Мен — Мұзарттан ұшқан мекені бөлек түлекпін

/uploads/thumbnail/20170708165129185_small.jpg

"Қазақ хандығына - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Мен Мен — түзде өрген тағының тарпаң төлімін. Бір табан жақын бөлтірігі десең бөрінің. Қамауда қалса құздан да құлап қарғыған, Құландай долы қылғынып өлер қарғыдан, Бұғалық кимей, булығып өскен бұламын, Барымды салып басыма сақтау қыламын. Мен — Мұзарттан ұшқан мекені бөлек түлекпін, Қанаты қатты, топшысы болат, дүр екпін. Құзғындай қорып өлексе татып алданбас, Қырандай шолып қанаты қатып қалған жас, Қолыңа іліп қолдана білсең – Алмаспын, Қолтығыңа кіріп қолаңса иіскей алмаспын! Мен – Алтайдай асқақ, етегі елсіз еренмін. Иірімге тартқан Ертістей түпсіз тереңмін. Ашуы келсе, қабағыңды аштырмас, алшайтып аяқ бастырмас, Арқадан соққан түтектей долы кереңмін. Сары дала Кіндік қаным тамбаса да, бұл дала құшағында шаттанамын нұрлана. Ыстық тартып әр төбесі, әр қыры, Шақырады сай-саласы, жылға да. Көз ұшымда көкжиегі манаурап, Аңыз болып көрінеді әр аумақ. Бір кездері тай-тұяғын жетелеп, Осы өңірден кетті-ау бабам жаяулап?! Еңселі оймен елігемін елжіреп, Көз алдымда көшкен сурет көлбіреп. Шоқ-шоқ болып қоң сулар да қалыпты-ау, Көшкен елдің көз жасындай мөлдіреп. Жерге қарап жадыма елес тұнады; Құлағымда Мұхит салдың бір әні. Кең қойнаудың күңіренген әуезі, Құрманғазы күйлеріндей ұнады. Махаббаттың мұңын айтып шерлеген, Бір төбеде Шеге отыр көреген. Анау қырдан ақбоз атпен сыдыртып, Ақжайыққа бетін бұрды Төлеген. Құла төбе – құба жонға қырағы. Құлан жортса жасырғандай раңы. Екіндіде көк өзектен көлбеңдеп, Қырға таяу Мұса жаяу жүр әлі. Абыз дала, аңыз дала, ертек дер. Секем алса селеу басы селт етер. Құба белден құлап түсер секілді атой салып, Махамбеттей «тентектер». Ашпаса да маған сырын ашалап, Маған жақын, маған таныс осы алап. Кенесары, Исатайдай бөрілер, Жауға тиді қай жылғаңды тасалап?! Қуаныш пен сағынышым көп менде. Бөркімді атып, шауып шықтым бөктерге. Қасиетіңнен айналайын, сары дала, Асылдардың бәрі өзіңде өткен бе?! Өз қолына алса ұлың теңдігін, Жара салмақ жүрегіңе енді кім?! Сен арқылы танып тұрмын, сары дала, Дүниенің тарлығы мен кеңдігін. Естимісің, құзғындар! Шың басына қонып, өңшең құзғындар! Құс түгілі, құздың сынын бұздыңдар. Бүйтіп шыққан биігіңді бұзғым бар, Бұрап-бұрап мойыныңды үзгім бар, Жеті жерден жемсауыңды кескілеп, Жегеніңді жіпке тағып тізгім бар. Қу далада сүйегіңді қуратып, Қу басыңнан таудай оба түзгім бар. Артта қалған ұрпағыңды шулатып, Сол обада көзмоншағын үзгім бар, Мына мені естимісің, құзғындар! Мына мені естимісің, құзғындар! Қасиетті қағбамды бұздыңдар. Билік үшін биіктіктің ұғымын, Бұл қоғамнан біржолата сыздыңдар. Құс төресі қыран қонар шың еді, Құнын білмей шың басына шыждыңдар. Ақырында апан толы боқтықты, Шырматылып өздерің-ақ мыждыңдар, Бұл сөзімді құптаймысың, құзғындар! Бұл сөзімді құптасаңдар, құзғындар, Соның үшін сазайыңды тізгім бар: Мансаппенен мәңгүрттенген миыңды Аршып алып аяққа сап мыжғым бар, Қырық қабат қоршау салған үйіңді Әрлі-берлі бульдзермен сүзгім бар, Бақытыңа балайтұғын барыңды Таласқа сап, Тартысына қызғым бар, Мына мені естимісің, құзғындар!

Оралбай Кәметияұлы – 1993 жылы дүниеге келген. Туған жері – Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласы. Қазір Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы Үйіндегі «Айтыс» мектебіне жетекшілік жасайды. «Бір тал уық» атты жеке жыр жинағы жарық көрген. Облыстық ақындар жыр-мүшайрасынан екі рет жүлдегер, облыстық ақындар айтысынан талай мәрте жеңімпаз атанған.

demeu2

Қатысты Мақалалар