Шымкентте құқық қорғау қызмет орталығы ашылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін бұл орталықта 11 мекеменің мамандары азаматтарға 22 кәсіби құқықтық көмекті ақысыз көрсететін болады. Мұнда тәжірибелі прокурорлар, адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, мемлекеттік кіріс органдары мен әкімдік, пробация қызметкерлері халықтың шағым-арыздарына жауап береді.
Орталық «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында орналасқан. Мекеме қазіргі заманға сай инженерлік-техникалық қондырғылармен жарақталған. Электронды кезек жүйесі де енгізілген. Күту залы, сонымен қатар өз-өзіне қызмет көрсету секторы да жұмыс істейді.
«Құқық қорғау қызметтері» орталығының басшысы Болат Байнеевтың айтуынша, орталықтың мақсаты әрі қағидасы – прокуратураның арнайы алаңында барлық мамандармен азаматтарға кең ауқымды тегін құқықтық көмектер көрсету.
Пікір қалдыру