Ауданда мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйткілдерді қаузаған айтулы басқосу өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі саясаттанушы Досмаханбет Көшім, танымал журналист Абдрашит Абдрахимов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ж.Ерназаров пен М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы, «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ақболатовтар қатысқан жиында мемлекеттік тіл жайы, қазақ тілін латын графикасына көшіру және онамастика сынды қадау-қадау мәселелер талқыға түсті.
Тіл жанашырларына қош келдің айтқан аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов сөз тізгінін белгілі саясаттанушы Досмаханбет Қалмаханұлына ұсынды. Мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі, болашағы туралы пікір білдірген мейман өткір ұсыныстары арқылы көпшілікке ой тастады. – Жиырма сегіз жыл бойы өз мемлекеттік қызметкерлерімізді оқытумен келеміз. Мойындамасқа болмайтын бір шындық, біздің қоғамда орыс тілді және қазақ тілді сипат алған екі «әлем» пайда болды. Бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешкен халыққа мұндай сипат әрине жараспайды. Тоқсаныншы жылдары елімізде оқушылардың 65 пайызы орысша білім алса, қазір 70 пайыздан астам оқушы қазақ тілінде оқиды. Өткен жылы бүлдіршіндердің 89 пайызы қазақша білім беретін мектепке барса, биыл олардың саны 90 пайызға жетті. Ендеше алдағы 10-15 жылда елдегі тілдік жағдай мүлдем өзгереді. Сол сәтте біздің орыс тілді бауырлар қиындыққа тап болары анық. Болашақта лауазымды жұмысқа орналасу үшін қазақ тілін жоғары деңгейде білу талап етіледі. Мұны біз ойлап тапқан жоқпыз, бұл әлем елдерінде бар қағида. Американың, Ұлыбританияның, Францияның жоғары оқу орындарынан білім алу үшін сол халықтың тілін білу шарт. Тұрғындар елдің болашағы тек қазақ тілінде екенін түсінуі керек, — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жайына ойысты. — Көпшілікті ойландыратыны бізге бұл неге керек, не үшін деген сауал. Былай қарағанда, бәрі дұрыс еді, бірақ Елбасы әліпби ауыстыру туралы бастама көтерді. Бұл бір күнде ойға келген дүние емес. Бұған дейін, 1950-1960 жылдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы бастама көтеріліп, 1991 жылы бұл сұрақты академиктер күн тәртібіне шығарды. Бұл – тек қана қазақ тілінің мәселесі. Бәз біреулер айтып жүрген ешқандай бөліну емес, бұл – қазақ тілі жүйесінің талабы. Қиындықтар болады, тіл реформасы 5-6 жылға созылатын үрдіс.
Елбасы бастама көтерген 2012 жылдан бері біз латын графикасын енгізген елдердің тәжірибесін әбден зерттеп келеміз. Қалай өзгерту қажет, көшу үрдісін нақты кезеңдерге қалай бөлеміз деген мәселеде көп ойланып, бір тоқтамға келдік. Неге латын графикасын таңдадық? Бұның жауабы бәрімізге белгілі. Әлем халқының жазу жүйесі латын графикасына негізделуде. Графиканың бірінші ұсынылған нұсқасы қоғамнан қолдау таппады. Қазір нақтылауды қажет ететін екінші нұсқа талқыға түсті. Арнайы құрылған жұмыс тобының да ұсынып отырған нұсқасы бар. Жуырда республикалық басылымда барлық нұсқа жарияланып, халыққа егжей-тегжей таныстырылады, — деп түйіндеді. Әрі қарай ономастика тақырыбын сөз еткен тіл жанашыры тұрғындардың үнемі ескеруі қажет үш талапты алға тартты. – Аудан, ауыл, елді мекен, көше атауларын талапқа сай ауыстыру үрдісін бақылау барысында біз түсінбеушілік, келіспеушілік, тіпті қарсылық әрекеттердің орын алып жатқандығын байқап отырмыз. Атау ауыстыруда біз үш басты талапты ескеруіміз қажет. Кеңес үкіметі құрдымға кеткесін, соның заманында таңылған атаулар да мәнін жоюы қажет еді. Бірақ, ол атаулар әлі қолданыста. Әлі күнге Шығыс Қазақстанда 500-ден астам көше Ленин атында тұр. Кез келген атау, ескерткіштің патриоттық тәрбие құралы екенін ескерсек, Лениннің қандай мағына берерін ұқпаймыз. Екіншіден, жаңа атау берер кезде ол атаудың ел тарихындағы маңыздылығын ескерген жөн. Ол тұлғаның тарихтағы орны, елге сіңірген еңбегіне үңілуіміз керек. Егер қазақтың тарихында сүбелі еңбегі бар өзге ұлттың тумасы болса, неге атын дәріптемеске. Үшіншіден, тарихи атауға оралу. Көшпелі халқымыз әр төбе, әр арнаға атау берді. Егер сол атауларды тауып, нақтылығына көз жеткізген жағдайда оралуға, қайта жаңғыртуға болады. Егер халықтың бәрі қазақ тілін меңгерген болса, онамастика мәселесі болмас еді. Өйткені тілді білген жан сол халықтың тарихын, мәдениетін, тұлғаларын жақсы біліп, құрметтейді, — деген ол әр мәселені ортақ мәмілемен, шебер бітімгерлікпен іске асыруға шақырды.
«Мемлекет және тіл», «Тіл және ұлт», «Тіл және тарих», «Тіл және патриотизм» ұғымдарына кеңірек тоқталған танымал журналист Абдрашит Абдрахимов латын қарпіне көшудің тиімділігін, тарихи маңыздылығын сөз етті. Жиын барысында тіл мәселесіне қатысты мәселе қозғап, ой бөліскен Щапов ауылының әкімі А.Әбжан, мәслихат депутаты Н.Дүзбатыр, Үлкен Шаған мектебінің мұғалімі Д.Шан аудан тұрғандары атынан ризашылықтарын білдірді.
Пікір қалдыру