Кезекті бір жиын өткізіп жатырмын. Тақырып: «Жиналыстарда ұйықтамау тұралы жиналыс». Облыс әкімі қызметінде жүріп, мұндай тақырыпты бірінші рет қозғап отырмын. Әңгімені әріден бастай бергенім сол, артқы жақтан қорылдаған дауыс естілді. Сәлден кейін ырылдаған, артынша сырылдаған қорылдар естіліп жатты.
Шенеуніктер өзі үйлерінде ұйықтайды ма өзі? Әлде түнімен жүн түтіп, күбі пісіп, бірдеңе ішіп, кеуіп–ісіп жатады ма? Қашан көрсем осы! Мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылап жатсақ та, пырылдап жатқандары. Бұдан былай жиналысты шалқамыздан жатып алып өткіземіз–ау, деймін? Құс жастықты жастанып дегендей...
Бір қарасам, залдағының бәрі ұйқыға кетіпті... Пыс-пыс, ыс-ыс еткен дыбыстар да баршылық.
–Оян, қазақ! –деп дауыстап едім, біреуі селт етпеді. Ойпырмай, депутаттар ғана ұйықтайды деп жүрсем, қарамағымдағы шенеуніктер де маубастар екен ғой?
–Оян, қазақ, қалғыма!
Қорылдар одан сайын үдеді.
–Мен қазақпын, мың өліп, бір тіріліген...
Селт етпеді. Бәрінің үстіне көрпе жауып, жан-жағын қымтап жатсам ғой? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығын түрттім.
–Оян, қазақ...
–Оянбайтын қазақпын... –деген ол басын ары қаратып, қорылға басты. Мыналар қызық–ей? Облыс әкімінің көзінше ұйқыға басты! Дереу көмекшіме телефон соғып, дыбыс күшейткіш алдырдым. Сөйттім де:
–Ояныңдар, құрметті маубастар! –деп айқай салып едім, бәрі ұшып тұрды. Сасқалақтағандары қол шапалақтады...
–Мәселені түс көріп шешіп жатырсыздар ма? –деп сұрадым бәрінен, –отырыңыздар!
Жиналысты әрмен қарай жалғастырғаным сол, артқы жақтан пойыздың дауысы естілгендей ме? Ыңғорс–қорс, ыңғорс–қорс... Біреу сандырақтап жатыр: «Біздің жөтеліміз: Айлығымызды көтеріңіз!» Тағы біреу: «Ұстаңдар, ұстаңдар, қашып кеттііі!» деп сандырақтай орнынан ұшып тұрды да, есікке қарай жүгіріп, артынша біреуді қуалай жөнеліп, жоқ болды... Бәрі қалың ұйқыға кетті. Менің де ұйқым келіп, есінеп алдым. Бірақ облыс әкімінің ұйықтауға құқы жоқ!
–Оян қазақ, болма мазақ! –деп дауыс күшейткішпен сөйлеп едім, бәрі орындарынан ұшып тұрысты. Тағы да қол шапалақтадым. «Ұйықтағандарыңыз үшін бәріңізге бонус!» деп едім, олар қуана қол шапалақтады. Ұзақ. Сіз де қол шапалақтап қойыңыз, ағайын! Менің әңгімеме ұйқыңыз келіп кеткен жоқ па а?
Мұхтар ШЕРІМ
Пікір қалдыру