Тәңір берген тұғырым

/uploads/thumbnail/20170708164948579_small.jpg

«Қазақ хандығына - 550 жыл» жыр мүшәйрасына!

  Тұлпар мінез тұяғы едік тектінің, Тебіренейін, жер жаһанға жетті үнім. Тәуелсіздік – тәңір берген тұғырым, Жар салатын еңселі елміз деп бүгін.   Күллі әлем таңданыспен қарайтын, Шұғыласын сыйлады алтын арай күн. Ері дана, жері байтақ киелі, Қызғанышын қоздыратын талайдың.   Бекем ірге бейбітшілік ұраны, Ата тарих алтын айна жыр-әні. Мәртебесі көк туымен аспандап, Күн астынан қалықтаған қыраны.   Сыр толғасам абыз баба арыдан, Қайсарлығы қара таудан дарыған. Ұланымын ұлағатты ұлы елдің, Көк семсерін көк жартасқа жаныған.   Құба жонды көкжал жортқан даласы, Құт иіген сағым қуған саласы. Балбалымен шежіресін шертетін, Алтай, Арқа, Атыраудың арасы.   Рухы асқақ ту көтерген бөрілі. Ар-намысын таптатпаған өр ұлы. Қараша елдің шаңырағы киелі, Би, әулие, батыр туған төрі ұлы.   Ғазиз жанын құрбан еткен халқы үшін, Парасатпен әйгілеген бар күшін. Тағылымды тасқа басып таңбасын, Жер шарының еншіге алған жартысын.   Тауқыметті тағдыр кешіп сан алуан, Әр дәуірі қанмен термен жаңарған. Атам қазақ Тоныкөк пен Күлтегін, Түбім түркі, Ғұннан, Сақтан таралған.     Төніп басқа талай нәубет сан сынақ, Қас дүшпаны болғанда да жаншымақ. Есілдері еңкейтпеген еңсесін, Естен танып құласа да қансырап.   Мекен етіп ұлан-ғайыр өлкені, Өскен дархан пейілі мен өркені. Хандық құрып бабам Керей, Жәнібек, Нұрлы жолға жалғасты елдің ертеңі.   Сондан бері ғасыр өтті бес жарым, Асулардан асты керуен көш қалың. Дүрсілкінткен дүниені дүбірі, Елдігімнің айғағы бұл еске алым.   Салт-дәстүрін ізгіліктен жинаған, Тасқындаса арнасына сыймаған. Қасиетіңнен айналайын әз баба, Ұрпағына ұлы мұра сыйлаған.   Бүгін мәлім ғарышқа да, айға аты, Атойласа арыстандай айбаты. Құшақ жайса төгілетін мейірім, Қаһарланса жау жайратқан қайраты.   Тірлігіне жауап берер нанымды, Біз солардың жалғасымыз жалынды. Жаратқанға шексіз-шексіз тәубе етем, Қадір тұтып әрбір атқан таңымды.  

Айдын Кәлімханұлы – 1969 жылы 28 шілдеде дүниеге келген. “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша білім алған. Алғашқыда кәсіподақ, мәдениет салаларында жұмыс жасаған ол 2008-2012 жылдар аралығында Алматы облыстық “Алатау” қоғамдық-саяси газетінде журналист және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып міндет атқарған. 1986 жылдан бастап қалам ұстаған оның түрлі жанрларда жазылған шығармалары елімізде және шетелдерде жарық көрген 20-ға жуық кітаптарға енгізілген. «Беу дүние» атты жыр жинағының авторы. Қазір «Талдықорған» газетінде қызмет етеді. Облыстық, республикалық, және шетелде өткен 20-дан астам жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Ол өзінің және қазақ халқының әйгілі ақын-жазушыларынан бастап, Байронның, Пушкиннің шығармаларынан 500-ге тарта өлең-толғаулар мен қисса-дастандарды жатқа оқиды.

demeu2

Қатысты Мақалалар