2013 жылдың 28 қаңтарында еліміздің Бас прокуратурасы Ұлттық Банкпен және өзге де мүдделі органдармен бірлесіп «Кейбір заңнамалық актілеріне қаржы (инвестициялық) пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын дайындады. Бұл заңның басты мақсаты − елімізде қаржы пирамидаларының жолын кесу және жұмыс істеуіне жол бермеу, қаржы пирамидаларының қызметімен байланысты заңға қайшы әрекеттерден азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық база қалыптастыру. Айта кету керек, қаржы пирамидаларын жоюға бағытталған заң жобасы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында жасалынып бітуі тиіс еді. Бірақ жаңа заң жарты жылға кешеуілдеп қабылданса да, қаржылық пирамиданың барлық түрлерін жоюға әлі де қауқарсыз. Мәселен заңда: «Тауарларды немесе қызмет көрсетулерді, өндіру немесе сатып алу-сату болмаған жағдайда адамдардың қаражат, басқа да мүліктерін тартуға болмайды» делінген. Демек, тікелей сауда және желілік маркетингтің атын жамылып, қаржылық пирамида жүйесі бойынша көпшіліктің қалтасын қағып, қомақты қаржыны шетел асырып жатқан сауда түрлері тағы да еш жазасыз қалады деген сөз. Елімізде кең таралған, каржылық пирамиданың негізінде жүргізілетін Quest.net, Тяньши секілді желілік ірілі-ұсақты сауда ошақтарына еш әсері болмайды. Әлемнің көптеген елдері атап айтқанда, Австралия, Бразилия, Великобритания, Канада, Китай, Франция, Германия, Италия, Иран, Япония секілді дамыған мемлекеттер қаржылық пирамида мен соған ұқсас сауда түрлеріне әлдеқашан тыйым салған. Ал біздің елге желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының аражігін ажырату үшін тағы біраз жыл керек секілді. Сурет: nwm.az сайтынан
Пікір қалдыру