Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ. Қазақ көші қай тұрғыдан да маңызды

/uploads/thumbnail/20170708164455491_small.jpg

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары:

Қазақ көші қай тұрғыдан да маңызды

–Аға, бір топ жігіттер қоғамдық бірлестік құрып, «Ұлт мұраты» атты газет аштық. Осы орайда, қандай ақыл кеңес айтар едіңіз?

– Қазір ұлттық мәселелер, әсіресе тіл мәселесі жан-жақты айтылып жатыр. Ал енді меніңше, «бүгінгі таңда қазақ халқы үшін, қазақ ұлт болып қалыптасуы үшін не керек?» деген сұраққа жауап іздеу керек. 80-жылдардың аяғында «Қызыл кітапқа кірген халық» деген көлемді циклдық мақала жазғанмын. Сонда «қазақ ұлт ретінде жойылады» деп жазып едім. Аллаға шүкір, ол жағдайдан өттік. Кезінде Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар болса, қазір елуден аса қазақ мектебі бар. Бұл қуантатын жағдай. «Ұлт мұратын жүзеге асыру үшін не істеу керек?» дегенде, қазіргі таңда ұлттың, жалпы халықтың бәсекелестігі мықты болуы керек. Құр әншейін «Ұлт болайық, ел болайық» деп сөйлегеннен ештеңе шықпайды. Бәсекелестік болмаса, ол өте қиын жағдай. Қазіргі таңда ең алдымен еңбекте, істе бәсекелестік болуы керек. Соңғы кездері «Қазақ бәсекелестікке дайын ба?» деп жиі жазып жүрмін. «Тәуелсіздік алдық, ел болдық, жеке мемлекет болдық» деп жүрміз ғой. Тәуелсіздікті сақтап, ұлтты дамытуда қажет дүниенің бірі – бәсекелестік. Спортта, өнерде, әдебиетте, жалпы кез келген салада бәсекелестік болмаса, қиын. Ал ең негізгі бәсеке еңбекте болуы тиіс. Еңбектегі бәсеке дегеніміз не? Ең алдымен адам өзінің киетін киімін өзі тігіп киуі керек, ішер тамағын өзі табуы керек. Яғни өндіру керек. Осы тұрғыдан келгенде әсіресе қазақ халқы бәсекелестікте кейін қалып отыр. Тіл мәселесін жиі айтамыз. Біз ол кезеңнен өттік. Бәсекелестікке қабілеттілігімізді арттыру аса маңызды. Мысалы, кез келген қазақтың аяғындағы шұлығы, бәтеңкесі, үстіндегі киімі, тіпті бас киіміне дейін түгел шетелден, әсіресе Қытайдан әкелінген. Ұлы сөзде ұят жоқ, қазақ, тіпті, ішкі киіміне дейін өзі тігіп ала алмай отыр.

–Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Қазақ неге өз киімін өзі тігіп кие алмай отыр?

–Қытайға барып көрдім. Ол жерде киімдерді тігу үшін облыс былай тұрсын, кішігірім аудандардан цех ашып, бірнеше адам бірігіп киім тігеді екен. Бұл жерде мәселе ұйымдастырушылықта. Қазақ неге бәсекеге қабілетсіз? Өйткені ұйымдастыру жоқ. «Қазақ ұлы халық, данышпан халық» деп оңды солды мақтай беруге болмайды. Мен бұған қарсымын. Өзінің киімін тігіп, кие алмай отырған халық қалайша данышпан болады? Киімді қойыңызшы, көлік, тамақ өндіруде де кешеуілдеп отырмыз ғой. Жақында «Ресейде ет қымбаттады» деп жаппай жамырадық. Біз етті Перуден, Бразилиядан, Австралиядан әкеліп отырмыз. Ұлан ғайыр жер мен жайылымымыз бар. Сол жер он жеті миллион халықты қамтамасыз етуге сеп болар еді. Жуырда елге бардым. Қызылордадағы Мұстафа Шоқай ауылы ғой. Ауылдың арғы шеті мен бергі шетінде екі су каналы бар. Бұрынғы біз тұрған үйдің орнын су басып кеткен. Соны пайдаланып, ауыл тұрғындары егін ексе болады ғой. Жалпы, кез келген ауылда егін, мал шаруашылығымен айналысуға болады. Бұл істе билік те, халық та қарап қалмау керек. Бірақ барлығы да құлықсыз. Жамбыл облысында дүңгендер көп. Олар жерді тиімді пайдаланып, егін егіп, сонымен күн көріп отыр. Ал енді сол дүңгендермен көршілес тұратын қазақ ауылына бара қалсаң, түк жоқ. Бізде қит етсе, Үкіметті сынайды. Дегенмен халықтың еңбек етуіне қазір азды көпті жағдай жасалған ғой. Мәселен, бұрынғы заманда біздің ауылда су каналы болмаған. Халық өздері жерді қазып, су алып, тіршілік еткен. Ал қазір жағдай бар, бірақ ынта жоқ.

–Еңбекке деген көзқарасты өзгертетін үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жасай алмай отырған жоқпыз ба?

–Осы орайда айта кету керек, жалпы қазақтың еңбекке деген бейімділігі онша емес. Бұдан құтылу үшін не істеу керек? Нақты идеологиялық қадамдар керек. Идеология деген тек үгіт, насихат, билікті орынсыз мақтау емес. Ең алдымен идеология – халықтың санасын өзгерту. Билік халықты тиімді еңбек етуге бастаудың жолын қарастыру керек. Құдайға шүкір, ақша бөлініп жатыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға миллиардтап ақша бөледі. Бірақ нәтиже жоқ. Ақша бірінші орында тұрмауы керек. «Ақша бөлінді, осымен болды» деу қателік. Халыққа еңбек етуді насихаттау керек. Осы тұрғыдан алғанда «Ұлт мұраты» газетінің бағыты дұрыс. Жалпы қазақ тойға құмар халық қой. Қарапайым халықты былай қойғанда, Үкіметте түрлі жиындар, мәжілістер өткізуде әлемде бірінші орында тұрған сияқтымыз. Ауылдағы біреудің мерейтойын өткізуден бастап, ірі халықаралық жиындар жасауда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ сол жиында айтылған мәселелер жүзеге асырылып жатыр ма? Қадағалап отырған ешкім жоқ. Тіпті, Елбасының Жолдауларында айтылған мәселелердің орындалуын бақылайтын жан жоқ. Егер Жолдауда айтылғандардың тым құрығанда елу пайызы орындалса, жағдай басқаша болар еді. Ал енді идеологияны жүзеге асыру жағына келер болсақ, бұл істе ақпарат құралдарының, әсіресе телевидениенің атқарар рөлі зор. Қазір біздің телевидение тек шоуға кеткен, шоудың ордасына айналған. Таңертеңнен кешке дейін бәленбай шоу, түгенбай шоу деп сансыз шоумен халықты еңбекке емес, үйде жатып концерт, шоу көруге шақырады. Сосын әлемді жаулаған телехикаялар мезі етті. Дамыған елдердің телеарналарын көріңізші. Әсіресе, Қытайда әр жарты сағат сайын еңбекке, жұмыс істеуге шақыратын жарнамалар беріледі. Біздегі жарнамалар қандай? Жарнамалардың ең кем дегенде елу пайызы халықты еңбек етуге шақыруы керек. Сондықтан Үкіметтің және ақпарат құралдарының жалпы саясаты халықты еңбекке жұмылдыруы тиіс. Бөлінген ақшаны дұрыс бағытқа тиімді жұмсау керек. Сосын осыдан он бес жыл бұрын жаздым, қаптаған университеттердің пайдасынан зияны көп. Қазір барлық отбасында балалары міндетті түрде жоғары білім алуы керек деген ұғым қалыптасқан. Бұл қате. Бір үйде он бала болса, оны түгел жоғары білімді болуы керек. Ал сол университет бітіргендердің тек жиырма, отыз пайызы ғана жұмыспен қамтылады. Қалған жетпіс пайызы жұмыссыздардың санын көбейтеді. Мейлі қызыл димлом алып, шетелде оқып келсе де, егер жыл сайын мың заңгер, мың банк маманы керек болса, университет бітірген он мың адамның тек мыңы жұмыспен қамтылады да, қалған тоғыз мыңы далада қалады.

–Кәсіпкерлік туралы көп айтамыз. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдар ақшасын моншаға, дәріханаға тым болмаса жанармай бекетін ашуға жұмсайды. Біз неге өндірістік бизнеспен айналыспаймыз?

–Осы жерде бір қателік туралы айтайық. Кез келген ауылда той бизнесі жақсы дамыған. Бұл халыққа пайда әкелмейді. Қаптаған той, қаптаған жиын халықты титықтатып, түбіне жетеді. Дүниежүзінде той тойлап, асыр салып жүрген мемлекет жоқ. Жуырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жиыны Германияда – Мюнхенде өтті. Сол жердегі біз тұрақтаған қонақүйдің алдында екі жастың тойын жасады. Бар жоғы он шақты адам жиналды сол тойға. Жас жұбайлардың киімі де тым қарапайым. Біздікіндей аста төк дастархан жоқ.

–Меніңше, Қазақстанда адамдар жұмыс емес, кәсіпорындар жұмысшыларды іздеуі керек. Өйткені ұлан ғайыр жеріміз бар. Халқымыз бар жоғы он жеті миллион. Бірақ соған қарамастан шетелден мамандарды тартамыз...

–Қазақ ауылдарында жұмыс жоқ деп ел жұрт түгел зарлайды. Ал Қазақстанға өзге елден қанша жұмыс күші келіп жатыр. Елімізде Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстаннан, тіпті қазір Ресейден келіп жұмыс істейді адамдар. Ал біздің қазақтар елде жұмыс жоқ деп отыр.

– Енді осы ойды, сананы өзгерту үшін не істеу керек, аға?

– Ең бірінші қазақтың ұғымын өзгерту керек. Қазаққа: «Айналайын, балаң бір немесе екі университет бітіріп, диплом алғанмен түк шықпайды, далада қалады» деп айтатын адам керек. Қазір кез келген мекеменің күзетшісінен сұрай қалсаң, бір немесе екі дипломы барын айтады. Ауылдағы халық «жұмыс жоқ» деп зарлап жылайды. Сөйтіп жүргенде шетелден жұмыс күші келіп, жұмыс істеп, ақшаны күректеп алып кетеді.

– Осыған не себеп? Біздің заңдар осал емес пе? Бәлкім, шетелдік жұмыс күші арзанға жұмыс істейді, ал біздің қазақ аз ақшаны місе тұтпайтын шығар?

– Неге місе тұтпайды? Ауылдағы ағайын алпыс-жетпіс мыңға жұмыс істесе несі жаман? Мәселе басқада. Жұмыс беруші қолынан іс келетін, тиянақты орындайтын адамға жұмыс жасатады. Бір ғана мысал айтайын. Кабинетімнің ішкі есігін қазақтарға жасаттым. Жасалған есік не дұрыс ашылмай, не жабылмай әбден мазаны алды. Ал оның ар жағындағы есікті орысқа жасаттым. Уақытын, ақысын айтты, келді, тез арада тиянақтап бітіріп кетті. Жұмыс беретін адам жұмысшысы қазақ па, орыс па, кәріс пе, оған қарамайды. Оны жұмыстың сапасы көбірек қызықтырады. Қолынан іс келетін адамға жұмыс береді. Өзбекстан болсын, Тәжікстан болсын, өзге елдің азаматтары ерінбейді, бәрін жалықпай орындайды. Сондықтан ауылдың адамдарын кәсіпке бейімдеу керек.

– Елбасымыз отбасылық бизнесті дамыту туралы айтты. Ата бабаларымыз ежелден мал бағу, егін егу, оның өнімін реттеумен айналысқан ғой. Мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Болат Сауранбаевқа: «Алматыны дамытпау жөнінде мәселе қарадыңыздар ма?» деген сұрақты төтесінен қойдым. Себебі, екі үлкен қала бүкіл халықты асырай алмайды. Сол үшін өңірлерді, ауылдарды дамыту керек. Сол кезде ірі қалаларда қылмыс та азаяр еді, экологиялық мәселелер, жол көлік мәселесі де реттелер еді. Соны ойластыру керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Айтып тұрған мәселең дұрыс. Біз баланы «Оқы, шетел көресің, байып кетесің» деп тәрбиелейміз. Баланың білімі мен икемі болса ол бәріне өзі қол жеткізеді. Ең алдымен біз балаларды кәсіпке бейімдемейміз. Ауылда өскен бала қалаға келіп, төрт-бес жыл оқиды. Дипломын алып не сандалып жүреді, не ауылға қайтады. Ауылдағы қазақ баласы не үй сала алмайды, не дәнекерлеуші бола алмайды. Содан жұмыссыз қалады. Ақырында араққа салынады. Жоғалады. Бұл мәселені билік шешу керек. Президентке жеткізу керек деген бөлек әңгіме, ең алдымен ата-ана бұған ерекше мән беруі керек. Өйткені ата-ана баласының неге бейім екенін біледі ғой. Баланы отырғызып: «Қолыңнан не келеді?» деп сұрап, сол іске бейімдеу ата-ананың шаруасы. Бала мал баға ала ма? Соған жібер. Қалтаңнан ақша шығарып, баланы оқытып, әуре-сарсаңға түспе. Оны төрт жыл сандалтып, дарақыланып, пайдасыз диплом үшін миллиондап ақша жұмсағанша, кәсіптік білім беру мекемесінде оқыт. Үй салып, егін егіп үйренсін. Сонда ғана қазақ жұмыссыз қалмайды.

– Осы тұста, аға, сырттағы ағайынды елге тарту арқылы да бұған азды көпті үлес қосуға болатын сияқты. Өйткені алыс елдерді айтпағанда, көршілес өзбек, қытай елінен келетін ағайындардың барлығы еңбекке, кәсіпке жақын. Олар Үкіметтен көп нәрсе сұрап, алақан жайып отырмайды. Олар тек тұрақты тіркеуі мен үй салатын жері болса, ары қарай шаруасын дөңгелетіп кете береді. Кәсіпкерлікті дамыту үшін біраз жағдайлар жасалып та жатыр. Сондықтан көршілес мемлекеттерден елге оралатын ағайын тек демографиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, қазақы қасиеттер мен қабілеттерді көбейту тұрғысынан да көмектесетін сияқты. Осыған не дейсіз?

– Шетелдерден жалпы миллионға жуық адам келіпті. Әсіресе, Өзбекстаннан келген ағайын көп. Олардың пайдасы да аз емес. Өйткені олар өзбек халқынан отырықшы кәсіпкерлікті жақсы үйренген. Еңбекке бейім. Қытайдағы ағайын да егіншілікті, мал шаруашылығын, шаруашылығын, ұсақ кәсіпкерлікті жақсы меңгерген. Шынын айта керек, елдегі өз азаматтарымыздан гөрі, шеттен келген ағайын кәсіпке, еңбекке аса бейім. Сондықтан меніңше, бұл газетте шетелдегі ағайынды Қазақстанға қалай келтіру керек, қалай жағдайын жасау керек, экономиканың қай салаларына тиімді етіп тарту керек деген мәселелер қарастырылуы тиіс. Осы жерде айтып өтетін тағы бір мәселе бар. Соңғы кездері оралманның имиджі қатты төмендеді. «Оралмандар күн көре алмай, қаңғып жүр» деген сыңайдағы әңгімелер көп тарады. Негізінде елге оралған азаматтардың тоқсан тоғыз пайызы тиімді еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Сол себепті, «Ұлт мұраты» газетінде оралмандардың жағдайы, олардың елдегі тыныс тіршілігі, тигізер пайдасы туралы жазылуы керек. Олар тілді, салтты, дәстүрді, ағайынға жақындықты жақсы сақтаған. Кей кезде асарлатып, бір біріне қолұшын созып, көмектеседі. Ұйымшылдық бар. Сондықтан оралмандардың осындай қасиеттері мен ел дамуына қосар үлесі жайлы көбірек насихатталса екен деймін.

– 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Көп ағайын «Қауымдастық шеттен оралмандарды тартумен ғана айналысады» деп шатасады. Бірақ бұл қауымдастық шеттегі ағайынның мәселесіне биліктің назарын аудартып, этникалық қазақтардың атамекенге оралуына сеп болып, алыстағы ағайынның жанайқайын Үкіметке жеткізеді. Сіз осы қауымдастықтың басы- қасында жүрсіз. Қандастардың елге оралуына, олардың мәдени-рухани талаптарының қанағаттандырылуы мен көші-қон мәселелерінің ұнамды шешілуіне зор еңбек сіңіргеніңізді оқырман жақсы біледі. Өзбекстандағы, әсіресе Қарақалпақстандағы ағайынның елге оралуына «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Еншісі бөлінбеген ел едік» деген мақалаңыз ықпал еткенін білемін. Осы жайында айтып берсеңіз, жалпы бұл қалай болып еді?

– 1989 жылы Қарақалпақстанға баруыма шығармашылығым себеп болды. Қарақалпақстанда бес пьесам қойылды. Оның ішінде «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біздер де ғашық болғанбыз» сияқты пьесаларым бар. Драматург ретінде Қарақалпақстанға барғанда ағайындарды аралап, қазақтар қалың қоныстанған өңірлерде болдық. Сөйтіп елге келгенде «Қазақ әдебиетіне» еншісі бөлінбеген ел едік деп, шалғайдағы халықтың рухани, мәдени талаптарын орындайық деп мақала жаздым. Ол кезде қазіргідей емес, газетте жарияланған мақалаға назар аударылатын. Өзбекстан тарапы мақалаға селт етіп, Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің хатшысы Шараф Уснатдинов бастаған бір топ азаматтар осында келді. Сонан соң, қайтадан кездесу өткізіп, айтылған мәселелер «Қазақ әдебиетіне» басылды. Бір айдан кейін екі елдің арасындағы мәдени байланысты қалай күшейтеміз деген үлкен дөңгелек үстел өтті. Оған ҚКП ОК хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков, бөлім меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков араласып дөңгелек үстел жақсы өтті. Меніңше, бұл шетелдегі ағайынның мәселесін көтерген алғашқы мақалалардың бірі болды. Сосын екі елдің арасындағы байланыс нығая түсті. Өйткені «Қазақ әдебиеті» газеті отыз мың тиражбен тарайтын. Сол үлкен көштің бастамасы болды деп ойлаймын. Сонан соң 1992 жылы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» құрылды. Ол кезде Моңғолиядан алғашқы көш келді. 1993 жылы «Егемен Қазақстанда» «Қазыналы көштің қадірін білейік» деген мақалам жарияланды. Мақалада Моңғолиядан келген ағайынның мәселесі жайлы жазылды. Содан бері ағайынның елге оралуына араласып келеміз. Сол жылы Елбасына көші-қон мәселесі туралы айтылды. Соның арқасында Қарақалпақстан мен қазақ елін байланыстыратын «Алматы – Нөкіс» теміржол қатынасы ашылды. Осы тұста айта кету керек, егер біз оралмандар, жалпы шетел қазақтарының мәселесін дұрыс қойсақ, нақтыласақ, барлық мәселелер шешілер еді. Өкінішке қарай, соңғы кездері ешқандай заңға сәйкес келмейтін, экономикалық әлеуметтік мәселелерге сәйкестендірілмейтін ұсыныстар жиі айтылады. Сосын алып- қашпа әңгімелер көп. Содықтан осы газет оралмандарға қатысты мәселелер дұрыс, заңға сәйкес, әділ айтылғанын қадағаласа екен деймін.

– Биыл енді көші-қон мәселесіне қатты мән беріліп жатыр. Әрине, бұл жерде айтып кетпесе болмас. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында бізбен бірге болған Украинадағы жағдай биліктің тез ес жиюына сеп болған сияқты. Елбасы Үкіметке тапсырма беріп, «Көші-қон» туралы заң жедел түрде қайта қарастырылып жатыр. Осыны қарау барысында Үкімет басшысы өңір-өңірді аралап, жиындар өткізді. Кей өңірлердегі жиындарға сіз де қатыстыңыз. Осы мәселе жөнінде не айтасыз?

Биыл шілде айында Таразда Кәрім Мәсімовтың қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол жиында шетелдегі ағайынға қатысты мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Аллаға шүкір, жұмыстар да атқарылып жатыр. «Көші- қон» туралы жаңа Заң қабылданайын деп жатыр.

– Бұл заңнан қандай жаңалықтар күтуге болады?

– Ең алдымен бұл заң көші-қонды бір жүйеге түсіреді деп ойлаймын. Азаматтардың шетелден шығып, Қазақстанға келуіне дейінгі көші-қон жолы, жүйесі заңдық негізде реттелуі керек. «Оралмандар төрт жылдан кейін азаматтық алады» делінген қазіргі заңда. Осы мәселе де қарастырылады. Әрине, бір ғана заң барлық мәселені ешпейді. Қазір біраз ұсыныстар айтылып жатыр. Қолданыстағы заң да жаман емес, бірақ түсінік жағы әлсіз. Оралмандардың ең үлкен мәселесі – алыс шетелден келетін азаматтардың виза мәселесі. Осы тұста оралмандардың заңдық білімін жетілдіру қажет. Өткенде Үрімжіде болып, ол жақтағы ағайынның мәселесін біраз тыңдадық. Сонда түсінгенім, алыс шетелдегі қазақтардың бас ауыртар басты мәселесі –елге келгендегі визасы екен. Визаның бірнеше түрі болады. Жұмыс бойынша виза, қонаққа келгендегі бірнеше күндік виза, Қазақстанда тұрақты қалуға ниеттенген адамның визасы басқа болады. Ал біздің ағайындар қонаққа келдім деп виза аштырады да, елде қалып қояды. Көптеген түсінбеушіліктер осыдан туындайды. Сондықтан ол жақтағы ағайын елге не үшін келетінін анықтап, шешіп алуы керек. Сонан соң, шеттегі ағайынды сауаттандыру керек. «Ұлт мұраты» газеті бұған сеп болады деп сенемін.

– Бұл мәселе жазылар, бірақ ол жақтағы ағайынға қалай жеткіземіз? Бәлкім, газетті ол жақтарға тарату мәселесін, сайттарда төте жазумен жазып, түсінікті ету керек шығар?

– Иә, бұл да дұрыс. Өйткені Үрімжідегі жігіттермен сөйлескенімде, «Біз визаны қалай алуымыз керек, оның қандай түрлері болатыны жайлы білмейміз» деген. Сосын қазақтар көп шоғырланған Үрімжі, Нөкіс, Ташкент сияқты қалаларда Қазақстан көші-қонының консулдықтары ашылуы керек. Әр елде елшіліктеріміз бар. Сол елшіліктерде көші-қон мәселесімен айналысатын консулдық болғаны дұрыс. Оған бөлек штат ашылуы керек. Бұл мәселе жаңа заңда жазылған. Мәселен, Германия, Израильге баратын болсаңыз, сіздің барлық құжаттарыңыз алдын ала тексеруден өтеді. Сотталмағаныңыз туралы, жұмысыңыз, аталмыш елге барудағы мақсатыңызды айқындайтын анықтамалар алынады. Міне, осындай жүйені бізге де енізу керек. Елге оралғысы келетін азаматтың барлық құжаттары алдын ала Қазақстанға жіберіліп, қарастырылуы керек. Сонан соң азаматтық алу мәселесі талқыланады. Мұндай жүйе көршілес Ресейде де бар. Әр елдегі елшіліктерде көші-қон туралы консулдықтардағы мамандар Қазақстанға көшуге ниетті азамттарға қандай құжат жинауы керектігі, тіркеуден шығарылуы тиістігі туралы кеңестер беріп тұрса болады. Бұл, меніңше, қиын шаруа емес. Ал бұл мәселелер БАҚ-та жарияланып тұруы тиіс.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Айтылған мәселелер оңтайлы шешімін табады деп сенеміз.

Сұхбаттасқан Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Дереккөз: "Ұлт мұраты" газеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар