«Қазақ хандығына - 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне
Пролог Бабадан байтақ мынау қалған алап, Не дейді күмбірлеген арман – шанақ? Жалын боп жүрегімнен жас тамады, Қобыз боп қоңыр әнге салса қазақ. Ұқсайды өскен елге көшкен ерде, Сүрлеуі ғана жетті көп көнерген. Арманды бабам нені аңсады екен, Алты қаз ақтық рет «қош» дегенде. Тағдыры тап қылса да күзге, мейлі, Ілкіден бізге жеткен із мерейлі. Жапан түзде туылған қазақ ұлы, Кебеженің ішінде ес білген дейді. Аққудай айта жүріп арман әнін, Асық ер қиған талай жарға жанын. Қанша ерлер қара жерді жастанды екен? Қамы үшін «қара қазан, сар баланың». Айбары әр ұлының көк тіреген, Ас болған алты малта. Текті. Кенен. Айқасып ата жаумен үйінде емес, Ат жалын құшып өлсем деп тілеген. Ұшатын тастүлектей түлеп бір күн, Пейіл – кең, жүрек – дархан, білек – мығым. Отбасы ошағы еді өнегенің, Ордасы ибалы қыз, жүректі ұлдың. Атасы түркі дейді, арғы түп сақ, Аталған оғыз, қимақ, қарлұқ, қыпшақ. Қарахан, үйсін дейді, ғұндар дейді, Тамырын қарт қазақтың қазғыласақ. Сенемін, арғы бабам, расы – бөрі, Қалмайды қан майданда жасып ері. Сол күндер жаңғырсын бір жадымызда, Сонымен... Он бесінші ғасыр еді... І Қиырсыз құлан жортқан құба белде, Сахара. Сағым бөккен мұнар шөлде. Көшетін қалың қазақ қысы-жазы, Құранды ерін салып қылаң, керге. Әр ханның жүргенімен аумағында әр, Қаппаған ешкімнің де қармағын дәл. Бірікпеген кез еді ол бір ұлысқа Асаудай бұғалықсыз арда рулар. Сұлбасы көп аңсатқан сан арманның, Кез еді көп дұшпанға таланған мың. Кешегі батыр Барақ басшы болған Көкке ұшқан күлі айбынды Ақорданың. Жоғалып қоңыр әуен әлдилеген, Атпайтын болған енді таң күйменен. Дештінің даласында қазақ-өзбек, Дештіні Әбілқайыр хан билеген. Аһ ұрса арманын тек Ай ұғынар, Тарылған өріс-қоныс, жайылымдар. Бүтін ел бостандығын көкседі іштей, «Бастайтын ай маңдайлы қай ұлым бар?» Күміс түн. Боз сәулелі тымық аспан. Ақ орда. Хан Жәнібек күйі қашқан. Талайды күшік ойлар бірін-бірі, Тәңірдің бүгін тартқан сыйы басқа. - Жат билеп, батты бізге тепкі деген, Атаңның айбары бар көк тіреген. Азанда алдына кеп топ ақсақал, «Туыңды тұрғыза көр» деп тілеген. «Қайғым көп. Құлағыңды түрші» деді, (Ел мұңы өз жанының дүрсілі еді). Батқандай жамбасына жібек көрпе, Хан тағы құс жастықта күрсінеді: «Салса егер іргені аулақ, тағын бөлек, Тепкісі аяр ханның тағы үдемек. Жұрт болып жұмылдырар жұдырықтай, Апыр-ай, қандай айла табу керек?...» «...Атса тек өз жерімде күліп ақ таң...», Деп мана Керей сұлтан сырын ашқан. «Күн туды қосылатын көп қазаққа Қолында қас дұшпанның құрымақ па әр?» «Ел етем қарашамды, Күйініші көп...» (Өзі де сол халықтың күйін сүрмек). Жәнібек бір шешімге келген кезде, Жыршы құс жатты таңды сүйіншілеп... ІІ Қай жаққа бұрар екен Хақ Тағала, Айбынды ер. Айдынды әскер. Аппақ орда. Ақсақал. Алқа-қотан бек, батыр, би. Ал төрде Әбілқайыр тақ-тұғырда. Хан үнсіз. (Қайтсе жаны жай табады?), Жүзінен бір абыржу байқалады. Дауы бұл Арғын-Қыпшақ жайсаңының, Дауыл тұр алтын тақты шайқағалы. - Ардақты биден ұшты жалған бүгін, Дана еді Дайырқожам. Армандымын. Ақжолдай арысымды мерт етті, - деп, Көп арғын басын алмақ Қобыландының. Жүзіне көп батырдың кек тұныпты. Қос арлан бақталас-тын серті мықты, Аңдыған қара қыпшақ Қобыланды Ақжолды қапияда өлтіріпті. Күй кетіп, қор болуда есіл ері, Бұл жайттар білдіреді, хош, нені? Қос сұлтан келісті іштей: «Бітіспесе, Бар руын бөліп алмақ осы жолы...» Ақжол би арыстан-ды асқақ келген, «Жеңер ме еді, жекпе-жек болса, әттеген?!» Құнына Қобыландыны сұрамақ боп, Екеуі бар жақсыны бастап келген. Қобыланды батыр – ханның жолбарысы. Найзасы, бар қыпшақтың зор намысы. (Жасынан жанына алған шоқпары еді Тақсырдың басылып тұр зорға мысы). Хан ойда. «Қалың Қыпшақ – сүйенерім, (Солармен ғана таққа ие едім). Қыпшақтардың намысын жығар болсам, Қашатын шығар тастап кие мені». - Бектерім, қия алмаймын қыпшақ ұлын, Өтсе өтер өмір деген қысқа-ақ ұғым. Бір бидің өтеуіне жетіп қалар, Бастарын алсаң егер үш батырдың. - Жоқ!, - деді Жәнібек хан сыздап өңі, - Жазықсыз жылата алман мұндағы елді. Хан іштей секем алды. «Мына, шіркін, Бастамаса игі еді бір бәлені». Тақ жайын ойлады ол. Сұрқы қашып, Ордада отыр билер тұнжырасып. Жауабын хан тағы да қайталады, Сұлтандар көп ырғасты құн сұрасып. - Бітті онда, бөлгеніңіз мынау елді, Деп Керей хан орнынан түрегелді. Қасына ап билері мен батырларын Қос сұлтан қоштаспастан жүре берді. Соңына сан мың аңыз қалдыратын, Осы дау дейді елдің арғы заты. Сонымен қазақ деген көш бөлінді, Бірігіп халық мұңы, хан мұраты. ІІІ Моғолстан! Жүрекке салған ұшқын, Жаннаттай шаһарлары жанға құт тым. Алатау асқақтайды аспанға өрлеп, Көзді арбап гүлзарлары Алмалықтың. Алмалық. Көк тіреген күмбездері, (Әр жақтан нөпір керуен жүз келеді). Әр жерде алтын айлы ақ мешіттер Аққудай айдынында жүзген керім. Хан орда. Сырты сұсты, алып іші. Сарайға бүкіл халық бағынышты. Алмалық – астанасы. Бар моғолдың Есенбұға – бүгінгі тәңірісі. Шаһар бұл. Тарихы тым алыс қалған, Әмірі өткен-ді сан сайыстардан. Айбарлы еді патша арыстаннан, Алтын тақ – қалған мұра Уәйіс ханнан. Хан бүгін сарсаң іштей, Ой кеміре, Көз салып отыр сыртқа әйнегінен. «Шабарман бағанағы не деп кетті», Жүгіртті ой сөзі менен сөйлеміне: «Жүніс хан қылмаймын деп жатқа мекен, Көп қолмен ордаңызды шаппақ екен». Жүніс хан ағасы еді. Тақ жолында Кез кепті-ау бірін-бірі таптап өтер. Қысқанда мойымаушы ед қысас түрлі, (Талайды-ау тайса бағың бұл қасқыр күн). Әскері аздау еді. Мына хабар, Моғолдың әміршісін шын састырды. «Кетеді-ау ханзадамды арқандап әр, Армандай Алмалығым талқандалар». Хан қатты қобалжыды. Шарасыз тым, «Кімім бар қас дұшпанға қалқан болар?» «Дүние-ай, талай жауды сілкілеп ек...», Шабарман қайта кірді тұрқы бөлек. Хан бойын билеп кетті қайта үрей «Тағы да не көйітпек бұл сүмелек?!» - Дат, тақсыр! - Айт, - деді хан сәл дірілдеп. (Артынша сала берді паң күлімдеп). - Соңына қалың қазақ қолын ертіп, Келіп тұр Керей менен хан Жәнібек! «Бағзыдан хандарымен қырғи-қабақ, Кетіпті-ау. Дәу де болса жер сұрамақ... Жауынгер ел еді ғой жау Жүністің Жолында тұрса бұлар қарсы қарап...». Ол іштей разы болды бұл хандарға, (Осылай бір қауіптен құтқарды Алла). - Сой малды. Қазан асып, құшақ ашып, Сый-құрмет көрсетілсін сұлтандарға. - Тынықсын. Жолдан келді талай ырғар, Мұнда да туысы көп, ағайын бар. Атқанда ертеңгі таң бектеріммен, Тыңдармын өтінішін сарайымда. Жиын боп шақырмай-ақ керіске ерді, Сол жолы қазақ-моғол келіскен-ді. Жау жаққа қалқан қылмақ айлакер хан Шу менен Қозыбасын бөліп берді... Эпилог Аумақты сол алғашқы тұғыр еткен, Алтындай ақ сәуле енген түңліктен. Ақ киізге көтеріп хан Керейді Алғаш рет баба қазақ туын тіккен. Сол күннен қанша ғасыр жырақтады. Сан күлді. Атты кейде жылап таңы. Баяғы дұшпан өлді. Бірақ, әлі, Байрағын біздің халық құлатпады. Кер жонға қанша жаңбыр бүркіп өткен, Содан соң шығар болды күркірі өктем. Ақназардың тұсында Ақ Орданың Айбары Азияны тітіренткен. Жыл жылжып, ай ауысып, әлі өтер күн, Ұрпағың ұлы ісіңе тәу етер мың. Ерлігі Есім, Қасым ел есінде, Толағай Әз Тәуке мен Тәуекелдің. Қойнауы қарт тарихтың көп жаңғырды... Бүтін ел бодан болып, тозғанда ұлты, Бірлігін бүліндірмей біздің елдің Қорғады өр қазақтың көкжал рухы. Осылай озғаны көп, тозғаны көп, Ошағым жанады әлі маздап, үдеп. Тіріліп хан Керейдің рухы бүгін Кешегі қайта туды Әз Жәнібек. Бүгінде кешім нұрлы, таңым арай, Көксеген Кенесары, хан Абылай. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, Күн туды көп күттірген мамыражай. Айтпайды бүгін ешкім келеке, сын, Алмайды бүгін ешкім берекесін. Арқасын ер қажаған атын тұсап, Аруақты ел тойлап жатыр мерекесін...
Алтыншапақ Хаутай – 1990 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультеті мен магистратурасын тәмамдаған. Республикалық, халықаралық жыр мүшайраларының жеңімпазы. Жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты. Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлықтың иегері. «Қаламымнан сағынышым сырғанап...» атты жыр жинағының авторы.
