Өткен жылдың соңғы айларының бір күнінде "Қара Өлеңнің хас шебері" атты әдеби талдаулар, эссе-жазбалар жинағы қолыма түсті. Авторы жергілікті білікті ұстаз, белгілі Мұқағалитанушы ғалым Жұмаш Өтеев екен.
Білікті ұстаз дейтінім, ол ұзақ жыл Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Екінің бірі қолы жете бермейтін ұстаздарға берілетін аса жоғары марапат "Ыбырай Алтынсарин атындағы Алтын медальдің" иегері атанды. Алыс ауылда жүріп-ақ филология ғылымдарының кандидаты болған ізенімпаз жан. Оған он жылдай осы Қарасаз ауылындағы Мұқағали мұражайының директоры болып қызмет істегенін қосып қойыңыз. Тіршілігінде жас ұстаз кезінде туған ауылына атбасын бұрып тұрған ұлы Мұқағалимен аракідік жүздесіп тұрғанын да ұмытпаңыз. Демек, Жұмаш Өтеевтің Мұқағали шығармашылығының шырақшыларының бірі болмасқа әбдісі де жоқ секілді.
Жинақтың алғашқы бөлімі "Қара Өлеңнің хас шебері" деп аталыпты. Бұл бөлімде автор Мұқағали шығармаларын өзінше талдау жасайды. Өзінің түсінігіндегі Мұқағали шығармаларының қалтарыстарына үңіледі. Тіпті оның әрбір Өлеңінің өмірге келу тарихында туған жердің табиғатының әрбір тылсым сырлары жатқанын сендіре баяндайды. Ақын өлеңдеріндегі жеті бояудың, жеті түрлі түстің өрнек табуы, оның поэтикалық мені арқылы астастыра суреттелуі Сөз болады. Бұл да Мұқағали шығармашылығына атбасын бұрған көптеген ғалымдарымыздың көңіл аудара қоймаған тұсы. "Алдымен боз түс туралы. Боз түс халқымыздың жанына жақын түсі. Боз дала, боз сағым, боз тұлпар. Бұл төзімділіктің, келер күндерге деген үлкен сенімнің, зор үміттің бейнесі" дейді автор. Әрі қарай Мұқағали жырларындағы Боз түстің астарына үңіледі. "Бозқараған бұтағын қозғама адам, Боз қараған ішінде бойжеткенге, Бозбалалар бозарып қоз қадаған" жыр шумағын дәлелеге келтіре отырып, мөлдір махаббат пен ыстық ынтазарлықтың жеткізе суреттелгенін, оның терең астарын сөз етеді. Мұқағали жырларындағы ең жиі қозғалатын қара түс. "Қара қамба", "Қара шалғы", "Қарасаз" басқа да қара түске қатысты жырларындағы ақын тағдырының өлмес суреттері, дейді ол. Ақын жырларындағы коңыр, сары түс жайлы да тереңнен қозғап, ой айтады.
Бұл жинақтың оқырмандардың қызығушылығын тудыратын тағы ерекшелігі – ұлы Мұқағали ақынның жеке өміріне қатысты тұстары деп ойлаймыз. Өйткені аты аңызға айналған ақын туралы ел ішінде алып-қашпа әңгімелер желдей еседі. Жылдар өткен сайын азаюдың орнына өршіп бара жатқандай. Аңыздың дені ақынның ішімдікке жақындығы жайлы айтылады. Естелік авторлары да кезінде ақынмен бірге сыра сіміріскен "досы" болып шығады. Оны айтасыз белгілі бір қаламгер ағамыз "Жұлдыз" журналында жарияланған ғұмырбаяндық романында Мұқағалиға камқорлық жасағанын, жалаң-аяқ жалаңбас жүрген ақынды бастан-аяқ киіндіргені жөнінде жазғаны бар. Қызды-қыздымен "Мұқағалидің үйінде қазан көтерілмейтін" деп соқты. Осындай оспадарлыққа тоқтау жасай алмаған осы басылым басшыларының дәрменсіздігіне әлі күнге таң қаламын. Шынында да Мұқағалидан айдаладағы бәз-біреулер емес, жерлес ақын інілерінің, туған-туыстарының қашық жүрегені жөнінде деректер бар. Бұл туралы белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржакеев басылым беттерінде ашық жазып жүр. Сол сияқты ақынның жерлестерінің оған бір жолыққанда "біз Талдықорған жақтанбыз деп" сырғақтаған, немесе ақын келе жатқан көшеден жалт бергені жөнінде әңгімелер бар. Бір қызығы осылар бұл күні Мұқағалидің шын жоқтаушылары болып жүр. Тіпті, Мұқағали өмірден өткен 1976 жылдары мектеп табалдырығын жаңа аттаған, бүгінде өнер саласында жүргендер бәзбіреулер Мұқағали ақын жөнінде естеліктер жаза бастады. Әкесі Мұқағалимен сыра ішкенде қасында болыпты-мыс. Парадокс. «Парадокс» емес-ау, барып тұрған сұмдық.
Осы арда тағы да белгілі жазушы Бексұлтан Нұржакеев ағамыздың; "Мұқағалидің шын, ақ адал бейнесін оның көзін көрген адамдар барда жазып қалдыруымыз керек. Болмаса келер ұрпаққа Мұқағали тек маскүнем ретінде елестеуі мүмкін. Ол бәзбіреулер айтқандай "маскүнем" болса небары 46 жас жасаған ол осыншама жауһар дүниелерді жазып үлгерер ме еді"- деген аталы сөзін оқырмандардың құлағына іле кеткім келеді. Осы үдеден келгенде Жұмаш Өтеев өзінің азаматтық парызын қапысыз орындаған. Неге десеңіз, жинақта автордың Мұқағалидің бірге өскен жерлес бауырларының өз аузынан жазып алған естеліктері берілген. Естеліктерден сонау бала кезінен-ақ Мұқағалидің бойындағы азаматтықты, тектілікті байқауға болады. Оның біраз өлеңдеріндегі балалық шақтың суреттерін сол кездегі бастан кешкен оқиғаларынан көруге болады. Мәселен, "Жылқыбайдың жүрегі" атты өлеңінің айтуға болады. Жылқыбай қарияның соғыс кезінде ауылдың шетіндегі су тиірменін ұстағанын сабақтан қайтқан жетім балалардың осы тиірменге асығатынын, мейрімді қарттың жетім балаларға уыс-уыс талқан беретіні суретеледі емес пе. Тіпті, Мұқағалидің кез-келген өлеңдеріндегі көзің оттай ыстық бейнелерді осынау жинақты оқи отырып көз алдыңа елестетеуге болады. Кейінен ғажайып өлеңге айналған Мұқаң тақиясын сұрап алатын кейіпкердің кім екеніне де көзіңіз жетеді. Мұқағалидің күнделіктеріндегі "тек шындықты жырлау керек" пікірін де есіңізге түсіресіз. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали мен оның ғажайып поэзиясының кейіпкерлеріне кездесесіз. Олардың ортасында жүрген Мұқағалидің тау тұлғалы, ақ жарқын бейнесі де қылаң береді.
Автор, сонымен бірге, Махамбет, Абай, Қасым поэзиясы жайлы кеңінен толғайды. Олардың Мұқағали шығармашылығындағы әсері, үндестігі тап басылады.
Сондай-ақ, оның кезінде мерзімді басылымдарда жарияланған рецензиялары да тұщымды оқылады. Көрнекті қаламгерлер Қабдеш Жұмағұлов, Бексұлтан Нұржакеев, Еркін Ібітанов басқа да қаламгерлердің шығармалары жайлы пікірлері, олардың шығармашылық жетістіктері жайлы толғаныстары шынайлығымен ерекшеленеді.
Түйіндей айтқанда, алыс ауылда тұратын қаламгердің бұл жинағы бүгінгі оқырмандарына да, Мұқағалидің тағдыры қызықтыратын кімге болса да қажетті құнды еңбек деп ойлаймыз.
Серікжан ҚАЖИ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Пікір қалдыру