұғалім секілді, Қазақстандағы өмірімде алғашқы ұстазым болып Жұмабек аға қылаң береді...
Осы күнге дейін өзімнің дауысымның жеткен жерінде радиода, газетте, әлеуметтік желілерде бар шындықты айтудан танған емеспін. Себебі бұл әлем осындай жақсы кісілермен жарық және мәнді.
Алдағы 30 желтоқсан жақындаған сайын тағы бір мәрте осы бір тақырыпқа оралғаным дұрыс деп шештім. Астанада Ауып Мұқибек бауырым «Есенғалидың елу қойын» жиі айтып, жылы-жылы сөйлеп жүр. Құл Керім Елемес мырза Фариза Оңғарсын апамыз бен Нұрлан Оразалинді кездескен сайын аузына алса, Мұрат Шаймаран ақын бауыры Бауыржан Жақыпты жадынан тастамайды. Әркімнің кірген есігі әртүрлі болса да, баратын өрі, шығатын төрі бір. Ол киелі шаңырақ оттай ыстық Отанымыз Қазақстан! Сол күндердегі бір өлеңімді қаз-қалпында ұсынайын.
Араласып халықтың кеңесіне,
Мінгендеймін алыптың кемесіне.
Баяу жылжып, бағдармен кетіп барам
Болашақтың бозамық көбесіне.
Шежірелі ғажайып жер аңыздан,
Танып өстім тәлім ап ел абыздан.
Қандай бақыт Отанның құшағында,
Елдігім деп еңбекпен тер ағызған.
Бір қазақтан білемін кем өспедім,
Аңсап өткен алыстан емес пе едім?..
О, Жаратқан, сүйіндір ұзағынан –
Атамекен, Астана, «Кеңестемін»!
(28.11.1994ж) «Күнәсіз мекен» 164 б.
Бізге осындай мүмкіндік берген, айтуға, жазуға жағдай жаратқан тәуелсіз еліміз. Ақжүрек ұлдары мен мейірімді қыздары.
Жұмабек ағаның лауазымдарын, алған атақ дәрежелерін, медаль-ордендерін, алты кітабын жіпке тізбедім. Кездесулерде, бірге жүрген сапарларда өзіне де рахметімді айтқанмын. Алай да ағаның өнегесін артынан ерген іні-қарындастары да білсін деп, келіп жатқан бауырлар кең қолтық елдің кең пейілін көрсін деп, басылым бетінде жария етуді жөн көрдім.
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын

