«Қазақ хандығына - 550 жыл» шығармашылық бәйгеісне
(Романның жалғасы)
IIМаңырақ маңындағы Ақшекерді Исылам, Ікен екі ауылы мекендейді. Ата-бабасы ұстанған софылық тәлімнен сусындаған Ислам дінпаздар секілді бұ дүниенің шектілігін, о дүниенің мәңгілігін дәріптей бермейтін. Ол баласы Борсидың әр нәрсені көргісі, ұстағысы, білгісі келетін әуесін аяп діни оқуға қыстамады. Әке қабағын қалт жібермей таныған ұл құстай ұшып Байназар, Қожахыметке барып қосылатын. Олар күндегіше көнетоз қорада асыр салып жүрген. Шегір көз, қауға сақал бейтаныс сары шал аяқ астынан пайда бола кетті. Ол ескі қораны жамап, төбесін жауып, жағы-жағына тимей сарнап таң-тамаша қалдырды. Кешкісін ауыл адамдары абыр-сабыр беймаза күйге түсті.
– Онда әкесінің басы бар ма-ей?
– Ел кезген жынды екен.
– Жоқ, ол шпион дейді.
Балалардың әрбір қадамын қызғыштай қорып, көре қалса қайыра айдап әкелеміз деп күпсінген олар сары шалды бел асырып қуып жібермекші болып жінікті. Бұрынағыда ел кезген мүсәпір сарт, өзібек диауана кейпінде шала-шарпы дұғасын оқып, аз-кем аялдап, жиған-тергенін есегіне артып жайымен кете баратын. Соларша ештеңеге тимей тыныш жүрсе жарар десіп, бірі ойға бірі қырға алашақпын кеткен.
Боз жігіттер із шолып аңдыған ешкімді көрмеген соң зыр жүгіріп шалға барып, неге бейімдегенін білмесе де, сырмақтай жерге сепкен өсімдіктің арам шөбін отасып, қиыршығын терісіп, әкелген құрт, май, бауырсақтарын берген. Шал-екең “какой вкусный” деп сарқытты қылғып салған. Оның жалақ-та-ған түсініксіз тіліне жабысқан жүгірмектер қызықтап шүлдірледі.
Күн батып, ай аунады. Жайқалған жап-жасыл бүршіктерді қаумаласқан бала жігіттердің көкейіндегі сұрақтар барын іштей сезген шал, – Балақайлар мына өсіндінің тұқым тегін түсіндірсем, – сәл кідіріп, – Ім-м-м не десем екен, – тарам саусақтарын бір-біріне айқастыра тарақ сабына төсеп сөзін сабақтап. – Пісіп жетілгенде нілін сауып алады, сол өнімнің бір атым насыбайдай түйірі-ақ тірлікті мансұқ етіп жібереді. Соның кесірінен қыршын кеткендерде қисап жоқ, қылмыстар тоқтаусыз жасалуда, – деді шүңгек көзіне мұң шөгіп.
– Онда не үшін егіп жүрсіз? – деді Байназар.
– О жағын сосын айтармын, – төрт тісті темір тараққа таяна аяғын созып жамбастай жантайып, – Бұндай шөп бұл өңірде шықпайы, пошымы, тегі, түсі ұқсас тұқымдастар Шу өзені жақта, алыстағы ауған елінде өсетінін білем, – деді түнеріп.
Сары шал келгелі бері ел ішінің берекесі кетті. Сұмдық сұрапыл дауыл соққандай ауыл тым-тырақайға түсіп тозған. “Сен байсың, боржисың” деп аша тұяқ қалдырмай қидай сыпырып, қора-қопсыны мұнтаздай еткен. Сай-салада жататын қора-қора қой, азан-қазан сиыр, кісінескен жылқылардан ештеме қалмаған, шәбелеңдеп үрген иттер үні ғана әр тұстан естіліп қалады. Кешегі көл-көсір тоқшылық қас-қағымда танабы суалып сортаң тартқан теңіз тәрізді, желкелеп жеткен жеті жұт, алқымдаған аштық. Байназардың үйі үркіп Сауыр асып, Борси, Қожахыметтердің ауылы бұғып қорғалап жатты. Оған дейін Исламның малына алаяқтардың аяқтары жете қоймаған еді.
Ес кетіп есенгіреген жұрт жан сауғалап жан-жаққа қашқанда, сары шал шаруасының шашауын шығармады. Сондай бір аласапыран арпалыста оған ара-тұра Борси барып жүрді. Ол соңғы жолы келгенінде қора иен жатыр екен. Жасырып жүрген апиыннан екі уысты матаға түйіп алып дереу үйіне әкеп тығып қойды. Оны қандай қажетіне жаратпақшы болғанын өзі де түсінбейді. Осы күні кеште Қожахыметтер көшіп кеткеніне Борси қамығып қиналды.
Белсенділер аяңдап Исламға жеткен. Оның бес-алты жылқысын, жүзге тарта қойын қара таяқтар тарпа бас сап таңбалады. Мал көзі қызыл. Кәлима қыз шыдай алмай жердегі ұзын құрықпен екі құла биені жаясынан түртіп қалды. Ширығып тарпаң тартқан жануарлар жатаған қашадан қарғып шығып қайыру бермей кеткен. Қалған малды жандайшап жағымпаздар үйіре қуып айдады. Кешкісін, әлгі екі құла бие үйір иісін аңсап қораға қайтып келді. Қайтқан малда береке бар. Екі түтін түн жамыла Сауыр тартты. Борси сары майдай сақтап жүрген әлгі түйіншегін тастамай қонышына салып алған.
Шығыстан батысқа, батыстан шығысты ендей көлбеген Сауыр күнгей-теріскей қос қанатын қонысы тепкен жұрағаттарды шақырған қиық мұрт, қыр мұрын, сом бітімді сұлуша Бұлан балалары ата-анасының қырқы нәзіріне қатым түсірмекші. Қонақтардан бұрын таң сәріде Исламдар жеткентуғын.
Керегетастың күн шығыс етегіндегі аңғарда, Бұланның шошала үйінің төрінде жағалай жайғасқан меймандар әңгіме көрігін қыздырған. Төрде жайғасқан көнекөз қарт Ислам ақсақал Зайсан, Маңырақ, Тарбағатай өңіріндегі жағдаяттан сөз ете келе, ас беріп жатқан балалардың аталары Қонақбай жөнінде өзгеше хикаяны қаузады.
– Құсайын марқұмнан он жас кішілігім бар. Ол кісінің ағалық тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Оның әкесі Қонақбай күніне бір тоқты етін жемесе түн бойы көз ілмейтін. Бір жолы баласы Құсайынды ертіп Танабай биге жол тартқан ол жолшыбай бір үйге түнеген. – тіл ұшталып тамсанды – Барымен базар үй иесі көже пісіріп берген. “Бас аман, ден сау болсын” деп батаны қысқа қайырған. Ертесі жол үстінде “Көже ішкен адам таңнан аман шығады екен ә?” дейді Құсайынға көз қиығын салып. Сонда “Әке, бұдан басқа бата білмейсің бе?” деп қайыра сұраған. “Артық сөзді қайтесің, әрбір жан керекті дүниесін өзі тауып алады” деп келте қайырады. Содан аяңдап ауылға келеді ғой.
– Жұмық көзінен, Солаң төсінен, балық басынан қартаятыны несі? – дейді Танабай би аман-саулық сұраспай жатып қағытып.
– Өр Жұмық Сарыарқаның сары қымызын ішіп саумал самал жұтып масая сығырайып жүреді, жал-жая жемеген Солаң көкірегі басылған жұмсақ сүйек ел, ендеше балықтыкі жөн емес пе? – деп мысқылдайды.
– Сөз тапқанға қолқа жоқ, – деп Көкен қостады.
– Пах, шіркін! – деді Уәсіл.
– Иә, дұрыс айтасыңдар, – қаймақ қатқан қою кызыл күрең шайды ұрттап, тізесіне алақанын қойып,– Танабай ауылының бурасы талап өлтірген кісі құны, Алыбай руына берешек бес жүз жылқы борыштың дауы оң шешім таппайтынын сүзісе тілдескенінен түсінген Қонақбай “Келбетті қызы барын көрдім, келін етіп алсақ!” деген баласына ымдап. Боз жігіт әкесімен үнсіз келіскен. Кіріп-шығып жүрген қыз ұнаса керек. Кейін келіп қызды алып қашқан. – Көкенің қасында томпиған Байназарға жылы шыраймен бұрылып, – Бұлан мен Сади сол қыздан туған еді, – деді терең тыныстап.
Бағанадан тапжылмай құлақ түрген Байназар ғажайып күйге бөленіп әкесінің әңгімесін есіне алған. Басына шаңырақ тігіп, бауырына қазан асқан Құсайын дау-шарға жастай араласқан дегенді әкесі. Қонақбайдың бөрігін, бұлғын ішігін киіп, ақ құйырық тұлпар атын мініп Шыңғыстаудағы Құнанбай баласы Абайды іздеп барғанын марқұм тамсана айтқан еді. Бір топ нөкерімен келе жатқан көк жорға атты Абайды жол-жөнекей кезіктірген Құсайын сәлем берген. Абай “Шыңғыстағы бала сайтанды қалайша көрмей жүргем” деп таңырқай қараған. Әкесін сағынып отыр. Кеңсірік ашып, жанары жасаурады. Қайран әкетайым-ай! Жан балам жадыңа сақтап ал дейтін ақын өлеңдерін қолына ұстатып тұрып. Саңқылдап сөйлеген Көкен көкесінің дауысы ойын бөліп жіберді. Жым-жымрт ұйып тыңдаған жұртқа еріксіз назар аударды.
– Бірде Бұтапайға сауғаларын ұсынады. Ол кісі “тас сөйлемейді, бас сөйлейді” деп қолын қайтарды, – ағынан ақытарылған Көкен, – Жарықтық әкемнің көзі Қонақбай атам секілді қысық еді. “Әй, қысық көзім, атағың Алтайға жетті” деген сонда Бұтабай. – үй іші ду күлді, – Кейтінде, әкей аттан түскен шағында, – деп сөзін жалғады ол, – Сауырдың бөктеріне жеті болыс ел жиналып, шегара сызығын хаттап мөрі баспақшы болады. Дәл сол кезде дау шығады. Олар әкемнің төрелігіне жүгінеді. “Мен бармасам ел ренжімес, ел ренжісе жер ренжібес” дей келіп “Ордың қара ағашында тас келі, тас келсап көмулі жатыр, шегара сызығы сол жерден басталады” дейді жөн сілтеп. – құлақ естіп көз көрген жайды баяндады. Сосын ас ішіліп, аруаққа дұға бағышталды. Дастархан жиылып Исламнің әңгімесі тағы жалғасты.
Әлқисса. Аңызға бергісіз әпсана, ежелгі тарих желісі өр Найман, ой Найман туралы өрбіген. Сайын далада, қыс көз қырауда, жаздың шіліңгір аптабында ат жалы, түйенің қомын жастанып, қызыл шақа ұлын тұлпардай қып жаратып, қызыл шақа қызын сұңқардай қып өсірген Найман бабаның шалқар теңіздей шексіз-шетсіз шежіресі сағымдай себелеп көк жиекте тұрды.
– Ел-жұртым біле жүргенің жөн, – деп Ислам тамағын кенеп, – Ертеде, есте жоқ ескі заманда, “тай туып, тайлақ қайыған, тоқты қоздап байыған” дәуірде, Төлегетай әлде оның арғы бабалары, Алтай, Тарбағатай кетіп, Сыр бойына қоныс аударудан ілгері-кейін Жошы хан, Құлағу ханың ақылшысы Найман Кетбұға болған, – деді жөткіріне тыныстап, – Мысыр, Палестин шеруіне қалың қолға нояндық еткен. Шыңғыс әскерінің алдыңғы шебін басқарған. Түлектері түрікпен, ауған елінің байырғы қаласына әмірлік жүргізген. Төлегетай датқа болып, кейінгі тұяқтар ташкент шәһарын билеген. Ерторы Қаракерейұлы Сыр бойынан Арқаға қайтқанда Есім ханмен замандас еді. – иығын қомдап денесін тіп-тік ұстап, – Сонда Дулат жырау жырлаған, – сәл үнсіздіктен соң ойын өрбітіп,– “О, Сарыарқа, Сарыарқа самалы салқын жол едің, Сырдан ауып келгенде, тимеген ірге соны едің”, – деп шай кесені дастархан шетіне қойды.
Қонақтар хош айтысып тарасты. Жиын соңын ала етжақын туысқандар қалып, Уәсілдің бой жеткен қызын Кәлиманы Әлібекке атастыруды кеңескен. Көпшілік “Ата даңқымен қыз жүретін, мата даңқымен бөз жүретін” жағдай жоқтығын ескерді. Қалың айтырып, құда түсіп сауық сайран құратын кез еместігін орта бойлы, бидай өңді Кәмила қызда біледі. “Отыз күн ойын, қырық күн тойын” жасауға мойын жар бермейтінін Әлібек те түсінеді.
Уәсіл Саты ішінде Есенгелді, Байназар шамалас жалғыз ұлы Ікенді көзінен таса тастамайтын. Ол әкесі секілді орнықты орынсыз еш желікпейтін. Бүгіндері сол боз жігіттер Әлібектің жас отауында жиі бас қосады.
Ел іргесі біртіндеп орныға бастаған. Ислам маңдай тері, саусақ майы тамған шағын шеберханасын баласына табыстады. “Әке көрген оқ жонар”. Ол темірден түйін түйіп, печь соғып, етік тігіп істі деңгелек айналдырды. Өнер елін асырады, елі шеберін асырады. Жасалған әрбір бұйымға ел тәнті. Азан шақырып қойған Биязбек есімі қалып, Борси атымен бәріне танылған. Еркелету бағзыдан бар үрдіс. Құсайының қара шаңырағындағы Серғазының азан шақырып қойған аты ұмыт қалып Көкен делініп кеткен. Арғы бабалары Төлегетайдың “Төлек ата”, Төлеқтай”, “Найман Төлегетай” деген бір қанша есімдері ел есінде сақталған. Шыңғыс хан тегі Бөржігенің аңызда Бөржігіт аталатына Бәйжігіт ұрпақтары кәдімгідей мақтанаты бар. Кей-кейде “Көк-Бөріміз” дейтін делебелері қозып. Түп төркіні бөрі баласы, мыңқол не маңқол мейілі мағұл болсын төскейде малы бір, киіз туырлықты сақара халқы тұпа-тура түп төркіні бір елміз дейді. Солай-ақ болсын делік.
Өткен заманда, “ауыл аралас, қой қоралас” Алыбайдың ақшиінде, “қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған” мамыражай шақта, Байназардың үлы атасы, Бұланның әкесі Құсайынның көзі барда, Қонақбай үрім-бұтағы қысы-жазы бірге ырысы тауысылмайтын жанға жайлы Маңырақтың ең шұрайлы жерінен алыстап көшпей қоныс тебетін. Сол Маңырақ жазығындағы Толағай таң атып, күн батып жатса да көкбен-көк көрнісімен мұндалайтын. Зайсан көлінен түстікке көз салсаң шығысында Маңырақ, батысында Арғанаты түйенің қос өркеші іспетті, оның жиек тұсынан мойынын кекжитіп тұрған Толағай жарау атан бура тәрізді тым тәкәпар көрінетін. Көктемде қар еріп, Еспе өзені тасып, Маңырақ етегіндегі қып-қызыл топырақты жуып-шайып Толағайды айнала өтіп Зайсанға құятын. Өзен суының қызыл түсіне қарап “қандысу” аталып кеткен. Етегін қызыл топырақ көмкерген қара шағыл жота беткейінің ар жағындағы “Терісайырық” өзені мүлде басқа бағытта алысқа ағатын. Жаздың аптап ыстығында өзен суы тартылып, күн шаңқиып төбеден түсіп, топырақ қызған түс әлетінде қарашағылдан етекке қоралы қойдай шаңдата ордалы жылан шұбыратын. Ешкімге һақарлана айбарланып зәрлі уын шашпайтын қасиетті жәндіктер малы мыңғырған Маңырақ тыныштығын бұзып, билеп-төстемейтін. Сол бір шұбырған жыландармен бірге бір мезетте шөбі шүйгін, суы бал құтты қоныста сүт пісірім уақытқа жетер-жетпес жайылған саулық қойлардың желімі сыздап, емшегінен сүт ағып көгендегі қозыларына маңырай жөнелетін. Осындай мамыражай жаз айында, замана әкелген зобалаңнан сәл ілгерек, Петр І бекініс салатын шығыс қақпасы ретінде Зайсанды назарға алды деген сыпсың сыбыс жеткен. Соны естіп, ат сауырынан қан кешіп қорғаған бабалар аманатынан алаң боп жатып Құсайын көз жұмған. Соғыстың қара шаруасына шегу туралы патша жарлығына қарсы кейбір өңірде қанды қырғын болды. Құсайын інісі Қасен Зайсан желкесіндегі Сауыр көшкен. Соңыра “Зайсаным, жиылған жақсы-жайсаңым” десіп біраз адам жұртын аңсап қайтып оралған. Тұсаулы аттай өрісі тарылған Қасен “қансыз соғыс қанды соғыстан да қиын” деп қилы заман зарын ішке бүгіп қынжылыспен сол жақта қалып қойған.
Осы өркеш-өркеш тарихтың толқынды соқпағын Байназар өзі басынан өткеріп жатқандай күй кешкен. Ол әлгінде Керегетастың ең биік шыңына шығып Маңыраққа қадала көз тастаған. – Әттең! Әттең, – деп іштей тепсініп, – “Мал-жаным арымның садағасы”. Көкаршын құс кеудеден ұшып кеткенше жан пида, – күңірене күрсініп жіберіп, – Әттең, әттең шіркін! – деді сағымға айналған аке сағынышы кернеген сайын туған жерінің ауасын аңсап.
Қылышын сүйреткен кәрі қыстың қытымыр аязы берекені қашырды. Осындай мазасыз мезетте Байназар досы Қожахыметті іздеп келген. Оның әкесі Садықтың ағасы Сыдық мезгілсіз мерт болып, інісі Садыққа жеңгесі Доспайды әмеңгерлік жолмен Көшербай атасы қосқанын ескі қорада сары шалдың апиынын егісіп жүргенде Борси айтқанды.
Ол келген күні бай Садыққа атбал азаматтар ертіп жоңғар ойпатындағы құмның құмына жылқыларын айдатты. Үйір-үйір жылқыларды айдап бара жатқанда Байназар ұзақ қарап тұрып Абай өлеңін есіне алған. Бай малын жұттан аман сақтап қалудың қамын жеді, бірақ қақаған аязда, тым құрыса, қара қидың қып-қызыл маздап жанған шоғына қыздырына дыр-дыр қасынып, шалбардағы биітін пытырлата алмай жүрген жоқ-жітікке тас бауыр болғаны қарынын ашырды. Шүмшімдеп ши теріп, қараған-бұтаның әлсіз жалына жылынбай дірдектеп жүргенін біле тұра білместікке салынатына қиналтты. “Қайран Абай-ай!” деп кейіген ол ақын өлеңін күбірлеп оқып. “...Қара қиды орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сиы...”. Сен күйінген теңсіз дүние жүз жыл мың жыл өтсін бәрі-бір кес-кестей береді екен-ау. Бастан кешбесемде ғашық жүрекке арналған жырың да солай, мөп-мөлдір түнық бастаудан су ішіп, “...Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көрде ішпен біл...” деп қыз жолына қарайлатқан. Тоң сауыт аппақ мұз балақ шың басында, тас қия беткей, қалың орман, сайын дала, жеті қараңқы түндегі темірқазықты маңдайға қадап мәңгілік мұз құрсауланған жотада асыл арман арқалап жортқан Көк Түрік бөлтірігінің қиялы еді.
Сары шұнақ үскірік сынбай қатайып алды. Осы суықта Көшербай шал екі күн сырқаттанып жатып кенеттен қайтыс болып кетті. Алыстағы ағайынға хабарлайалмай титықтады, тіпті қабір қазып сүйекті жерлеудің өзі қиямет. Шиттей балаларына қарайлап Доспай шарасыздан күйеуін күткен. Жотаның астындағы үлкен қыстаулығына көшіп кеткен бай өлік жатқан маңға жоламай қойды. Бала жігіттер кешкісін мәйіт күзетеді. Олар иен тауда бастабында құлазып кірпік ілмейтін. Тұрахымет, Жарахымет батыр ағаларын ес көріп ештеңеге елең етпей алаңсыз ұйықтай беретін. Осылайша үрпиіскен екі апта өтіп, азық-түлік түгеп тақыржалағанда Садық жетті.
Желсіз ашық күн. Аппақ ақ қар көз қарықтырады. Өгіздің бір бүйіріне сүйек, екінші жағына бір қап қи теңдеп, таң бозынан жолға шыққан үш еркек қырық ошақтағы зиратқа түс ауа жетіп сүйекті жерлеп қайтқан.
Арыстай әке қазасы, бала-шаға күйзелісі, қысас өмір Садықты қатты қапаландырды. Кеш батып, түн қараңғылығын жамыла үн қатпастан үйден шығып көзге түрітсе көрінбейтін түнде жіпшелей басқан. Қатал бір шешімге бекіп алғаны анық. Дене мұздап, жүрек сыздап, қалтырап тітіреген суық жүріс тіске басар жалғажау не сүрленген соғым етін үптеу ойы құлаққа қағыла жеткен сүрі қардағы сықырлаған аяқ дыбысынан сезіледі. Аптыққан арпалыспен қоймаға кірген. Киіз туырлық, төбе тиер-тимес аласа, қуықтай үйшік ішін бүкшеңдей сипалады. Бір уақытта тізесі қатты бір затқа сарт етіп ұрылды. Басып байқаған. Боршалап-бұзып үлгірмеген, союлы қой еті секілді. Қапты жұлқа сүйреп тысқа шығып арқаға салған. Дөң аспай бел қайысып тыныс тарылып, қапты қайта-қайта сілке көтеріп қояды. Сөйтіп тәнтіректей басып келе жатып омба қарға құлаған. Әйтіп-бүйтіп сүйретіліп таптауырын жолға шыққан. “Бас-аяғы осымен тоқтасын, қайтып жоламаспын” деп Құдай, аруақ атын айтып серт еткен.
– Қайдан алдың? – деді әйелі алқына ентігіп кірген күйеуіне үдірейе қарап. Бір бұрышта пыс-пыс ұйықтап жатқан кішкентайлар ештемені сезбеді. Базарқұл, Қожахыметтер есікке елең етіп жалт қараған. Ол “Балаларға пісіріп бер” деп иықтағы қапты жерге зірік еткізіп тастай салып жантая кетті. Әйелі қайтіп қазбалап жатпай қаптың ауызын ашты. Сол сол екен, екі қол ербеңдеп барып сылық құлады. Қожахымет “анашым” деп бақырып жіберген. Байназар көзі алақандай болып аң-таң қарап тұр. Садық атып тұрып Доспайды көтеріп төсекке әкелді.
Құдіреті күшті Құдайдың әмірі. Ол ақ тер көк терге малшынып арқалап әкелген дүниесіне қайран қала қарады. Серейген кәрі шалдың денесі қап ауызынан жартылай шығып созылып жатыр. Азапқа толы қайғы-қасіретті көріп өз көзіне өзі сене алар емес.
Ел ауызында айтылып жүрген ежелгі әңгіменің бірі, ем қонбайтын хал-күйі нашар науқастардың төсек тартып сарытап болып жатпайтын сырында еді. Ондай жандардың тұтқиылдан көз жұматынын бәрі білетін. Осы құпиялы жұмыс “жұлындаушы” қас шебердің қолымен жасырын арнайы істелетін. Оны “нуглах” деп атайды. Науқастың етжақын туысы жол-жосынға сәйкес сол нуглахқа өтінім жасайды. Ол міндетін бүлжытпай атқару кезінде ширатылған жіптің бір ұшін күрмеп науқастың мойына салып, келесі ұшын қара сан астынан тартып әкеп ілмектен өткізіп, асқан ептілікпен жұлынды созып тұрып қинап азап шектірмей үзіп жібереді. Бұл Шыңғыс хан дәуірінен бұрынғы салт-дәстүр болса керек. Мәңгілік мекенге аттанған аруақ сүйегін белгіленген мезгілде көлікке артып қоя береді не иен далаға апарып ашық тастайды. Ит-құс жеп кетсе рух жәннатта болады деген сөз.
Ол қапты әкелген ізімен сүйреп апарып тастады. Сүркейлі түннің таңы атысымен ақ қар көк мұз кешіп Бекіжан ауылына көшті. Доспай оншақты күн төсек тартып әрең сауыққан. Қожахымет қол қусырып жүрмей мал бағып, от жағып қолғабыс тигізді. Бұнда бұрынғы жұмыскерлерден шаруа артылмады. Қара бала, қара қазан қамы үшін тағы бір баймен жұмыс істесуге келіскен Садық көшер көлікке сары атан жетектеп келген. Күн бұрын шақыруды ести сала Базарқұл тізгін ұшымен одан ерте жеткен еді.
Жанын жалдап нәпәқа сұраған босқын өмірдің өкініші көп. Нартәуекел. Сары атанға көрпе-жастық қомдап екі баланы отырғызып, ақ тоқал лақпен бөрте шыбышты теңдеп, күн көтеріле жолға шығып, межелі мекенге тартқан. Олар келген кезде күйек басталып жатыр екен. Садық жалғыз үлгіре алмады. Жас төлдерді шығынсыз жинау, ауыздандыру, үйшікке қамау жұмысын бала жігітерге жүктеген.
Азап арқалаған өксік жасыл желек жамылған даланың жайма шуақ көктеміндегі көк күмбез аспан астында ептеп аптығын басқан. Осындай қолайлы сәтке дөп түскен күздегі күйек кезі көңілге ерекше әсер еткен. Қой сауып, сары уыз қатырған Доспай балапандарын аққа жартып жырғады. Балалардың жүзіне күлкі үйірілді. Жап-жасыл балауса алқапта секіре ойнақ салған қозы-лақтарды қызықтап балпаңдай жүгіріп мәз болысады.
Сол жас төлдерге кешелі-бүгін тышқақ тиген. Кенеттен келген індеттің себебі белгісіз, көк шөп, жас уыз, неден болғанын ажырату мүмкін болмады. Дерттің қарқыны тым қатты, төлдер тұяқ серпей топырлап қырылып жатыр. Оны көріп қожайының қабағы қарыс айырылды. Садық шарасыз күйге түсіп күйзелді. Ол өлгелі жатқан бір қозыны тасқа қойып “тастай қатып тоқта” деп бауыздауынан түк өнбеді. Бұған тездеп бір амал таппаса биылғы төлден түйір қалмай түгейтін түрі бар. Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Бай індет төркінін кебенек келгір ешкіден көріп, бөрте шыбыш пен ақ тоқал лақты тірідей көмдіріп тастаған. Оның онысынан ештеме шықпады. Ол ақыры Садықты үй-ішімен қалдырып, жұрт жаңалап кетіп қалды.
Азық-түлік түгеп, көшерге көліксіз жалғыз үй иен қорада қаңтарылып қақталды. Үріп ауызға салғандай мөп-мөлдір балалардың қатырып жеген сары уызы көрген түстей, өзек жалғар құрт-ірімшік, қытырлатарға біраз бидай болған, бес күнен бері о да таусылды. “Қарала қаптың” кесірінен шошынған Доспай “қайтып келіп аламыз” деп тастап кеткен қырма шелекке ешкімді жолатпай қойған. Ақ ішіп дәмін татып үйренген балалар торсыққа көзі тіксе болды сілекейлері шұбұрады. Осылайша ес кетіп, жан шығып әрі-сәрі күйде дағдарып отырғанда, байдың жалшысы келіп сүтті қалдырып, шелекті алып кетті. Қап әттеген. Қара басып, Доспайдың тілі күрмеліп, үн қата алмай мелшиіп қатып қалғаны. Аштық өзекке түсіп, буын құрып, ішек шұрылдап әбіден әлсіреген балалар божып ашыған сүтті ішті. Оны іше сала Тұрахымет пен Жарахымет суша сарылдатты. Көтен ішектері айналып түсіп, еріндері кеберсіп, кешегі тышқақ тиген төлдерше былқ-сылық, жанарлары өлеусіреп қалды. Садық етек шидегі емшіге жанұшыра жүгіріп дәрі алып жеткенде бәрі жығылып жатты. Екі ұлы қыбыр-қимылсыз қалған.
– Құдайым-ай! Қарғаларым-ай! Құлындарым-ай! – қос балапанын бас салып кезек-кезек құшақтай зарлаған ол, – Сендерді алғанша мені алсашы, – деп үһілеп үгітіле боздады.
– Қарашықтарым-ай, – деді Доспайдың үні үзіліп.
Басқаларына дәрі берілді. Қос қарашық мәңгілік мекені қара жер қойына тапсырылды. Қаншама пенде қуанышынан қайғысы көп жарық әлемде өкініштен күйіп жанды десейші. Бекіжан ауылында жүре бергенде бұ күйге түспес пе еді, кім білсін? Қорғансыз адамды иектеген ажал құрғұр ішкі-сыртқы қамсауды тырдай сыбырды. Жүректе шемен боп қатқан қайғы қалды. Шықпаған шыбын жан шыдайды. “Өлгеннің соңынан өлмек жоқ”. “Сап! Сап-сап көңіл!”. Үһілеп үздігіп жеткен үн сабырлы сырға ұласқан.
Өмірбаян
Бағай Назарбайұлы – 1970 жылы Сауыр бөктерінде дүние келген. Туған өлкесінің төрінен түлеп ұшқан ол дәрігерлік оқуын тәмандады. Содан өз ауылына қайтып келіп емдеу ісімен айналысты. Ата жұртына бір жола қоныс аударып, 2001-жылы “Ақмола медицина академиясының” емдеу ісі бойынша интернатураны жалғастырды. Оқуын бітіріп сол жоғары оқу орының ішкі аурулар кафедрасында аға зерттеушілік міндетін атқарды. Содан көп өтпей ішкі аурулар пропедевтика кафедрасында ассистент болып қабылданды. Қазір Астана медицина университетінің “Профилактикалық медицина және тағамтану” кафедрасында аға оқытушы, ассистент болып жұмыс істейді. 2008-жылғы халықаралық конференцияда қытай медициналық университінің студенттері мен оқытушыларына дәріс оқыған. Осы уақытқа шейін жүздеген студенттерді тәрбиеледі, ондаған ғылыми зерттеу мақалалармен бірге оқу әдістемелік нұсқау жазды. “Ата-ана мен бала” журналының бас редокторы болды. “Шығыс шипагерлік негіздері” атты кітабы баспаға ұсынылу үстінде. Көркем әдебиет саласында ол тырнақ алды туындысы “Тымақ” деген әңгімесімен бастаған. “Қозы маңырақ, қой маңырақ” романы оқырмандарға жол тартып отыр.

