«Ділі Зия» романы қазақ тіліне аударылды

/uploads/thumbnail/20170708165217499_small.jpg

Бала кезімде қытайлармен бірге ұйғыр, қырғыз, моңғол секілді ұлттармен қатар өстім. Әсіресе біздің ауыл аралас еді. Алғашында балалармен ойнап жүріп, құлаққа үйір болған тіл бірте-бірте әдебиетіне алып барды. Кейінгі кездегі жоғары оқу орны Үрімшідегі өмір, Құлжадағы қызмет бұл тілдермен етене жақын етті. Анау жылдары «Әдебиет айдыны» газетінің бетіне қырғыздан, ұйғырдан аудармалар беріп жүрдім. Осы кезде "Қазақ әдебиеті" газеті, "Жұлдыз" журналы беттерінде жарияланып жүр. Бүгінге дейін ұйғыр ақын-жазушыларынан 30 баспа табақ көлеміндегі әңгіме, повесть, мақала, өлеңдерді аударып, баспасөзде жария еттім. Осылайша жалғасқан жұмыс 20 б.т. тұратын Ахметжан Аширидің «Ділі Зия» романын аударуға алып келді. Ахметжан Ашири – бүгінгі ұйғыр әдебиетінің үздік өкілі, жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр әдеби кеңесінің Төрағасы, ондаған кітаптың авторы. «Идиқұт» деп аталатын тарихи дилогиясы ұйғыр, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарық көрді. «Ділі Зия» романы бүгінгі заман тақырыбына арналып жазылған, тәуелсіз Қазақстанның қызығы мен қиындығы қатар өрілген 20 жылын қамтиды. Бас кейіпкері Ділмұрат Пірмұхаметұлы Қузиев. Бір адамның жеке өмірі, мақтау мен мадақ екен деп қалмаңыз. Романда Кеңес Одағының соңғы кездері мен Тәуелсіз Қазақстан қоғамы сөз болады. * Имани және ұлттық бояу; * Тағдыр, өсу жолы; * Адам болудың сыры, мақсатқа жету үшін күрескен кәсіпкер өмірі, баюдың басты құпиясы; * Опалы ұрпақ, ата-ананың қадір-қасиеті. Одан өзге де көп мәселелер қамтылған. Бұл ұйғыр халқы үшін ғана емес, қазаққа да, күллі адамзат халқына керек кітап. Ділмұрат Қузиев арқылы өрбитін романға Ахметжан ағамыз көп еңбектеніпті. Айтуынша төрт жарым жыл жазылыпты. Бұл «кісілік кітабы» немесе «өмір сүру оқулығы» деуге тұрарлық еңбек. Бар жұмысты қайырып қойып, екі айда аударып бітірдім. Адам болғысы келген әке-шешеге опалы баласы болғысы келген кез келген жас қазақ оқыса, кеткен уақытына өкінбес еді. Маған айна секілді сезілді, қарап тұрып мінімді, бар мен жоғымды байқадым. Алла қаласа, алдағы кезде қазақ тілінде жарық көреді. Әдебиет адамға қызмет ететіні шын болса, «Ділі Зия» (баспа-бас аудармасы "Жүрегі Нұрлы", "Нұрлы тек") өз мақсатына жеткен роман. Ұйғыр әдебиеті де түбіміз бір түркі халықтарының ішінде мықты дамыған. Аудармасы озық. Күллі әлем әдебиеті Қытай бетінде ұйғыр тілінде толық сөйледі. Жалпы 20 миллионнан аса жан саны бар ұлттың негізігі отаны - Шығыс Түркістан. Қашқар, Қотан, Атуш, Ақсу, Құмыл, Үрімші, Құлжа қатарлы өңірлерге қоныстанған. Қазақ елінің тәуелсіздігіне дейін жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Нұрқасым Қазыбек, Уахап Қыдырхан, Құрманбай Толыбаев, Жаннат Ахмади, Дидахмет Әшімқан қатарлы ағаларымыз екі халықтың әдебиетіне көпір болған екен. Зия Самади, Жамал Босақов, Қызмет Абдуллин, Мәсімжан Зұлфухаров секілді ұйғыр қаламгерлері қазақ оқырмандарымен әдеби ортаға таныс. Ахметжан Ашири де сол классиктердің жалғасы. Тәуелсіздіктің таңы жарқырап атқан бүгінгі күніміз үшін де әдеби қарым-қатынастар аса өажет деп есептеймін. Ұнамды, озық әдебиет халықтарды бір-біріне жақындатады. Өзге ұлттарды жақсырақ біле жүру үшін қаламгерлердің еңбегіне жүгінудің артығы жоқ деп білемін.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Қатысты Мақалалар