Астана. 28 қаңтар. Qamshy.kz – Қытайда қазақ мәдениеті фестивальі өтеді деп хабарлайды «Халық торабы» интернет порталы. 30-31 қаңтар күндері Алтай аймағының Аралтөбе қалашығында өткізілетін фестиваль аясында ең бастысы мәдени шаралар ретінде қазақ төбетін бағалау және құс салу (саятшылық) жарысы өткізілемек. Шара аясында қазақы төбеттер бағаланып, «егейлері» ел назарына ұсынылмақ. Саятшылық жарысы бүркітті шырғаға шақыру шеберлігі, саятшылық киім мәдениеті, ат-әбзелдері де бағаланбақ. Сонымен қоса, мәдени фестиваль аясында қазақ құсбегілік өнері жайында ғылыми конференция өтіп, шараның соңында көкпар тартылып, ұлттық бұйымдар, ұлттық азық-түліктер жәрмеңкесі өткізілмек. Қыран құс тірі аңға салынып, олжа бәселестіріліп сатылмақ. Алыста жатса да, ата салтын сақтап, бекзат болмысын жоғалтпауға тырысып, ауық-ауық атажұртқа ой салып жүрген қандастарымыздың әрбір қадамына сәттілік пен бақ-береке тіледік.
Оразбек САПАРХАН