Атырауда «Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай, киелі орындарды насихаттау, ғалымдардың зерттеулерін болашақ ұрпақ жадында жаңғырту, Каспий өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеулерді қолға алу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысты.
Аспан асты музейі болады
Халықаралық конференцияда Сарайшық қалашығының тарихы мен тағдыры, ғалымдар мен мамандардың зерттеулері мен толықтырулары маңызды болып, тақырып аясы кеңейе түсті.
Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы – Ибн Баттута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Біз Сарайшық қаласынан атжеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүниежүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деп дерек жазып қалдырған.
Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің 1950 жылы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде, «қала XII ғасырда салынған» деп айтқан. Ә.Марғұланнан кейін жарты ғасырдан соң Сарайшықта жүйелі қазба жұмыстарын белгілі ғалым Зейнолла Самашев жүргізді.
1999 жылы Сарайшық қаласы орнында тарихи-мемориалдық кешен құрылысы салынды. Хандар пантеонында Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұдан басқа мешіт пен мұражай ғимараттары салынған. Содан бері ашық аспан астында, өр өзеннің иелігінде қалған Сарайшық қалашығының тарихи орны жойылуға шақ күйге жетті. Соңғы он жылда, Сарайшық тағдыры алаңдатқан жергілікті халық пен тарихшы, археолог мамандардың жанайқайы үдей түсті. Қазақ хандығының астанасының тағдыры бізді де бей-жай қалдырмай, жыл сайын мәселе етіп жазумен келеміз. Биылғы жылдың басында да өткір мәселені қайта қозғаған болатынбыз.
Сарайшық туралы жанайқай аймақ басшысына жетті. Биыл Сарайшық қаласының орнын сақтап қалу мақсатында, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті қазынадан 1,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Қазір Жайықтың жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеменің өкілі Асқар Төленовтың айтуынша, құрылыстың 80 пайызы біткен. Бүгінде бетон бекіністерді барлық технологиялық жағдайларды ескеріп, тұрғызып болған мердігер компания жұмысшылары – көне қалашық пен бетон арасына топырақ төсеу жұмыстарын атқаруда.
Жағалауды бекітуге қаржы бөлінген соң, арнайы лицензияға ие болған облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандары, археологтар Сарайшықтағы далалық зерттеулерді қайта қолға алды. Бұл туралы конференцияда сөз алған музей басшысы Рашида Харипова облыстық әкімшілік пен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен – Сарайшықтың сақталған бірқатар бөліктерін музейлендіру, қазіргі заман талаптарына сай келетін туристік инфрақұрылым құру жұмыстарының жоспарда бар екенінен хабардар етті.
– Сарайшықтың сақталған бірқатар бөлігін музейлендіру, қазіргі заман талаптарына сай келетін туристік инфрақұрылым құру болжануда. Сондықтан алдымызда, археологиялық зерделеу, ашылған бөліктерді консервациялау, қаланың қорғау аймағын анықтаудан бөлек, музейлендіру жұмыстарының ең қолайлы нұсқаларын құрау мәселесі де тұрды. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерінің қатысуымен археологиялық жұмыстар жүргізілді» деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Р.Харипова.
«Сарайшық қаласындағы зерттеулер және қазба жұмыстары» атты баяндамасында музей басшысы Рашида Харипова қазбаның оңтүстік бөлігінде екі көрхана – жер асты склепі ашылғанын баян етті. Олар қыш кірпіштен күмбез түрінде тұрғызылған. Қазба алаңының бір бөлігі ерте кезеңдегі көшеге немесе аулаға сәйкес келеді, бұл бөліктен пішіні бойынша жеркепеге ұқсас шұңқыр қазылды. Шұңқырдан көркемдігі керемет сұр түсті қалыпты қыш ыдыс сынықтары және бұрынғы типтегі Хорезм үлгілеріне ұқсас сырлы кесе шыққан. Қазба жұмыстары кезінде жалпы саны – 75, оның 21-і түрлі үлгіде соғылған тиындар табылды. Ең көп кездесетін тиындар – Өзбек хан мен Жәнібек хан соғылымдары. Сондай-ақ Әмір Темір мен Тоқтамыс билігі тұсындағы тиындар, Барақ пен Орыс хандардың тиыны кездескен.
Сарайшықтың жаңа тарихи дәуірді бастан өткеруі, Қазақ хандығының астанасын аспан асты музейі етіп, ұрпаққа аманаттауға жасалған қадам болып отыр. Дейтұрғанмен қазіргі күні көне қаланы зерттеушілерге кедергі болып отырған мәселелер бар.
Байыппен шешетін мәселелер
Қазақ хандығының Астанасына ғұлама Әлкей Марғұланнан соң қазба жұмыстарын жүргізген тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев «1999 жылы басталып, 2008 жылы тоқтаған қазба жұмыстарының қайта жандануын тарихи бір кезең деп атауға тұрарлық» деп мәлімдеді.
– Биыл XIV-IV ғасырларға жататын тарихи қабаттарда зерттеу басталды. Ең көп зерттелген қабат – ХVI ғасырдағы Ноғайлы заманы. Солардың ескерткіші көбірек шығып отыр. Себебі, ол Сарайшықтың жоғарғы мәдени қабаты. Биыл Ноғайлы заманының үлкен бір қамалының, қорғанының шетін ашуға мүмкіндік болды. Солардың бұрышындағы бекіністің мұнарасы ашылған. 1996 жылдан бастап 2006 жылға дейін біз үлкен сарай кешенін ашқан болатынбыз. Кезінде бүлініп қалғанын қайта қалпына келтіріп едік. Арада 11 жыл өтті. Көп жыл болғандықтан, қатты бүлінгенмен де қабырғалары сақталған. Сондықтан қайта қалпына келтіруге болады. Реставрация мамандары келіп, арнайы консервация жасауы қажет. Жыл сайын ұзындығы 300 метр, ені 40,50,100 метр қабаттардың бәрін аршып отырамыз. Бұл бізге қазақ халқының алғашқы кезеңіндегі болған тарихи құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік береді. Алайда түрлі мәселелер туындап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, XVIII ғасырда Ресей империясының үлкен қамалы салынды. Ол жердегі бұрынғы Алтын Орда дәуірі, Ноғайлы дәуірі, Қазақ дәуірі кезіндегі мәдени қабаттардың бәрі бұзылып, шайылып, басқа үйлер салынған болатын. Енді барлығы зиратқа айналып кеткен. Бізге осылар өте көп кедергі жасап отыр. Ол жерлерді қазу үшін біз үйлер мен бейіттерді көшіру мәселесін шешуіміз қажет. Сонда ғана 1861 жылы Алексеев деген Ресейдің топографы жасаған сызба арқылы қазба жұмыстарын жалғастыра аламыз. Ол сызбада әулие орны, қамал, мұсылман тұрған жер, орыстардың жерлеу орындары көрсетілген. Солардың бәрін анықтап, зерттеуіміз керек. Қазіргі сақталған аумақ көлемі 2 шақырымға жуық кеңістік болып қалған. Сол жерлерде мәдени қабаттар сақталған. Биылғы қазба жұмысы жақсы басталып кетті. Жұмысымыз жаман емес, көңіліміз толып отыр» деді Зейнолла Самашев.
Қасиетті жерлер тізіміне енді
Қазақ хандығының астанасы – Сарайшық қалашығы қасиетті жерлер тізіміне енді. Бұл туралы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы конференцияда мәлім етті.
– «Қасиетті Қазақстан» республикалық экспедициясының мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей, еліміздің аймақтарындағы қасиетті жерлерінің тізімін жасау. Бұл тізімді жасағанда жалпыұлттық және аймақтық карта жасалуда. Тізімді жасақтағанда міндетті түрде жергілікті жерлердегі өлкетанушы, тарихшылар, өңір тарихын жетік білетін ақсақалдар мен жастардың ұсынысын ескеретін боламыз. Қасиетті жерлердің көпшілігі – халық бұрыннан бері анықтап қойған, бұрыннан халық өзі құрметтеп, тағзым ететін жерлер. Атырау облысынан 4 қасиетті жер тізімге енген болатын. Олар – Сарайшық қалашығы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мавзолейі, Махамбет Өтемісұлының кесенесі. Облыстық әкімшілікте болған жиында тағы екі нысан қосу туралы ұсыныс түсті. Индер ауданындағы «Тұзды көл» шипагерлік жері және «Иманқара-Қойқара» кешені. Сарайшық қаласы – жай ғана археологиялық кешен емес, Қазақ хандығының Астанасы. Сарайшықтың тағдыры ерекше» деген Берік Әбдіғалиұлы жобаның мақсаты ескерткішті түгендеу еместігін айтты.
Ең бастысы – қасиетті де киелі деген жерлердің құндылығы. Сол құндылықтың бүгінгі және келешек ұрпақты тәрбиелеудегі нәтижесі. Сарайшықпен мақтанып қана қоймай, оның тарихын айту. Батыс өңірінің қазақ хандығында алатын орны туралы тарихи шежірені тарқатып айтып, ұрпақ жадында сақтау. Исатай мен Махамбет батырлар туралы айтқанда ұлт-азаттық күрес туралы айтылуы заңдылық. Сол секілді, Ақмешіт пен Ұшқан ата жерлерінің неліктен киелі жерлер екенін айтып түсіндіру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Олардың неліктен киелі жер болғаны туралы аңыздар мен тарихтан өрбіген деректерді халық білуі керек. Сармат, Сақ кезінен басталатын тарихи кешендерді ұлтқа насихаттауымыз керек.
«Бұл әсіресе, сырттан келіп, ықпал жасап жатқан, бізге жат өзге елдің құндылықтарына төтеп беру үшін қажет. Соларға төтеп бере отырып, өз құндылықтарымызды терең білуге, оны қадірлеуге, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ұмтылуымыз маңызды. Жобаны жүзеге асыру 5 жылға арналған. Осы бағдарлама аясында кинолар, кітаптар шығады. Бұл жұмыстар осымен аяқталмайды. «Қасиетті Қазақстан» деген энциклопедия шығарамыз. Әліпби ретімен шығатын энциклопедияның биылғы алғашқы томында Астана қаласы, Ақмола облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы жинақталып шықса, келер жылы Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары бір том жинақ болып шығатын болады. Сол энциклопедияда облыс орталығы, аудандар мен ауылдардағы қасиетті, киелі жерлер тізбесі жазылуы керек. «Туған жер» бағдарламасы аясында «Өлкетану» бағдарламасы жүріп жатыр. Ол жерге әрбір ауылдың тарихы жазылуы қажет. Сондықтан бұл энциклопедияда барлық тізбек осы жоба аясында жасақталатын карталарға қарағанда кеңейтілген түрінде қамтылатын болады. Халық тағзым ететін жерлер, жер-су аттары, аңыз болып бүгінге жеткен жерлердің барлығы осы энциклопедияда болуы тиіс. Әр аймақтағы қасиетті 100 жер дегенге, тек 100 ғана нысан тіркеледі деп ойлауға болмайды. Мәселен, Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттерінің өзі жүзге жуықтап бір бөлек тарау болса, киелі кешендер бөлек тарау болып тізбектеледі. Қасиетті жерлерді анықтап, олардың тізбесін жасауда шектеу қойылмайды. Ең бастысы – бұл діни жоба емес, ғылыми жоба емес. Бұл жобаның саяси-мәдени тәрбиелік мақсатта жүзеге асуы көзделген» дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Қасым ханды ұмытпау керек
Көне Сарайшық қаласы – Алтын Орда дәуіріндегі үшінші Астана.
Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының бас қаласы. ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы саяси-экономикалық дамыған, имандылық орталығы болған қала туралы айтқанда, Қасым хан туралы айтпай кету, тарихқа жасалған қиянат болар еді.
Қасым хан өз заманында ұлтына адал хандардың бірі болды. Қазақтың жерін сақтауда Қасым хан жанкештілікпен күресті. Шекара батыста – Еділге, оңтүстікте – Ташкентке дейінгі жерлерді қамтыды. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Деректер бойынша Сарайшықта жерленген Қасым ханның бейітін тауып, оған ескерткіш қою – біздің парызымыз.
Бұл туралы «Қасиетті Қазақтан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Өкіншіке қарай,әлі күнге Қасым ханның бейіті табылған жоқ. Болашақта ескеретін нәрсе, Қасым ханға Атырау қаласы орталығынан көше атауы беріліп, ескерткіші болса, ұлт үшін абырой болмақ» деді.
«Аралтөбе» ескерусіз қалмайды
Елді елең еткізген екінші алтын адам – 1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы аумағындағы Аралтөбе қорғанынан табылған болатын. Бұл жерде белгілі ғалым З.Самашев жетекшілік еткен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық экспедициясы кезекті қазба жұмыстарын жүргізген.
Б.з.д. III ғасырға жататын осынау алтынмен көмкерілген жауынгерді оның болат семсеріне қарап, ғалымдар сарматтардың көсемі деген қорытындыға келген екен. Қалпына келтірілген алтын адам бүгінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Атыраудан табылған Алтын адамға деген құрмет ретінде жергілікті, кәсіби мүсінші Серік Матениязовтың қолынан шыққан ескерткіш 2014 жылы Құлсары қаласы орталығына қойылды.
«Қасиетті Қазақтан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен ғалым-археолог Зейнолла Самашевпен жүздесуімізде Аралтөбе қорғанының республикалық тізімде бар-жоғы туралы сұраған едік.
Бізге мәлім болғандай, бұл мәселе сөз жүзінде айтылғанымен тізімге қосу туралы нақты шешім қабылданбаған. Оның себебі, бүгінгі таңда Аралтөбе қорымының орны топырақпен бітеліп, қазба жұмыстары жүргізілген жерлерді табу қиындаған. Дегенмен жергілікті тұрғындардың ұсынысы ескерілген.
– Атырау өңіріне сапарымызды қорытындылай келе, республикалық тізімге енген «Сарайшық» қалашығы, «Ақмешіт» қорымы, «Ұшқан ата» мавзолейі, «Махамбет Өтемісұлы» кесенесі қатарына, Алтын адам табылған «Аралтөбе» қорғаны және «Құлшан ата» жерасты мешіті мен ерте темір дәуірі кіретін «Иманқара-Қойқара» кешенін тізімге енгізу туралы тоқтамға келдік. Жалпы, алтын адамдар табылған барлық қорғандарды республикалық тізімге тіркейміз. Атырауға келген сапарымыздың алғашқы күні ұсыныс болып қаралған, табиғат ананың өзі адамзатқа сыйлаған «Тұзды көл» емдік қасиеті бар жерді жергілікті жердің картасына енгізу ұсынылды. Атырау облысы бойынша бізге ұсынылған тізім өзге өңірлерге қарағанда аздау болып тұр. Жергілікті жердегі қасиетті әрі киелі болып, олар туралы әңгімелер ғасырдан-ғасырға аңыз болып, нақты дерек ретінде жергілікті халықтың жадында қалған жерлерді әлі де іздестіріп табу қажет, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Сарайшық қалашығы – назарда
«Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Қасиетті Қазақтан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы республикалық дәрежеде қорғалып, туризм орталығы ашылатын төрт қасиетті нысанды атады. Олар – «Тамғалы», «Сарайшық қалашығы», «Ұлытау» археологиялық кешендері және «Ботай» мәдени кешені. Міне, осы төрт кешенде еліміздің туризімін дамытуға бағытталған, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын орталықтар ашылады. Мәдени мекенде музей, қонақ үй және өзге де туристерге қызмет көрсететін сервистік қызмет жолға қойылу көзделіп отыр.
«Қасиетті Қазақстан» жобасының басты мақсаты – өзге елден бұрын, еліміздің аймақтарындағы халықтың, барлық жерлердегі қасиетті әрі киелі жерлерін тануға жағдай жасау. Ұлттық құндылықтарды көру, түйсіну арқылы жадыда сақтап, ел мен жердің қасиетімен мақтанып, осы елдің құндылығын сақтауға ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған игі жұмысты атқару – бәріміздің парызымыз. «Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында баяндама жасаған алыс-жақын шетел ғалымдары.
Каспий өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеулері туралы айта отырып, Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қалашығы туралы зерттеулер жасаған, ғылыми жұмыстар жазып қорғаған Ұлттық музей мен аймақтық және Атырау облыстық музейлерінің жетекші мамандарын тыңдап, ой-пікірін де ортаға салды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Түркияда Анкара университетінің профессоры Гондугдуй Абдуллах, Әзірбайжан елінен тарих ғылымдарының кандидаты Исмайлзаде Пирага, Қазақстаннан профессор, тарих ғылымдарының докторы Бейімбет Ермұханов, Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Ахан Оңғарұлы, филология, мәдениеттану салаларының ғалымдары, көршілес Ресейдің Астрахань облысының музей қызметкерлері және Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан музейлерінің басшылары мен қызметкерлері, республикалық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері, өлкетанушылар, тарих пәнінің мұғалімдері, студенттер қатысты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен шарадан кейін қонақтар Сарайшық қаласында жүргізілген қазба жұмыстары мен «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығына барды. Конференция жұмысының қортындылануына орай арнайы ұйымдастырылған театрландырылған қойылымда Көшпенділер мәдениеті, Ұлы Жібек жолы, Сарайшықтың алтын қайықты қызы, Сарайшық хандарының болашақ ұрпаққа айтқан өсиетімен сахналанып, конференция жұмысының модераторы З.Самашевқа және Түркия, Әзірбайжан, Ресей елдерінен келген қонақтарға облыс әкімі Н.Ноғаевтың алғысхаты тапсырылды.
P.S: Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған ғалымдар, жиһанкездер көп болды. Солардың бірі, ағылшын көпесі Антони Дженкинсон: «Батыста Парижді көру арман болса, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты бір ай тоқтап қалдым. Бұл жерге айына жеті жүзге дейін керуен келеді. Қала үлкен сауданың орны, іздеген затыңның бәрі бар» деп Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық туралы дүйім әлемге дерек жазып қалдырған. Сан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, Сарайшықтың ХХІ ғасырдағы тарихи дерегі жаңарып, қазба байлыққа толы Атырауға әлемнің барлық елінен туристік сапармен келушілер көбейе түсті. Осындай асыл
мұраны – сақтағанымыз үшін ұрпақ алдында ұялмасымыз анық және армансыз болар едік…
Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы