Монша – жуынып, тазаланатын орын. Моншаның ең қызығы – ыстық буы. Ыстық бу адамның қан тамырларын кеңейтеді және өте көп мөлшерде тер шығарады. Бұл теріні тазартып қана қоймай, заталмасу процесін жақсартады. Монша ғимараттары алғаш Грек, Рим, Мысыр,Үндістанда салынса, қазақ жеріне 11 ғасырда келіпті. Орыс, Фин, шығыс моншасы деген түрлері де бар. Монша барлық адамға бірдей пайдалы емес. Жүрек ауруы, гипертония, артеросклероз, көз, құлақ аурулары бар адамдар, жүкті әйелдерге, жас балаларға ыстық моншада қатты қыздырынуға болмайды. Кеңестің кезінде орыстандырудың бір шарты болған – орыс моншасы еліміздің қай түкпірін болмасын жайлап кетті. Әсіресе солтүстіктегілер, моншаға бармаса басы ауырып, балтыры сыздайды....
...Алғаш ата жұртқа келген жылы. Әкемнің інісі әкемді Урал маркалы 3 доңғалақты мотцикліне салып алып ауыл моншасына барады. Әкемді атпен келе жатқанда машина соғып, жамбасы мертіккен, таяқпен жүретін. Киім шешетін жерде інісі сіз шешіне беріңіз, мен суын тарылта берейін, деп ішке кіре сала, атып шығады. Ой, жүр кеттік, бізге таритын жер емес екен. Не болып қалды деген ағасына асығып, аптығып, ойбай іші толған жалаң бұттар. Кәрісіде, жасыда, баласыда, қасасын салақтатып, шақпылап жүр. Құрсын, кеттік деп жау көргендей ағасын сүйрелеп, үйге әкеп тастайды. Әкем аса діндар болмасада мұсылман адамның қалай жүріп тұруы, әдеп ғұрпынан хабардар, бес уақ намазын қаза етпеген жан. Моншада жалаңаш жүрмеу жайлы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с): - «Алла тағалаға және ақрыретке сенетін адам моншаға әурет жерлерін жабынып кірсін», «Әурет жерін ашқан адамға және өзгелердің әурет жерін қараған адамға Алла лағынет етсін» - деген өсиетін әкем ауылдастарына айтып, мағынасын, қазақы әдебін ауылдастарына түсіндірді.
Ағайындарымыздың елу асып, алпысты алқымдағандары моншаға барғанды қойып, маңына жоламады. Жастарда баруды азайтып еді. Монғолдар суға түспейді, анау-мынау деген қаңқу сөзден қорқып басында іш киіммен, үйренісе келе жалаң бұттармен жаппай араласып кетті... Бұл ауылдағы ағайынның хәлі.
Енді өз әлқиссама келсем... Көкшетау атына сай, көрікті, нулы, сулы жасыл қала болғанымен ыстық су жағынан айтуға ұят қала. Орыс қожайындар билеген заманда қаланың бу қазандықтарының бәріне мазут жағатын пештер қойған. Олардың қайнатқан сулары үйді жылытқаны болмаса, тұрмыстық қажетке жарамайды. Осы мазуттың бәлесінен болып өткен ғасырда Көкшетау көк мұзға оранғаны Көкшеліктердің есінен шыға қойған жоқ. Қалада аты жер жарған № 1 монша болды. Халық жаппай соған баратын. Жастау кезімізде имене жүріп, барып жүрдік. Іш киіммен түстік. Не елден ерек бірдеңең барма деп, жалаңаштар мазақтайтын. Ол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әурет жерлеріңді жабыңдар! Жалғыз кездеріңде де Алла тағаладан ұялыңдар!», «Алла тағала ұяттылықты және жабынуды жақсы көреді. Олай болса жуынғанда әурет жерлеріңді жабыңдар» – деген хадисін естімесекте, бірінші ұятты жеріңді, әуретіңді жауып жүруді, ата-анадан естігеніміз бар, іш киіммен түсіп жүрдік. Монғолияда моншаға түсетіндер жасына қарай бөлек түсетін. Қоғамдық моншада, 15 жасқа дейінгі баларға арналған, жаппай және үлкендерге арналған, жеке кабиналы душтар болды. Бала кезімізде шалпылдатып балалармен бірге, есейген соң кабиналарда шомылып жүрдік. Шындығы керек, Монғолияда орыс моншасы деген жоқтың қасы. Оған әдейлеп баратынбыз. Оның өзінде жеке-жеке. Ал, мұнда қоғамдық моншада жас кәріміз бірдей, әуретіміз ашық шашық, жалаңаш жүреге мәжбүр болдық. Осы жағдайдан қиналып, моншасы бар жер үйге көштім. Жер үйге көшкен соң рахат. Сөйтіп жүргенде, өткен қараша айында моншамның қазаны тесіліп қалды. Қайда барасың баяғы қалалық №1 моншаға әйелімді ертіп, тартып бердік. Бірер жыл бұрын монша күрделі жөндеуден өткен. Ел мақтап жүретін. Жеке түсетін кабиналар барма деймін ғой жаңадан жөнделген соң. Бізде кабина болмайды дейді. Келдік, қайда барасың. Арзан екен бес жүз тенге. Ішінде қанша жүрсеңде қақы жоқ. Кірдім, баяғы қалпы, сол шкаф, төбесінде, леген. Баяғы кәрі-жас, бала-шаға бәрі тыр жалаңаш сапырлысып жүр. Атасы, баласы, немересі. Мүмкін шөбересі де жүрген шығар. Бірінің арқасын бірі ысқылап мәз мәйрам. Іш киіммен кірген, маған көздерінің астымен қарайды. Менде төмен қараудан, сескеніп, жоғары қараймын. Алжапқыш тартқан жалғыз орта жаста бір қазақ жүр. Нағыз мұсылман осы шығар деп ойладым. Ешкім ешкімнен қымсынып, қымтырылып жүрген жоқ. Ойбай ау, әкенің, атаның әуретін көрген балада ар-ұят деген болама? Бұл не болып кеткен адамдар деп іштен налисың. Таяқпен сүйретіліп келіп мошада жүр. Орыс моншасын сағындық дейді. Сағынғаны құрысын деп, ішімнен кіжініп мен тұрмын. Дененің тазасы не тәйірі?! Жаның таза болмаса. Немересіне арқасын ыстырып отырған қарияға жақындап, сыр тартпақ болдым. Ақырын немереңіз арқа ысуға жарап қалыпты десем. Атада, балада мәз. Ата кеңташ, осылардың қызығын осындайда көрмегенде, қайда көреміз дейді. Асстағфиралла дей жаздап, моншада киелі сөз айтпайтын есіме түсіп, аузымды жаба қойдым. Салқындайтын дәлізге шықсам, әр жерде екі үштен дем алғандар алдына емес арқаларына орамал жамылып, емін еркін, әңгіме соғуда. Біреулері сыра сіміріп отыр. Орыс моншасы жайлы Шапырашты Қазбек бектің «Түп – тұқиянымнан өзіме шейін» деген тарихи кітабында: - «Мен орыстардан асқан лас елді көрмедім. Араққа сылқия тойып алып, әйелі, күйеуі, келіні, ұлы, қызы бәрі бірдей тыр жалаңаш моншада шомылып жүргенін көріп жиркеніп кеттім. Нағыз оңбаған ел екен» деп жазғаны еріксіз есіме түсті. Оны оқығандар барма? Жоқпа? Қайдан білейін? Әй, қайдам!
Жалаңаштармен тіл қатысып көрдім. Ой, орыстың моншасы рахат қой. Бойың балқиды, аздап тартып жіберсең көңілің шалқиды деп екіленеді. Балалармен бірге жалаң бұт жүру ерсі емес пе десең, несі ерсі, еркекпіз ғой. «Мужик, есть мужик» дейді. Әдеп бойынша әуретті жерді жауып, біреуге көрсетпей, өзің қарамай жүр деген, бар ғой деп ақырын айтып көріп едім. Ол не. Сонда моншаға түспей, сасып жүрейік пе. Жеке түсетіндер қымбат. Көпшіліктің моншасына арзан, әрі көппен бірге жүрген көңілді дейді. Дін, шариғат дегенді естіп, ескеріп тұрған сыңай жоқ. Моншада кімдер жоқ. Бес жасар баладан, сексен асып селкілдеген шалдар да жүр. Оларды киіндіре, жуындыра алмай немерелері сүйреп жүр. Киініп дәлізге шықсам, әйелім отыр. Ерте шығып алыпты. Не болды деймін ғой, түк білмегендей. Қалай екен десем. Қалайы құрысын. Немересін ерткен әже, қызын ерткен шешелер. Ең сорақысы бір келіншек 5 жас шамасында ұлымен бірге жуынып жүр. Шыдамай шығып кеттім дейді. Кілең жалаңаш әйелдердің ортасына ұл баланы қалай алып кіреді десем. Өтірік пе, әне өздері де шығыпты деп, әйелдер жақтан ұлын ерткен келіншекті нұсқады. Тәп тәуір, отыздың ортасындағы қазақтың қара торы келіншегі, ұылына орысша бірдеңе айтып, екеуара мәз болып келеді. Бізді социализимнің шыңы, жұмақтың төрі коммунизим ілімінің елесі, осы хәлге жеткізді. Түрік сериалдарын үзбей көреміз. Сұлтан Сүлеймен сериалында сұлтаншалар, әйелдер моншаға түсіп жүр. Бәрі орнымен, жамылғысымен. Ал содан неге өнеге алымаймыз. Үзбей көргенде сондаймыз. Өте лас қылықтан жиренетін, жақсыдан үйренетін кез өтіп барады. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр. Ана тіліміз аяқ астында тапталып, салт-сана, әдеп-ғұрыпты айтудан ұяласың. Құлдық санадан арылмадық. Арылуға ниет құлықта танытпаймыз. Танытсақ, моншада былай жүреміз бе? Дамбалымызды қайда шешіп, қалай киіуді де білмейміз. Білгендер үндемейді. Салтымыз санаға кірмеді. Дінімізді, ділімізді дене жуғанымызбен бағдарлап қалдық. Қашан қазақ боламыз деп, кіжінеміз. Сыртқа шығарып қаттырақ айтайық десек, баяғы бұғып қалған бейшаралық, өзгелерден сескенеміз.
Түйін: Моншаға түсудің өз әдебі бар. Басқалар, өзге діндегілер қалай моншаға түседі өздері білер. Бірақ, біздің жөніміз басқа. Қазақ ибалы, ұятты, әдебі бар, ислам қағидасын ұстанған мұсылман халық. Екі дүние сардары, ақырзаман пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с): - «Үйлердің ең жаманы монша. Онда дауыстар көтеріледі, әуреттер ашылады. Ем үшін немесе кірден тазалану үшін кірген адам жабынып кірсін.», «Дін бауырының әурет жеріне әдейілеп қараған адамның қырық күндік намазы қабыл болмайды.».- деген хадистерін еске алсақ жеткілікті.
Моншаға кіргенде алжапқыш тартып кірсек оған мүмкіндік бар. Соны біреуміз бастама көтеріп, оны арнайы тігіп моншаға әкеліп берсек, сатсақ, мұсылмандар алары сөзсіз. Тек, айтамыз құнттамаймыз. Бұл құптарлық іс. Елімізде 70 пайыздай мұсылман халық тұратындығын ескеріп, монша ғимраттарын ислами, қазақи қағидаға сай жабдықтап салсақ, жалған дүниеде ұлттық құндылығымызды ардақтауға, мәнгі дүниеде, сұрақ күні мұсылмандарымызды үлкен күнәлардан арашалауға зор үлес қосып, сауапты іс атқаратын боламыз. Осы игі істі мемлекет, қоғам, дін қайраткерлері қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.
Тазалық иманның жартысы бірақ, ұят тұрған жерде иман тұратынын ескерейік.
Халқымыздың салт санасына сай ана тіліміз, ата дініміз, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымыздан айырылмайық, білген, білмегенге үйретіп, елдігімізді сақтап, саналы, салиқалы ұлт болып ұйысудың қамын ойлайық, ардақты ағайын.
Шығыс моншасы. Әр жеке адамға арналған.
Дахан Шөкшир
