Ақтөбеде өткен айтыс ғасырлар қойнауынан келе жатқан қасиетті өнердің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеп берді. Халықтың сөз сайысына деген ыстық ықыласына қылаудай сызат түсіп көрген емес.
Айтыс арқылы киелі сөздің құдіреті бұрынғы биіктеген үстіне биіктеп аспандап келеді. Қарап тұрсаң, сарқылмас қайнар бұлақ секілді құйылып жатқан қазына. Осыған тағы бір көз жеткізіп қайттым.
Тілдің байлығы – ұлттың ішкі күш-қуатының белгісі.
Көргеніне көркем сөзбен баға бере білетін халықтың парасат-пайымы биік болады.
Халықтық тәрбиеге уызынан жарыған, кісіліктің тұма бұлағынан қанып ішкен адам ғана тауып айтылған уәжге қонақ беріп, сөз додасында олқы түскенін мойындайды. Күнделікті тұрмыста көпе-көрінеу қисық қаққан шегесін мойындамай жататындар болмай ма. Оған қарағанда, шаршы топтың алдында, шабыт буып отырған жерінде, шауып келе жатқан тұлпардың басын тартқандай бұл әрекетті қалай ерлік демессің.

Қазақтың сөзінің қадірі бар жерде, ұлттың болмыс-бітімі жарқырай көрініс береді. Осыны тағы бір ұққандай болдым.
Тәубе, тіл байлығы шұрайлы, ойы сұлу ұл-қыздар қатары толығып келеді. Талантты жастардың өсіп келе жатқаны көз қуантады. Шүкіршілік етер жөніміз бар, өйткені барлық уақытта бірдей бұлай болды деп айтуға бола ма. Шыққыр көз бен керең болғыр құлақ баяғыда үлкендердің: «Басымызға құран оқитын молда болар ма екен», – деп жылағанын көрген де, естіген де. Ащы шындық. Айтыс осындай ауыртпалықтардың арасынан тот баспайтын ақ алмастай жарқылдап жетті.
Ата-бабамыздан келе жатқан асыл өнердің арнасы суалмаған екен. Қошеметпен құптайтын халқы бар, желмен жарысқан жүйріктей талантты жастар шоғыры қалыптасқан. Көзге түсіп дараланып қалғандары айтыс өткен сайын жаңа қырынан танылып жарқырап жатса, әр сөз сайысында бір жұлдыз жарқырап жанады. Бұл жолы да солай болды.
Бір ауыз сөзбен айтсам, Ақтөбеде төгілген маржан жыр, түйінді толғау мені осылай қанаттандырды.
«Алтын домбыра» Жандарбек Бұлғақовтың қанжығасына байланды. Құтты болсын!
Қаныңды қоздырып, жаныңа жігер беретін рухты бәйгені «көрген де арманда, көрмеген де арманда» ғой деп ойлаймын. Айтыс өнері құр қызығушылықпен қарап артынан ұмытып жүре беретін «біркүндік шоудан» айырмасы хатқа түсіп қана қоймай, ғылым пәніне айналды. Алды Мұқтар Әуезовтен басталып, аяғы бүгінгі жас ғалымдарға дейін жалықпай қалам тербеп келеді. Жан-жақты талданып зерттелуде. Әр айтыскер ақынның мақам үлгісінен бастап, сөз саптауы, сахнада өзін ұстауы деген дүниелер туралы біраз пікірлер айтылды. Жазылар да.
Айтыс өнерінің иесі – халық. Еліміз аман тұрғанда бұл өнердің абыройы асқақ, мерейі үстем бола береді. Сондықтан, «күн сөнгенше азат ел болайық».
Ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Қажығали Мұхамбетқалиұлы