Басшылары құл елдің қосшылары да құл

/uploads/thumbnail/20171213175934122_small.jpg

Мынау не деп сандалып отыр деп шоршитындар шорши берсін өз басым мына бір нәрсеге көзім жетті: бұдан жүз, тіпті, екі жүз жыл бұрын өмір сүрген, ағылшынша сөйлемек түгіл кәпірдің тілі деп бір ауыз орысша сөз айтпайтын қарапайым қитабан қазақтың  ұлттық санасы, ұлттық намысы, отансүйгіштігі бүгінде бақытын басқа жақтан іздеп «Болашақ» бағдарламасымен, не Мәскеуде оқып келген ботатірсектерден де, парламентте аузымен орақ орып, бөксесімен диірмен тартып отырған депутаттан да әлдеқайда жоғары болатын.

Неге дейсіз бе? Өйткені, олар тілі орысшамен араласып шұбарланбаған, қазіргідей қырық буын болып бөлінбеген бірыңғай ислам дінін ұстанған, ешқайсысы не орысқа, не батысқа еліктемей, қатыны-қатын, еркегі-еркек болып өз орнын білетін нағыз қазақ ұлты болатын. Олардың бар арман-аңсары, мақсат-мүддесі жасанып келген жау түгіл тату-тәтті көршіңмін деп жымиып күліп келіп, күңіреніп кететін орыс атаулының табанына елін, жерін таптатпау, ұлын–біреудің құлы, қызын–күңі қылмай жар құшып, ұрпақ өсіріп, Аллаһ алдында адал ғұмыр кешу болатын.

Ал енді сол орысша білмейтін қитабан қазақтың сыртқы саясаттағы сұңғылалығы, даңғайыр дипломаттығы өз алдына. Қазақты осынау ермінез, өршіл, жаугер, отансүйгіштік қасиетінен де, жер-суынан да айырып, тілін шұбарлап, ұл-қызын ұлттық санасынан айырып дүбәра, мәңгүрт күйге түсірген ешқандай жоңғар да, ешқандай қытай да емес, Ресей, яғни, орыстар болатын.

Жалпы бір ұлттың екінші бір ұлтқа бодан болып құлдығына түсуі тағдыр ісі. Егер сол құлдыққа түскен, тілінен, ата-баба салт-дәстүрінен айрылған ұлт өзінің сондай бейшара күйге түскенін білмей, әлі де өзін сол  ұлттың құлдығынан кеткісі келмесе, нағыз қасірет сол. Міне, бүгінгі қазақ сондай күйге түскен, әлі де болса орыстың бұғауынан шыға алмай жүргенін білмей, түсінбей жүрген ұлт деуге толық негіз бар.

Бір-ақ мысал келтірейік. Әнеугүні Қырғыз  Республикасының президенті Атамбаев талай қазақтың ішінде шер-шемен болып қатып айта алмай жүргенін айтып еді қазекемнің небір көзі ашықсымақтары бастап, «Айтақ!» десе тұра шабатын жәреуке жантықтары қостап Атамбаевты жүндей тұтты. Дәл сол  күндері Қазақстан басшылары Қостанай уәлаятынан (облысынан) қазақтың 76 мың гектар жерін (біреулер одан да көп дейді) Ресейдің зымырандарын құлатуға беріп жатқанда әлгі  айтақ десе тұра шабатындардың бірде-біреуі үн шығарған жоқ.

Жақында Ресейдің бір топ зиялылары, бір-екі жазушысы Ресей телеарнасынан Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қарсы аузына келгенін айтып жатты. Олар тіпті, Қазақстанға әскер кіргізіп басып алу керек деген  агрессорлық, шовинистік сөздерді талай мәрте айтты. Соның бірде-біріне әлгілердің ешқайсысы жағы қарысып қалғандай ең болмаса шәуілдеген де жоқ. Иә, әңгімеміздің басында айтқандай атам қазақ келер ұрпағының осындай дүбәра күйге түсерін сол заманда-ақ білді. Олар үй іргесіндегі орыстың бар мақсат-мүддесі, ниет-пиғылы қазақ жерін басып алу, қазақ жұртын тілінен, дінінен, ділінен айыру екенін сол заманда-ақ сезген-ді.      

«...Жаныңда айбалтаң болсын» дегенді сол кезде-ақ айтқан. Сол бабаларымыздың саясаткерлігі, отансүйгіштігі, ұлтжандылығы қазіргі кез-келген европизированный, глобализованный, инвестицияшыл-инновацияшылдардың, «болашаковецтардың» қай-қайсысынан найза бойы биік-ті. Алтын Орда ыдырап, бөлек-бөлек хандықтарға бөлінгеннен-ақ зар еңіреген Қазтуған, Доспамбет, Шалгиіздерді, үш ғасырлық болашақты болжап айтып кеткен әулие Мөңке биді айтпағанда олардан кейінгі Мұрат Мөңкеұлы, Есенгелді Ақпан жырау, Әбубәкір Кердері, Сарышолақ шайыр (Боранбайұлы) сияқты әрі ақпа-төкпе, әрі сен тұр, мен атайын ақын-жыраулар біздің бүгінде «ойбай, ұлт араздығын тудырушы атанып кетпейік», «ойбай, орысқа қазақша сөйлеп бәлеге қалмайық» деп қорқасоқтап, тиіп-қашып айтып жүргеніміздің бәрін және осындай  алакөңіл, шұбартіл, жалтақ, жасқаншақ күйге түсетінімізді айтудай-ақ айтып кеткен екен жарықтықтар. Мұрат Мөңкеұлының орыстар қазақ даласын күн санап басып алып ішке еніп келатқанын, ұрпағының тілі, ділі бұзылып баратқанын сондай бір сәуегейлікпен болжап:

...Еділді келіп алғаны–

Етекке қолды салғаны

Жайықты келіп алғаны–

Жағаңа қолды салғаны.

Ойылды келіп алғаны–

Ойындағысы болғаны,

Енді қазақ нең қалды,–деп зарлағанын жұрттың көбі біледі. Ол осылай дей келіп:

          Мен қауіп-еткеннен айтамын:

          Кешегі туған баланың

          Сақал-шашын қойдырып,

          Ащы суға тойдырып

          Бұзама деп реңін

          Үкілі бөрік қызымның

          Ұстай ма деп білегін

          Шая ма деп жүрегін

          Адыра қалғыр заманның

          Мен жаратпаймын сүреңін,–деп жас ұрпағының кескін-келбетіне шейін бұзылатынын, арақ ішіп азғындайтынын көзбен көргендей суреттеп берді.

          Ал орыстың қорлығын көргенше көз көрмеске кетіп қарамды батырайын деп Есенгелді Ақпан жырау өзі туып-өскен Арал, Шалқар өңірінен сонау Қарақалпақ асып, арада жылдар өткенде қайтып келгенде Ресейдің табанына түскен Отанын көріп:

          Әттең, дүние, қайтейін

          Сарыарқаның даласы-ай,

          Ашалы тоғай ағашы-ай

          Шер-шемендей қайнайды-ау

          Көкіректің санасы-ай,

          Санасыз болып барасың,

          Сары қазақтың баласы-ай,

          Өз баласын жем қылған

          Билерім аузы аласы-ай.

          Ойда-орыс, қырда-сарт

          Қалалы жұртқа жем болды

          Біздің қазақ баласы-ай.

          Кезегіменен беріліп,

          Орысқа ?? бергесін

          Көшіп едім жерініп

          Жерініп көшкен адыра-ай,

          Тұрғанын қараш, көрініп

          Бұл қоныстан көшірген

          Атасыз орыстың жәбірі-ай,–деген жолдары бүкіл іші-бауырыңды көл шайқағандай етпей ме? Ол заманда батыс өңірінің қазақтары жатқан мына шеті  Атырау, мына шеті Орал, Ақтөбеден, Торғай өлкесіне шейінгі Ресеймен арқалас ұлан-ғайыр батыс шекараны Сарыарқа деп атаған Есенгелді Ақпан жыраудың «Сарыарқа» деп отырғаны сол аймақ. Құрманғазы «Сарыарқа» күйін өзі өмір сүрген осы аймаққа арнаса, Махамбет:

Арқаның қызыл изені

Басы күрдек, түбі арал

Қыдырып шалар аруана,-

дегенде де осы өңірді айтқан.

          Бұл ақын-жыраулардың көпшілігі өз өлеңдерінде «жер-судан айрылдық», «жерімізге орыстар қаптап келіп жатыр, не істейміз» деген уайым-қайғыны медет қып отыра бермей, басқыншыларға қарсы аттанайық деп ұран тастап, ел басқарған сұлтан, билердің намысын оятпақ болды. Кіші жүз Әлім тайпасынан шыққан Төремұрат жырау

          Күніге жасып жүргенше

          Көзден аққан жас кепсін.

          Орысқа құл болғанша

          Қанжығада бас кетсін,–деп ұлы аттанысқа шақырса, сол Әлімнің тілеу руынан Сарышолақ шайыр (Боранбайұлы)

          Әулие Мөңке айтқаны

          Айнымай келді алдыма,

          Бағымның неден қайтқаны

          Құдайдың көңілі қалды ма?

          Елімді билеп алды ғой

          Кешегі келген қаңғыма,–деп күйінеді. Күйінеді де дереу:

          Қалмақтан қиын болды да

          Орыстың салған ойраны

          Қазақ деген сорлыға

          Батып тұр мына сойқаны

          Баяғы күнім елестей

          Келмеске кетті  айналып,

          Орыспен төбе теңеспей

          Алған беттен таймалық,–басқыншы жаумен айқасқа шақырады. Сарышолақ одан әрі:

          Әй, орыстар, орыстар

          Биік тең бе дөңеспен?

          Еліме келдің қоныстап,

          Патшаң берген кеңеспен

          Аш орысты тойғызып

          Қақырасы жоқ қаңғыңа

          Мекен берген мен емес пе ем?

          Қайғыма ортақ дос болсаң

          Бірігіп қам жемес пе ең?-деп басқыншыларды ақыл-кеңеске, мәмілеге шақырса, енді бірде оған құлақ аспаған орыс отаршылдығына былайша қайта күйінеді.

          Қанды кек буып жүректі

          Бермей тұр Құдай тілекті

          Зығырданым қайнаумен,

          Шапқынмен күнім құр өтті.

          Отарба келді ойрандап,

          Көк түтінін шұбатып,

          Әскері жүр тайраңдап

          Шалқар көлден құр атып.

               ***

 

          Мылтықтыға күш келмей,

          Найзасын сайлап ерлерім

          Бастаушы күтіп тістенді

          Бастайтын бірақ билер жоқ

          Қолдаушы хан жоқ, күш кем-ді,–деп одан әрі:

         

          Еділден бермен жайлаған

          Жайықтың бойын бойлаған,

          Сағыз, Елек, Ойыл, Жем

          Майлысай, Ырғызды ап тоймаған.

          Қауылжыр, Тебен, Қос-Шаған

          Сонау шеті Арал мен

          Атырау, Үстірт, Құбажон,

          Орынбор, Сарытау, Оралмен

          Бәріне салды тыюды

          Жандарал салған қарармен.

          Еркін өскен қазағым

          Үйінде жатыр күрсініп

          Салғасын патша мазағын

          Қалың әскер қоқаңдап

          Жоқты тап деп зорлаған

          Мылтықтан ығып ерлерім

          Көзінен жасы парлаған

          Шығына қашып балалар

          Аңырап ана зарлаған

          Ашу буып дертпенен

          Әжелер суырыла қарғаған

          Атыс та шабыс, үркіту

          Өмірде мұндай болмаған

          Елімді кезген жалмауыз–

          Жексұрын орыс оңбаған

          Иә, отаршыл Ресейдің қазаққа салған зобалаңын дәл осы Сарышолақша, Есенгелді Ақпан жырауша, Мұрат Мөңкеұлынша, Төремұрат, Шерниязша ащы айқаймен, кеудені кернеген ашу-ызамен ешқандай «бас ақын» да, басқа ақын да айтқан емес. Бұны бәрін мысалға келтіріп отырған себебіміз,  бүгінде оқыған-тоқыған, орысшаға судай саясаткерлердің де, неше түрлі дайындалып келген заңдарды қабылдағыш депутаттардың да ешбіреуі қазақ ұлтының ғасырлар бойы Ресейдің табанында тапталып қалған ой-өрісін, санасын, бұдан 100-200 жыл бұрын өмір кешкен, қазақтың түбіне  қай ел жететінін болжап зар илеген әлгі ақын-жырауларша «рухани жаңғырта»  алмай отырғанын  еске салу болатын.

Ал, Ресейдің көшедегі кез келген мұжығын айтпағанда анау Лимонов, Проханов, Дугин, Жириновский тағы басқалары сияқты белгілі-белгілі қайраткерлері екі сөзінің бірінде Қазақстанды орыстың жері, оны қазақтарға біз бергенбіз, енді соны әскер кіргізсек те басып алуымыз керек деп аузынан ақ көбік атқылап, оған Кремльдегілер «қойыңдар, бұларың ұят болады» демек түгіл соларды рахаттана тыңдап отырғанда, соның бәрін күнде көре тұра қазақ басшылары не үнсіз, не өтірік жуып-шайып отырғанын көргенде басшылары  құлдық санадан құтылмаған елдің қарапайым қосшылары құтылуы мүмкін емес  деген ойға кетеді екенсің. Және әнебір «Бәрін, тілді дұрыстауды да, басқасын да әркім өзінен бастауы керек деген» нағыз сайқали саясаттың халықты алдандырып, өздерін жауапкершіліктен алшақ ұстау үшін ойлап тапқан әзәзіл ұран екеніне көзің жеткендей болады.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар