Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша биыл Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтуі мүмкін. Бұл туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде қызу талқылаулар болып жатыр. Тіпті, қоғам қайраткерлері мен бір топ саясаткерлер бұл сайлаудың жеңімпазы қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатынын болжауда. Ал бұрынғы сайлауларда қара көбейтіп жүрген Мэлс Елеусізов мырза биылғы «бәйгенің» де шабандозы болатын сияқты. Дегенмен жұрт пікірі әр алуан. Айталық, қазір шетелде тұратын оппозиционерлер Ғалымжан Жақиянов пен Әкежен Қажыгелдиннің де есімі ел ауызына ілікті.
Шынын айту керек, соңғы кездері Әкежанның елге оралатыны туралы көп айтыла бастасада, көзден тасада жүрген қос саясаткер көңілден де көмескі тарта бастаған. Сондықтан Ғалымжан мен Әкежан мырзалардың кім болғанына қайтадан бір көз жүгіртіп көруді жөн көрдік.
Ғалымжан Жақиянов 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің машина құрастыру факультетін тәмәмдаған. Инжинер-механик, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Бәділжанұлы өзінің қызмет жолын 1986 жылы Семейдегі машина құрастыру зауытында цех мастері, комсомолдың жауапты хатшысы лауазымынан бастаған. 1994-1997 жылдар аралығында Семей облыстық әкімшілігін басқарған. 1997 жылы ҚР стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігінің төрағасы болды. 1997-2001 жылдары Павлодар облысының әкімі болып жүріп, Республикалық-қоғамдық "Қазақстанның демократиялық сайлауы" (ДВК)ұйымын құрғаны үшін қызметінен босатылады. Сол кезде, ҚДС-ның құрылтайшалары Ораз Жандосов (экс вице-премьер министр), Мұхтар Әбләзовтар еді. 2002 жылдың тамызында ҚР Қылмыстық кодексінің 307,308 баптары бойынша қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен 7 жылға қамалады. Көптеген Халықаралық ұйымдар, Amnesty International, Human Right Watch Жақияновқа тағылған айыпты растап, Жақиянов халықаралық саяси қылмыскер атанады. 2006 жылы мерзімінен бұрын босатылады. 2012 жылы отбасымен бірге АҚШқа көшіп кетеді.
Әкежан Мағжанұлы Қыжыгелдин 1952 жылы бұрынғы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Н.К.Крупсий атындағы Семей педогогикалық институтын аяқтаған. Экономика ғылымдарының докторы. Әкежан Мағжанұлы 1993-1994 жылдары ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1994-1997 жылдары Үкіметті басқару ісі жүктеліп, өз ісін абыроймен аяқтайды. 1998 жылы Президенттік кеңесшісі лауазымына дейін көтерілген Әкежан Қажыгелдин сол жылдың қазан айында Президенттікке үміткерлер қатарынан табылады. 1998-2001 жылдары РХҚП төрағасы, ДПО мүшесі болады. 1999 жылы Әкежан Қажыгелдинге халықаралық іздеу жарияланады. 2001 жылы бұрынғы премьер-министрге «қызметтік мәнсабын асыра пайдаланды, жүздеген миллиард доллар пара алды, мемлекетке шығын келтірді , салық төлеуден бас тартты, заңсыз қару-жарақ ісімен айналысты» деген бірқатар айып тағылып, 10 жылға темір торға тоғытылады.
Интерполдың бас хатшысының шешімі бойынша Қажыгелдин туралы барлық мәліметтер жойылады. Алайда Қажыгелдин күні бүгінге дейін халықаралық іздеу жарияланғандар тізімінде тұр. 2002 жылдың 11 шілдесінде Еуропа парламенті Әкежанға тағылған айыптарды негізсіз деп тауып, оған "Азаттық паспортын" табыстайды. Бұл Еуропа парламентінің саяси қудалауға ұшыраған қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерге берілетін құрмет еді. Осылайша Әкежан Қажыгелдин мырза Еуро парламенттің 15 елі мақұлдаған № 27 "Азаттық паспортының" иегері атанады.
Сіз не дейсіз, оқырман?
Пікір қалдыру