КСРО және Ресей Федеральдық қауіпсіздік қызметінің қазақ барлаушысы, БҰҰ-ның Бітімгершілік корпусы қолбасшысының кеңесшісі жерлесіміз Әли Қыстауов туралы
Жер жүзінде 6 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде тілдік ерекшеліктері бір-біріне ұқсайтын біршама тілдер бар. Сол көп тілдердің арасында ешбір тілге кірікпейтін, тіпті, дауыс интонациясының өзінде ерекшеленген бір тіл бар екен. Ол – кхмер тілі. Дүниедегі ең қиын тіл деп саналатын қытай тілінен 7 есе күрделі кхмер тілін білу үшін сол ұлттың өкілі болып туу керек деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, сол тілді толық мәнінде меңгерген бұрынғы КСРО-дағы 7 адамның бірі – біздің жерлесіміз Әли Қыстауов. Қазір ол тілді білетін ұлты қазақ азаматы жоқ. Себебі, Әли Қыстауов 2005 жылы белгісіз жағдайда Мәскеу қаласында қайтыс болды.
Ол туралы ешбір бұқаралық ақпарат құралдары жазбады. Жазуға, көрсетуге рұқсат берілмеді. Тірі кезінде де ол туралы ешбір анықтамалықтар да жазылмады. Осы мақаланы дайындау барысында менен Әлидің руын, ата тегін сұраушылар да болды. Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Мұндай да азаматтың руын да айтқан жөн болар. Сөйтсек, бұл азаматтың руы – Шөмекей болып шықты.
Әли Ахметбекұлы Қыстауов 1949 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында Қазақстанның көрнекті мемлекет және партия қайраткері, бұрынғы Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, мақта министрі Ахметбек Қыстауовтың отбасында дүниеге келген.
Жастайынан алғыр Әли орта мектепті бітірген соң, 1970 жылы Алматы шет тілдер институтын бітіреді. Институттан соң, осында оқытушылыққа қалдырылады. Аға оқытушы, факультет деканының орынбасары қызметін атқарады. Ол осы қызметте өзінің алғырлығын көрсете біледі. Осыдан соң 1976 жылы қауіпсіздік қызметіне шақырылады. Ол кезде бұл құпия ұйымға шет тілін білетін мамандар аса қажет еді. Әлидің ісімен бірден КСРО-ның қауіпсіздік қызметі айналысады. Арнаулы процедуралардан өткен соң Әли Ахметбекұлы бірден КСРО Қауіпсіздік комитетінің Бірінші бас басқармасының офицері болып қызметке алынады. Бұл басқарма өзге құрылымдардан бөлек, дара құпияланған грифпен жұмыс жасайтын ұйым болатын. Бір-бірін сырттан бақылайтын бұл басқармада әбден тіл сындырғыш сынынан өткен және ортада иммунитетін қалыптастырған тәжірибелі резиденттер жұмыс істейтін. Арнаулы шифрограммалармен оқытылған оларды құпия түрде шет ел асыратын. Біздің жерлесімізді қысқа дайындықтан соң, Үндіқытай түбегіне ұзақ мерзімге «іссапарға» жібереді.
1968 жылдан бастап Үндіқытай түбегінде кең көлемде соғыс оты тұтанады. Ол түбектегі бір ғана елде емес, аймақта орналасқан барлық елдерді қамтыды. Алдымен Солтүстік Вьетнам мен Вьетконг (Оңтүстік Вьетнамның коммунистік бағыттағы күштері) оңтүстіквьетнамдық күштерге қарсы соғыс ашты.
1970 жылы АҚШ пен Оңтүстік Вьетнам әскери күштері бейбіт жатқан Камбоджаға баса-көктеп кіріп, вьетконгтардың көзін құртып, генерал Лон Нол басқаратын Камбоджа үкіметіне қолдау білдіреді. Сол жылдың орта шенінде 8 мыңдық американдық әскерилер елді тастап шықты. Ал оңтүстіквьетнамдық әскерлер Камбоджада 1973 жылға дейін болды.
1973 жылы АҚШ Конгресі кез келген американдық қарудың Үндіқытай түбегінде қолданылуына қарсылық білдірген заң қабылдайды. Осыдан соң, түбектен американ әскерилері түпкілікті шығарылады. Бұл түбекте орналасқан елдердің жарты жеңісіндей еді.
Жалпы, Камбоджа – өз тәуелсіздігін 1953 жылы жариялаған мемлекет. 1970 жылы елде монархия жойылып, оның орнына Кхмер Республикасы жарияланады. Осыдан соң, 1975 жылы тақтан құлатылған ханзада Сианук Бейжіңнен ел астанасы Пномпеньге оралады. Алайда, ол 1976 жылы Демократиялық Компучия Республикасының құрылғанынан кейін, елді екінші мәрте тастап шығады. Пол Пот басқарған «қызыл кхмерлер» Үкіметі елде коммунизмді орнықтыру ниетімен қырғын орнатады. 1979 жылы Вьетнам әскерлері Камбоджаға көмекке келіп, 1 миллионға жуық жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан Пол Поттық режимді құлатып, үкімет билігін Ұлтты құтқарудың Біртұтас майданына ұстатады. Хенг Самрин басқарған үкіметке КСРО мен Вьетнам жан-жақты қолдау білдіреді. Вьетнам әскерлері елде 1989 жылға дейін болады. Олар ұзақ уақыт «қызыл кхмерлермен» партизандық соғыс жүргізеді. Дәл осы кезде оларға КСРО әскери-техникалық, гуманитарлық көмек көрсетеді. Сол тұстары Монғолия КСРО-ның 16-Республикасы аталса, үндіқытайдағы Вьетнам 17-Республика аталып кеткен-ді. Кейін бұл қатарға демократиялық жолға түскен Камбоджа қосылады. Бұл екі елді бүкіл социалистік лагерьдегі барлық мемлекеттер тануға мәжбүр болады және олардың саяси басшылығын қолдап шығады.
Бұл әрине, КСРО-ның ықпалымен болған іс еді. Тұтас халықтың екіге жарылып, бір-бірімен соғысуы да екі жүйеге бөлінуінен туындаған болатын. Ал КСРО-ның бүкіл саяси көзқарасы оңтүстік-шығыс азиядағы өз плацдармын күшейтуге сайды. Мұндайда әскери көмекпен бірге адами ресурс та көп араласты. Кеңес басшылығы ерекше құпия түрде түбекте арнаулы дайындалған әскерилердің бір топ контингентін ұстауына тура келеді. Әйтпесе, түбек халқы капиталистік бағытты таңдауға ықтимал еді. Бұл – Кеңес елінің оңтүстік-шығыс азиядағы көзқарасын көпе-көрнеу Америкаға басыбайлы беріп қоюмен тең болатын. Оның үстіне Біріккен Ұлттар Ұйымы Камбоджаны оқшаулауға қарар шығарып, халықаралық қауымдастықты, оның ұстанып отырған саясатын сынап-мінеуге шақырды. Сол тұста Камбоджаны КСРО-мен қатар Польша, Вьетнам, Чехославакия сияқты социалистік лагерьдегі елдер ғана ресми таныды.
КСРО-ның саяси басшылығы оперативтік жедел тор құрып, халықтың тілін, дәстүрін, мәдениетін оқып-үйренуді қолға алды. Біздің жерлесіміз Әли Қыстауов та осы топтың бел ортасынан табылады.
Әли Қыстауов 1987 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияны бітіріп, 1987-1989 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінің Азиялық Социалистік елдер департаментінде екінші хатшы, 1989–1992 жылдары КСРО-ның, кейін Ресей Федерациясының Камбоджа Республикасындағы Елшілігінде екінші хатшы болып жұмыс істейді.
Адам неғұрлым терең болса, соғұрлым оның тұлғасы да биік болатыны айқын. Оның азиялық түр-тұлғасы, жалпы мінез-құлқы жергілікті ұлт өкілдеріне сәйкес келгендіктен, оған аса маңызды тапсырмалар көп берілетін. Әрқашан іштегі нәрсе сырттағыдан көп болады. Дипломаттың көп біліп, сыр бүге алатынын зерттеген басшылық оған өте құпия деген жұмыстарды тапсыруы да сондықтан еді.
Сол жылдары аймақта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бітімгершілік күштері орналасқан болатын. Онсыз түбекте тәртіп орнату мүмкін емес еді. Кілең шегір көздерден құралған топқа жергілікті халықпен сөйлесе білетін адам керек болғанда тағы да таңдау біздің жерлесімізге түседі. Осылайша Әли Қыстауов 1992-1993 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының оңтүстік-шығыс азиядағы Бітімгершілік күштері қолбасшысы орынбасарының Саяси істер кеңесшісі, ЮНТАК-тың (біздегі КазТАГ сияқты), Камбоджа радио комитеті, радио координаторы, осы комитеттің сайлау қызметінің аға офицері болып қызмет атқарады.
Қауіпті білетін адам абайлап әрекет етеді. Ал қызбалық екпіні тыңшы үшін тайғанақ жар, мұндайда жығылуың мүмкін. Өз қызбалығыңды жеңу – үлкен жеңіс. Әли өзіне жүктелген міндеттер аясында БҰҰ-ның Бітімгершілік күштерінің миссиясы туралы күнделікті радиохабарлар ұйымдастырып, оны халыққа таратып отырады. Бұл туралы көпшілік көп жиналатын орындарға барып, жергілікті ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастырады. Демократия және азаматтық құқық туралы түрлі лекциялар ұйымдастырып, білім, ағарту мәселелері туралы тренингтер өткізеді. 1993 жылы өтетін сайлауалды түсінік, насихат жұмыстарымен Камбоджада кеңес дипломаты болмаған бөлімше қалмайды. Халықаралық IPSO Сайлау учаскесінің ресми өкілі ретінде халықтың көзқарасын оқып-зерттеуде де белсенділік танытады. Сол кезде жергілікті халық арасында Әлидің танымалдығы сонша, егер ол сол тұста Камбоджаның премьер-министрлігіне өз кандидатурасын ұсынса, оны колдаушылардың көп болатындығы айқын еді. Оның жергілікті халықтың сеніміне кіргені сонша, бір күн орталарында болмаса, Әлиді іздейтінді шығарады. Бұл туралы Әлидің болған жерлері мен өткізген кездесулері туралы түсірілген деректі кинотуындыларын көріп таңқалдық.
Айлакермен айлакерше сөйлесу керек. Осы арқылы жақсы ойыңды сақтап қаласың. Өзің шатыспай, басқалардың тамырын басып көрудің озық тәсілі – ниетті айқындау. Бұл – өзгенің құшағынан қамаудан босануда тамаша құрал. Жасанды сенімсіздік іштегі құпияларды шығарады. Шындық қауіпті, бірақ, тың іздеген адам оны алмай тынбайды. Кеңес тыңшысы сол жылдары жергілікті халықпен тынбай араласуының арқасында аса құпия тың көздерге қол жеткізе біледі. Ол кездері Камбоджадан бір қадам сыртқа шығу мүмкін емес еді.
Айнала қалың жынысты орман алқаптары. Оның үстіне «қызыл кхмерлер» адам аяғы түсетін негізгі жолдарды миналап, сәт сайын жарылыс болып жататын. Әли бастаған топқа Камбоджаны минадан тазарту жөніндегі (КЦР) Орталық ашу жүктеледі. Жергілікті халық оны Лук Әли мырза деп атап кетеді. Бірде ол қызыл кхмерлер қолына түсіп қалады. Содан Әлидің 3 ай бойы қалың жунглиде іші суға толтырылған жерден қазылған зынданда отыруына тура келеді. Азапты күндерді бастан өткерген ол қанша зәбір көрсе де мойымайды. Сол тұста салмағы 80 килограмнан асатын азаматтың небәрі 50 килограммға жетер-жетпес күйде болғанын, оның жағдайының қандай екенін бағамдай беріңіз.
Рух ынжықтығы дене әлсіздігінен зияндырақ келеді. Көптеген күшті қасиеттері бар адамдардың батылсыздықтан тірі өлікке ұқсап, күй кешкенін білеміз. Мұндайда, әрине, тал бойымыздағы рух өрлігі түспесін делік.
Әрине, өткен өмірі туралы Әли ешкімге жақ ашқан емес. Ашық көңіл жайылған карта сияқты. Ал үлкен құпиялар тереңде орналасады, өйткені, онда бар құпиялар ұқыпты қолда сақталған жәшік іспетті. Қазір оның бәрі ұмытылған. Әйтсе де, Әли өзінің өткені туралы туған ағасы Ғаниға ғана бар сырын айтқан сыңайлы.
Ең жақсы кек – ұмыту, ол жауыңды оның түкке тұрғысыздық күйінде жерлейді.
Әли Қыстауов өзіне тапсырылған тапсырманы мүлтіксіз орындап, 1993 жылы Мәскеуге оралады. 1995 жылға дейін Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментінде бірінші хатшы болып қызмет атқарып, зейнетке шығады. Қауіпсіздік қызметінің полковнигі арнаулы әскери атағы бар. Бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған. Барлық түркі тілдерімен қатар, ағылшын, неміс, француз тілдерін біледі.
Өмірді білу – нағыз білімнің өзі. Ал білімді адам қол қусырып қарап отыра алмайды. Тәжірибелі дипломат 1995 – 2000 жылдары Филипп Моррис компаниясында менеджер, 2000 – 2005 жылдары осы компанияның Кавказ, Моңғолия және Орталық Азия елдеріндегі заңсыз айналымдағы өнімдеріне қарсы бөліміне жетекшілік етеді.
Иә, тағдыр тұрақсыз, өмір кілең бақыттан не ылғи бақытсыздықтан тұрмайды. Біздің әлем өз бетінше түкке тұрғысыз. Біреу шаруаны соңына қалдырып, жолдың басында демалуға жайғасады. Ол ондайлардың сойынан емес еді. Бітіргенінен, бітірері көп болатын. Сондай асыл азамат, 2005 жылы іңірде бой сергітуге шығып, үйге бойын жаза алмай келеді. Ертеңіне дүние салады. Өмірде біз шешпеген жұмбақ көп. Өмірді сүйетін, тұла бойы текті жаратылған жан, денсаулығына осы уақытқа дейін салмақ та салмапты. Сол күні ескі достарымен (қауіпсіздік қызметкерлерімен) кешкілік серуенге шыққаннан ол тілге келмеген. Не болды, ешкім білмейді. Ол тым көп білетін, ал мұндай адамдар өзі шыққан ортаға қашан да қауіпті болатын. Кім білген?! Оның сүйегі Кеңсай қорымына қойылды. Қайтыс болуына байланысты Камбоджа Үкіметі көңіл айтып, жедел хат жолдайды. Соңында әйелі Ақмарал, ұлы Әнуар, қызы Әлия қалды.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.
"Алматы ақшамы" газеті
(тақырып өзгертіліп алынды)
Пікір қалдыру