Әнші Қарақат Әбілдина "Алаш айнасы" газетіне сұхбат беріп, өзін сыртынан тәкәппар деп айтатындарға қарсы шықты.
"Көп адамның аузына қақпақ бола алмайтынымыз рас. Пікірін өзгерте алмаймыз. Келісетін тұсым, сырт көзге көкіректеу, тәкәппар көрінеді деп сахнаға шыққалы бері мен туралы осындай пікір қалыптасқан. Өзімді олай деп есептемеймін. Мен туралы пікірді менімен бірге біте қайнасып жүрген жандардан сұраған абзал болар", - деді Қарақат.
Ол осы жетістікке жетіп, халықтың сүйікті әншісі атануына бірден-бір себепкер болған өзінің жары Қыдырәлі Болманов екенін атап өткен.
"Мен ондай едім, мен мұндай едім" деп айту әбестік болар. Мені сахнаға алып шыққан да, елге таныстырған да, өмірде де, өнерде де, қас қабағыма қарап, жан дүниеме бүкіл жылулықты аямай төгіп жүрген менің жан жарым Қыдыр. Оны мен айтудан жалықпаймын. "Күйеуінің алдына шығып кетті, дауысы күйеуінікін басып кетті" деген пікірлерді де естимін. Олай емес бұлай деп айтудан аулақпын. Оны көру керек, оны сезіну керек", - деді әнші.
Қарақат Әбілдина ешкімнің аузына қақпақ болмайтынын, бірақ қандай жағдай болса да, жақсылықты айтуға әуестену керектігін жеткізген.
"Әр көрерменнің өз пікірі бар. Қайсысын болмасын жамандыққа емес, жақсы жағына қарай бұрса екен. Біз де бір қазақтың кішкентай отбасымыз. Өзімізше бақытты болсақ, кейінгілерге үлгі болса деп жүрген жандармыз. Осындай шаңырақтың әрі қарай гүлденіп кетуіне халық болып демегеннің орнына өкінішке қарай, тырнақтың астынан кір іздеп, артқа қарай тартқылары келеді. Өзіміз санаулы ғана қазақпыз. Сондықтан бір бірімізге жақсылық тілеп, демеу болсақ жараспай ма?", - деп түйіндеді әнші өз ойын. "Nur.kz"