"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!
ҚАЗАҚТЫ АҚ ПАТШАНЫҢ ТЕПКІСІНЕ ЖЫҚҚАН ТЕВКЕЛЕВ ТЕ ҚАЗАҚ ЕКЕН
Алайда шоқыншы бабасының қателігін ұрпақтары түзетуге әуреленгені - біз үшін тарихи ащы сабақ!
(Құтлығмұхаммед Тевкелевтің шыққан тегі мен ұрпақтары
Хақында)
Бүгінгі таңдағы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Ұлы Петрдің патшалық Ресейді алып империяға айналдыру ниетін және осы империя аясында халықтар интеграциясын жүзеге асырушылардың бірі ретінде генерал-майор Қ.Тевкелевті дәріптеуге баса назар аударғаны соншалық, тіпті оған арнап есерткіш қою мәселесін де көтеруде. Ресейлік И.Тряпицын деген жас мүсінші «Тевкелев – Челябинск қаласының негізін қалаушы» деген ескерткіш макетін әзірлеп, бұл ескерткішті қаланың қақ ортасына қоюды ұсынуда. Алайда 2009 жылы күзде Ресей Федерациясындағы башқұрт жастарының одағы Қ. Тевкелевтің есімі башқұрт тарихында қанмен жазылатындығын, оның ХVІІІ ғасырдағы башқұрт азаттық қозғалысын басып-жаншу бағытында жасаған қастандығын, халықты бодандыққа салғанын еш ұмытпайтындығын, Челябинск қаласы мен облысында 200 мыңнан аса башқұрттар тұратындығын ескертіп, билік орындарына арнайы мәлімдеме жолдаған болатын.
Адамзат тарихында сан миллиардтаған жандар дүниеге келіп, олардың басым бөлігі көптің бірі болып дүниеден өтсе, ал кейбіреулері өз соңында халықтың келешек тағдырына қатысты қандай да бір ізін қалдырады. Ондай адамдардың өз дәуіріндегі әрекеті белгілі бір қоғамның өсіп-өркендеуіне әсері жағымды немесе жағымсыз болды ма деген мәселе төңірегінде пікірталастың туындауы ықтимал. Бұған Ресей халықтарымен қоса, қазақтардың ХVІІІ ғасырдағы тарихына да қатысы бар Құтлығмұхаммед Тевкелевтің келбеті төңірегінде қазіргі кезде өрбіген пікірталас дәлел бола алады.
Бүгінгі таңдағы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Ұлы Петрдің патшалық Ресейді алып империяға айналдыру ниетін және осы империя аясында халықтар интеграциясын жүзеге асырушылардың бірі ретінде генерал-майор Қ.Тевкелевті дәріптеуге баса назар аударғаны соншалық, тіпті оған арнап есерткіш қою мәселесін де көтеруде. Ресейлік И.Тряпицын деген жас мүсінші «Тевкелев – Челябинск қаласының негізін қалаушы» деген ескерткіш макетін әзірлеп, бұл ескерткішті қаланың қақ ортасына қоюды ұсынуда. Алайда, Челябинск қаласында Қ.Тевкелевке ескерткіш қою жөніндегі идея ресейліктер тарапынан тегіс қолдау таба қойған жоқ. Мәселен, 2009 жылы күзде Ресей Федерациясындағы башқұрт жастарының одағы Қ. Тевкелевтің есімі башқұрт тарихында қанмен жазылатындығын, оның ХVІІІ ғасырдағы башқұрт азаттық қозғалысын басып-жаншу бағытында жасаған қастандығын, халықты бодандыққа салғанын еш ұмытпайтындығын, Челябинск қаласы мен облысында 200 мыңнан аса башқұрттар тұратындығын ескертіп, билік орындарына арнайы мәлімдеме жолдаған болатын. Сөйтіп, башқұрт жастары Қ.Тевкелевке ескерткіш қою мәселесіне орай өз наразылықтарын білдіріп, Ресейдегі халықтар интеграциясы өткенді ұмытудан тұрмайтындығын, бұл үрдісте кез-келген халықтың өткеніне құрметпен қараудың да маңызға ие екенін алға тартты.
Қ. Тевкелев Челябинск қаласының ғана емес, Орынбор қаласының да негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ оның тікелей атсалысуымен Батыс Сібір аумағында Миасс, Шұбаркөл (Чебаркуль) секілді т.б бекіністер салынып, бұл бекіністер кейіннен ірі елдімекендерге айналды. Сондықтан да мұндай қалалар мен елдімекедердің негізін қалаушы ретінде Қ.Тевкелевке ескерткіш қою немесе қоймау Ресейдің ішкі мәселесіне тиесілі екені белгілі. Дегенмен де бұл адамның өз заманында патшалық Ресейдің оңтүстік-шығысқа байланысты ұстанған саясатын белсене жүзеге асырушы ретінде қазақтардың Ресейдің бодандығына түсуінде елеулі рөл атқарғаны қазақ жұртшылығын да бей-жай қалдырмаса керек.
Өткен бірнеше ғасырлар бойы Қ.Тевкелевтің атқарған қызметі көрініс тапқан және оған түрліше баға берген ғылыми еңбектермен қатар көркем әдебиеттер де аз жарық көрмеді. Бірақ та олардан Қ. Тевкелевтің шыққан тегі мен ұрпақтары жайлы мәлімет табу қиын. Ондай мәліметтер табыла қалғанның өзінде бір-біріне қарама-қайшы болып келеді. Соған орай қазірге дейін көпшілік қауым арасында Қ.Тевкелев татар екен, ноғай екен немесе башқұрт екен, әйтпесе Шыңғыс хан әулетінің өкілі деген әртүрлі пікірлер орын алуда. Зерттеуші А.Ю.Араповтың 2002 жылы жарық көрген еңбегінде Қ.Тевкелев мұсылманнан шыққан тұңғыш орыс генералы деп мәлімделінді.
Қ.Тевкелевтің өмірі мен қызметіне байланысты жазылған соңғы зерттеу жұмыстарының бірі башқортсандық И.Н. Байназаровтың диссертациясы болып табылады. Автор өз диссертациясында Қ.Тевкелевтің А.Бекович-Черкасскийдің экспедициясы құрамында болғанын, 1719 жылдан Сыртқы істер коллегиясы кеңсесінде жұмыс істегенін, 1722-1723 жылы парсы жорығына қатысқанын, 1731 жылы Кіші жүз қазақтарына бастап барған елшілігін, 1734-1744 жылдардағы Орынбор комиссиясы құрамындағы қызметін, башқұрт көтерілісшілерін жазалаудағы қатыгездіктерін және қалалар мен бекіністер салудағы атқарған жұмыстарын тың материалдар негізінде жазумен қатар оның шығу тегіне байланысты өзіндік пікір білдіреді. Ол Қ.Тевкелевтің арғы аталары Ноғай Ордасынан шыққан деген болжамға келеді. Оның айтуынша, Ораз (Уразлей) деген кісі Қ. Тевкелевтің ХVІ ғасырда өмір сүрген арғы атасы болып келеді, Ораздың өзі болса Үлкен Ноғай Ордасының билеушісі Орыс (Ырыс) бидің ұрпақтарының бірі. Сонымен қатар ол өзінің бұл пікірін Қ.Тевкелевтің келіні – Дария Тевкелеваның ХVІІІ ғасырдың 80-жылдары Уфа губерниясы дворяндары жиналысына берген шежірелік мәліметпен үйлеседі дейді. Бірақ автор Тевкелев деген текті (фамилия) Құтлығмұхаммедтің қайдан алғаны жайлы мәлімет келтіре алмайды. Оның орнына ол Құтлұғмұхаммед деген есім ноғайлар мен башқұрттар арасында кең тараған, башқұрттар Қ.Тевкелевке құлақ асқан, бірақ бұл оның башқұрт екеніне негіз бола алмайды деген пікір білдірумен шектеледі.
И.Н. Байназаров Қ.Тевкелевтің шығу тегі туралы өзіне дейінгі Я.В.Ханыков, В.Н.Витевский, Ш.Маржани, И.А.Гилязев секілді т.б. авторлардың пікірлеріне қосылмайды. Олардың Қ.Тевкелев Шыңғыс хан әулетінің өкілі, Керман (Касимов) хандығын билеген әулеттен шыққан деген пікірлеріне балама тұжырым ұсынады. Ол өз тұжырымын мұрағат құжаттарында «Тевеклев қасымдық мырза» (касимовский мурза Тевкелев) деген мазмұнда кездесетін сөз тіркестері бойынша негіздеп, мұндағы «мырза» сөзі Қ.Тевкелевтің ноғай не башқұрт екенін меңзейді деген пікірге келеді. Ол Қ.Тевкелевтің дәуірінде патшалық Ресейдің билігін мойындаған бұрынғы Керман хандығы мен басқа да бірқатар хандықтардың билеушілерінің ұрпақтары орыс дворяндарына теңестіріліп, «мырза» деп аталғанына назар аудармайды. ХVІІІ ғасырда христиандықты қабылдаудан бас тартқан бұрынғы мырзалар артықшылықтарынан айырылып, «чабаталы мырзалар» («мурзы-лопатники») аталған. Қ.Тевкелевтің христиандықты қабылдап, аты-жөнін Алексей Иванович деп өзгерткені белгілі. Сондай-ақ жоғарыдағы авторлар көрсеткендей, ол Керман хандығының билеушісінің ұрпағынан шыққан болса, онда Қ.Тевкелевтің «қасымдық мырза» деп аталуы орынды. Оның үстіне, Керман хандығында Қазан, Қырым, Сібір және Қазақ хандығында билік жүргізген әулеттердің өкілдері хан етіліп қойылған. Маңғыт, арғын, жалайыр және қыпшақ руларынан шыққандар елеулі күшке ие болған бұл хандық патша өкіметі тарапынан жойылғаннан кейін онда билік жүргізген әулеттердің өкілдері «мырза» аталу мүмкіндігінен айырылған жоқ.
Қ.Тевкелевтің шыққан тегі туралы нақтылы мәлімет беретін зерттеушілердің бірегейі ретінде ХІХ ғасырда өмір сүрген татар халқының көрнекті ағартушы-ғалымы Ш.Маржани есімін ерекше атау қажет. Ол ұсынған шежірелік мәлімет Орынбор мұсылман діни басқармасында 1865-1885 жылдары мүфти болған Сәлімгерей Тевкелевтен (Қ.Тевкелевтің шөбересі) алынғандығымен ерекшеленеді. Ш.Маржанидің өзі де кезінде осы діни басқармада қызмет етіп, С.Тевкелевпен тығыз қарым-қатынаста болған. Аталмыш ғалым өзінің «Мөстәфәдел-әхбар фи әхвали Казан вә Болгар» атты еңбегіндегі Орынбор қаласының салыну тарихына арналған тарауында бұл қаланың негізін қалауға Қ.Тевкелевтің тікелей қатысы барлығын айтып, оның Шыңғыс хан әулетінен екенін атап көрсетіп, Құтлығмұхаммедтің өзіне дейінгі тегін мынандай ретпен береді: Орыс хан (Ырыс хан) – Құйыршық – Барақ – Жәнібек – Жәдік – Шығай – Ондан – Оразмұхаммед – Дәулетмұхаммед – Мамаш – Тәукел (Тәуекел).
Ш.Маржанидің көрсетуінше, Қ.Тевкелев қазақтың Оразмұхаммед сұлтанының тікелей ұрпағы, яғни оның шөпшегі болып табылады. Бұл мәліметтің шындыққа жанасатындығын И.А. Гилязев та өзінің Тевкелевтер әулетінен ХVІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басында шыққан помещиктер туралы еңбегінде қуаттайды. Алайда, И.А.Гилязев Тевкелевтер әулетін Оразмұхаммедтен өрбитіндігін мойындағанымен бұл әулет өкілдерін татар помещиктері ретінде сипаттайды. Бұл бәлкім, Қ.Тевкелевтің Оразмұхаммед, Дәулетмұхаммед, Мамаш секілді аталары мен әкесі – Тәуекелдің (Тәукел) және ағайын-туыстарының Керман хандығында ғұмыр кешкендігіне де байланысты шығар. Өйткені, Керман хандығы тұрғындары орыс деректерінде «касымдық татарлар» («касимовские татары», «качим татарлары») деп аталған және бұл тұрғындар кейіннен осындай атпен субэтностық топ құраған. «Қасымдық татарлардың» жалпы саны небір аласапыранды бастан кешкеннен кейін, 1897 жылғы санақ бойынша 4,7 мың адамды құраған. Санақ өткен кезде «қасымдық татарлардың» басым көпшілігі мұсылман дінінің суннит тармағымын ұстанатындығын танытқан.
Жоғарыдағы шежіре бойынша, Құтлығмұхаммедтің тегі (фамилиясы) әкесінінің аты негізінде Тевкелев етіліп алынғаны да аңғарылады. Бірақ та кейбір мәліметтерде Құтлығмұхаммедтің әкесінің аты Мамаш деп те берілетіндігін айта кеткен жөн. Шежіреге сәйкес, Мамаш Құтлығмұхаммедтің атасы болып келеді. Мұндай жәйтті Қ.Тевкелевтің шоқынуына, христиандықты қабылдауына орай жіберілген шатастырушылық па деп те қабылдауға болады. Бәлкім, бұл қазақтар арасындағыдай, ол өзін атасының баласымын деп санағаннан туындады ма, онысы беймәлім.
Осылайша, қазақтың әйгілі ханы Тәуекелдің інісі – Ондан сұлтан мен оның ұлы – Оразмұхаммед Қ.Тевкелевтің арғы аталары болатындығы аңғарылады. Оразмұхамедтің 13 жасында жетім қалып, Сібір хандығындағы билеушісі Сейдектің иелігінде жүрген кезінде 1588 жылы Тобыл воеводасы Д.Чулковтың айлалы әрекеті нәтижесінде тұтқынға түсіп, Мәскеуге аттандырылғаны, онда алдымен орыс патшасы Федор Ивановичтің, кейіннен Борис Годуновтың қызметіне тартылғаны, орыстардың 1590 жылғы шведтерге қарсы жорығына және басқа да соғыс қимылдарына қатысқаны, сондай-ақ 1600 жылы Б.Годуновтың «қамқорлығы» нәтижесінде Керман хандығының билеушісі болғаны аян. Сол кезде Мәскеу патшалары Сібірді және оған іргелес өңірлерді иелену мақсатында ондағы халықтардың ашық қарсылығын туғызбайтын тәсілді таңдап, жергілікті билеуші топтардың өкілдерін өзіне тарту, сөйтіп оларды өз мүдделеріне сай пайдалануға басымдық берген еді. Соған байланысты орыс патшалығында өз тарапына өткендерге шен-шекпендермен қатар иеліктер тарту ету және жұртта қалған отбасы мүшелерін алдырып беру, оларды қызметшілермен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды. Мұндай шаралар Оразмұхаммедке де байланысты іске асырылмай қалмады. Бұған Оразмұхаммедтің алдымен поместье алғанын, Мәскеуден кейіннен Керманда жалғыз емес, үлкен отбасымен және ел жұртынан келген жақын би-бектерімен бірге тұрғандығын мысал ретінде келтіруге болады.
Оразмұхаммедтің Керманға хан болғанға дейін оның тұтқынға түсуі Тәуекел ханды толғандырмай қоймаған еді. Тәуекел хан 1594 жылы Мәскеуге Құлмұхаммед елшілігін аттандырып, орыс патшалығымен достық келісім жөніндегі ұсыныстар жасаумен қатар Оразмұхаммедті еліне қайтаруды сұрады. Бұл елшілікті орыс патшасы жылы қабылдағанмен, қазақ хандығы Көшім хандығына қарсы соғыс қимылдарын жүргізуі тиіс деп, Тәуекел ханның Оразмұхаммед туралы өтінішіне оның орнына Үсейін ханзаданы аманат етіп жіберген жағдайда босатылады деген шарт қойды. Бұл елшіліке жауап ретінде, 1595 жылы Мәскеуден Тәуекел ханға тілмәш В.Степанов бастаған елшілік жіберілді. Орыс патшасының қойған талаптары Тәуекел хан тарапынан қабылданбады. Мұның артынша, Оразмұхаммедтің өзі де немере ағасы Тәуекел ханға хат жолдап, орыс патшасымен достық қарым-қатынаста болу жөніндегі өтінішін білдірген еді. Оның бұл өтініші де жүзеге аспай, оған тағдыр жазмышымен орыс жерінде қалуына тура келіп, 1600 – 1610 жылдары Керман хандығының билеушісі болды.
Орыс паташалығының тікелей араласуымен 1452-1681 жылы аралығында өмір сүрген Керман хандығында 14 хан билік жасады. Соның онбіріншісі Қ.Тевеклевтің арғы атасы – Оразмұхаммед еді. Ока өзені жағасында құрылған бұл хандық қандай хандық еді деген мәселеге орай Ш.Маржанидің бұл хандықты хандық деп санауға болмайды, өйткені ондағы билік шығыс дәстүріндегідей мирасқорлықпен берілмеді, оның билеушілерін Ресей патшасы өз ыңғайына сай тағайындады, ол билеушілер орыс патшасына толықтай бағынуға, оған әрқашан әскери көмек көрсетуге ант беріп, тәуелсіз болмады әрі Керман билеушісі атынан ешқандай теңге соғылмаған, ту да көтерілмеген деген пікірімен қосылуға болады.
Оразмұхаммед 1605 жылы Б.Годуновтың өлімінен кейін орын алған алауыздық кезінде Лжедмитрий ІІ-ші жағына шықты. 1609 жылы В. Шуйскидің әскері Касимов қаласын алғаннан кейін поляк королі Сигизмундты қолдаған Оразмұхаммед 1510 жылы қараша айында Лжедмитрий ІІ-нің бұйрығымен қастандықпен өлтірілді [6, с.598]. Оның денесін әйгілі Едіге бидің ұрпағы П.Урусов Касимов қаласындғы қорымға жерлейді.
Оразмұхаммедтің өлімінен кейін Керман хандығына Көшім ханның немересі – Арсланғали, онан кейін оның ұлы – Сейіт-Борхан, онан соң Арсланғалидың әйелі әрі Сейіт-Борханның анасы – Фатима ханым билік етті. Патшалық Ресейде билікке келген Романовтар әулетінің тұсында Керман хандығы 1681 жылы, яғни Қ.Тевкелев 7 жасқа келген кезде жеке билік құрлымы ретінде өмір сүруін доғарды.
Романовтар билігі кезінде Оразмұхаммедтің ұрпақтары, яғни Қ.Тевкелевтің аталары қоныстанған Керман хандығында патша өкіметінің қолдауымен халықты шоқындыру саясаты жүзеге асырыла бастады. Хандықтың кейбір билеушілері шоқынып, орыс есімдерін алуға мәжбүр болды. Мәселен, Сейіт-Борхан хан шоқынып, Василиий деген есімді иеленді. Шоқындыру саясатының екпін алуымен 1656 жылы Керман хандығының тұрғындары көтеріліске де шықты. Бірақ мұндай әрекеттен нәтиже бола қоймаған саяси ахуал жағдайында Қ.Тевкелев секілді жасөспірімдер шоқындыру, орыстандыру саясатының құрбанына айналып, болашақ Ресей империясына қызмет етушілер ретінде қалыптастырыла бастады.
Петр І-нің билікке келгенге дейін-ақ Қ.Тевкелевтің өзінің көрсетуінше, бірнеше атасы Мәскеудің елшілік приказына қызметке тартылып, тілмаш болып қызмет атқарған. Аталарынан тағлым алып, машықтанған Қ.Тевкелевке шығыс тілдерін тәржімалау аса қиынға соқпаған. Мұндай іске Қ.Тевкелевтің өзінен басқа ағайындас бауырлары да тартылған. Қ.Тевкелев Петр І-нің сенімді серіктерінің біріне айналып, оның ойластырған саяси іс-шараларына, атап айтқанда, 1711 жылғы Прут жорығынан бастап араласады. Кіші жүз қазақтарына жіберілген елшілікті «табысты» атқарғаны үшін ол 1734 жылы Анна Иоановнаның қолынан полковник шенін алды. 1735-1741 жылдары Орынбор губерниясындағы башқұрттар көтерілісін басуға қатысып, онда көрсеткен «белсенділігі» үшін бригадир лаумазына ие болды. 1755 жылы Батырша көтерілісін басып-жаншығаны үшін генерал-майор шеніне қол жеткізді. Патша өкіметінің белсенді жандайшаптарының бірі ретінде башқұрт көтерілісін асқан жауыздықпен жазалағандықтан халық ішінде «әзәзіл мырза» атанды. Халықты жантүршігерліктей жазалап, халықтың көз жасына қалған Қ.Тевкелев Петр І-ден екі жас қана кіші болып, одан 40 жылдай артық ғұмыр кешіп, 92 жасында, 1766 жылы 13 сәуірде дүниеден өтті.
Қ.Тевкелевтің көзі тірісінде-ақ Тевкелевтер отбасы ірі помещиктер қатарынан саналды. Қ.Тевкелевке қарасты иелік оның «адал қызметі үшін» жылдан-жылға кеңейіп отырған. Бұл әулеттің қарамағындағы крепостнойлардың саны 2110 адамға дейін жетті. Оның 897-сі Орынбор губерниясында, 1130-ы Вятка губерниясында, 85-сі Рязань губерниясында болған. Вятка губерниясындағы Тевкелевтердің иелігі 42915 десятина жерді құраған, оның 5685 десятинасы егістік алқап, 33 959 десиятинасы орман, 4498 десятинасы шабындық болған. Сонымен қатар Тевкелевтер бірнеше кен орындарды да иеленген.
Осыншама кең алқабты алып жатқан Тевкелевтер иелігіндегі қожалықтар 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев бастаған көтеріліс тұсында зор шығынға ұшырады. Сол кездегі Тевкелевтердің шығыны 29864 сомды құраған. Пугачевшылдар көтерілісін басуға Қ.Тевкелевтің секунд-майор шеніндегі жалғыз ұлы – Жүсіп (христиандық аты-жөні – Осип Алексеевич) те қатысқан. Ол көтерілісшілерді жазалау отрядын басқарып жүрген шағында, 1773 жылы 6 желтоқсанда Уфа уезіне қарасты Ақбаш деревнясының маңында пугачевшылар қолынан қаза тапты.
Жүсіптің өлімінен кейін Тевкелевтердің иелігіндегі шаруашылыққа Қ.Тевкелевтің келіні – Дария Тевкелева бас-көз болды. Жүсіптің артында Шаһингерей атты баласы қалған, одан Сәлімгерей, Сейітгерей және Бақтыгерей атты үш немересі болған. Ресми құжаттарда олардың аттары орысша (Шаһингерей – Петр, Сәлімгерей – Александр, Сейітгерей – Павел, Бақтыгерей – Алексей) аталады. Қазіргі Башқортсатан Республикасының Буздяк ауданына қарасты Климово ауылындағы Тевкелевтер сарайы Қ.Тевкелевтің шөберелерінің тұсында, 1852 жылы салынды.
Қ.Тевкелевтің шөберелері де өзі мен баласы секілді әскери жолды таңдады. Мәселен, 1805 жылы туылған үлкен шөбересі – Сәлімгерей гусарлар полкінде штаб-ротмистр лауазымына дейін көтеріліп, 1829 жылы орыс-түрік соғысына, 1830 жылы поляктар көтерілісін басуға қатысып, 1848 жылы отставкаға шықты.
Тевкелевтердің барлығы бірдей әскери жолды таңдаған жоқ. Олардың біразы тілмаштықпен қатар зерттеушілік жұмыстарды да жүргізді. Мәселен, Қ.Тевкелевтің бауырларының бірі Рамазан Тевкелевтің ұлы – Мұртаза коллеж асессоры ретінде Сыртқы істер коллегиясында тілмаш болып қызмет етіп, Әбілғазы ханның «Түрік шежіресіне» түсініктеме (комментарий) жазған. Осы жерде Қ.Тевкелевтің ұлы – Жүсіп те білімге құштарлық танытып, өз үйінде бай кітапхана жинақтағанын айта кеткен жөн. Ол 1754 жылы қазандық Өтеген Оразметов деген адамға құны 199 сом болатын жеті кітапты тарту еткен.
Тевкелевтер әулетінен шыққандардың ішінде ХІХ ғасырда барынша танымал болғаны – мұсылмандыққа толығымен бет бұрған Сәлімгерей Тевкелев еді. Ол 1865 жылы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болып сайланды. Оның осындай лауазымға ие болуымен Тевкелевтер әулеті ендігі жерде шоқынған әулет емес, мұсылмандық әулет ретінде танылды. Оның үстіне сол тұста Еділ-Жайық өңірінде христиандықты қабылдаған түркі халықтарының өкілдері арасында миссионерлердің қарсылығына қарамастан мұсылмандыққа өту жаппай етек алып жатты. Осындай сәтте патша өкіметі шеткері аймақтарда тұрақтылықты сақтау мақсатында мұсылмандық элитамен ымыраға келу бағытына бет бұра бастаған еді. Соған орай патша өкіметі мұсылмандық элита өкілдерін де өзіне тарту ниетінде оларды марапаттай бастады. Мәселен, С.Тевкелев І дәрежелі Анна және Станислав ордендерімен марапатталды.
Уфа қаласында орналасқан Орынбор мұсылмандары діни басқармасындағы қызметі барысында С.Тевкелев 1868 жылғы әкімшілік реформаға сәйкес Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары қазақтарының діни істері аталмыш мүфтиліктің қарауынан шығарылып, жергілікті билік орындары қарамағына берілуіне наразылық танытқандардың бірі болды Сонымен қатар ол билік орындарының бұл облыстардағы қазақтардың діни істеріне байланысты шешім қабылданады деген уәдесіне сенім артты. Ол мұсылмандар арасындағы ахуалды жіті қадағалауға алып, 1866 жылы мұсылмандарға мұсылмандық парыздарын тиесілі орындау жөнінде үндеу таратты. Оның бұл үндеуіне сол кезде генерал-губернатор Н.А.Крыжановский де құлақ асып, оны барлық уез басшыларына қарамағындағы мұсылмандарға насихаттау жөнінде арнайы тапсырма берді. Бұл өз кезегінде Орынбор мұсылман діни басқармасының халық арасындағы беделінің өсуіне түрткі болды.
1867 жылы Орынбор өңірінде қуаңшылық орын алып, тұрғындар арасында аштық жайлай бастаған шақта С.Тевкелев Ресей мұсылмандарына үндеу жолдады. Ол үндеуде аштыққа ұрынған башқұрттар мен өзге де мұсылмандар пайдасына қаражат жинастыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл үндеуге орай мұсылмандар арасынан аштардың пайдасына деп 2431 сом жиналды. Жиналған қаржы аштыққа ұшырағандар арасында имамдар арқылы таратылып берілді.
С.Тевкелев мұсылман қариялары мен жетім балаларды қамқорлыққа алатын үйлер ұйымдастыру мәселесін де ойластырды. Оның өзі тікелей араласып, Уфа губерниясында мұсылман қариялары мен жетімдеріне арнайы үй ашуға жетекшілік жасап, жұртқа үлгі де көрсете білді. Бұл үйдің қаржылай ауыртпалықтарын көтеруге С.Тевкелевтің Сейітгерей, Бақтыгерей секілді бауырларымен бірге немере інілері де тартылды. С.Тевкелевтің бауырларының атсалысуымен мұсылман қариялар мен жетім балалар үйінің жарғысы әзірленіп, ол Императорлық адамсүйгіштік қоғамы арқылы бекітілді.
Ресей империясының астанасы – Петерборда тұратын мұсылмандарға арналған үлкен бір мешіт салу мәселесін көтерген де С.Тевкелев болды. Ол Шетдіндер департаментіне бұл мәселені өткір қоя білу арқылы, билік орындары тарапынан оның салынуына рұқсат алды. Ол бұл мешітті Ресей империясындағы басты ислам храмына айналдырудың маңызды екенін имератордың өзіне де жеткерді. 1883 жылдан бастап астандағы мешітті салу үшін империялық көлемде қаражат жинастыратын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына С.Тевкелевтің ұсынысымен А.Баязитов, М.Юнусов секілді т.б. беделді мұсылмандар енгізілді. С.Тевкелев аталмыш мешіттің салынғандығын көзімен көре алмай, 1885 жылы дүниеден өтті. Петербордағы мешіттің құрылысы 1913 жылы, Романовтар әулетінің 300-жылдық мерейтойы қарсаңында аяқталды. Мешіт ғимаратын салу ісіне өзге мұсылмандармен бірге қазақтар да, сондай-ақ, Бұхар әмірі – Сеид Абдул Ахад ханға дейін тартылды.
Өзіндік өнегелі ісімен көпшілікті тәнті еткен Тевкелевтер әулетінің өкілі – С.Тевкелевтің артынан ұрпақ қалмаса да, оның ісін інісі – Бақтыгерейдің ұлы – Құтлығмұхаммед Тевкелев жалғастырды. Арғы атасы – Қ.Тевкелевтің құрметіне оның есімі де Құтлығмұхаммед деп қойылған-ды. 1850 жылы туылған ол да аталары секілді әскери кәсіпке бет бұрып, 1870 жылы Паж кадет корпусын бітіріп, әскер қатарында офицер болып қызмет етіп, 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысына қатысып, 1885 жылы отставкаға шығып, қоғамдық жұмыстармен айналысты. Немере ағасының бастамасымен құрылған мұсылман қариялары мен жетім балаларға арналған үйдің жұмысын жүргізе жүріп, 1887-1905 жылдары аралығында Уфа қаласы думасының, Уфа губерниясы мен Белебей уезі земство басқармасының мүшесі болды.
Бірінші орыс революциясы жылдары Ресей империясындағы түрік-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысының көш басынан көріне білген Қ.Тевкелев Нижний-Новгород пен Санкт-Петербург қалаларында өткізілген үш бірдей бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысып, осы съездердің шешіміне орай құрылған Ресей мұсылмандары одағы атты саяси ұйының орталық комитетіне мүшелікке сайланды. Сондай-ақ Ресей империясының Мемлекеттік думасының алғашқы екі шақырылымына да депутап болып сайланған ол парламенттік мұсылман фракциясын ұйымдастыру мәселесесімен айналысып, ұлттық езгідегі түрік-мұсылман қауымының мүддесін қорғаудың тиімді жолдарын қарастырды.
1907 жылы шақырылған үшінші Мемлекеттік думада құрылған мұсылман фракциясына төрағалыққа сайланған Қ.Тевкелев «үшінші маусым заңына» сәйкес Дума жұмысынан қазақтар мен Түркістан өлкесінің өзге де халықтарының шеттетілуіне ашық қарсылық танытты. Халық ағарту саласын патша өкіметінің орыс емес халықтарды рухани езгімен ұштастыруыға деген талпынысын өткір сынға алды.
Ресей империясында өрбіген азаттық қозғалыста ұлттық езгідегі халықтардың күш біріктіре қимыл көрсетуінің және олардың бұл бағыттағы әрекеттерін өзара үйлестіріп отыруы қажеттігін Қ.Тевкелев төртінші Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясына жетекшілік етуі барысында айқын таныта білді. Сонымен қатар қазақтардың діни істерінің ешқандай діни басқармаға қаратылмауын ол патша өкіметінің жымысқы орыстандыру саясатының көрінісі ретінде бағалап, тез арада қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қарату керектігі жөнінде билік орындарына ұсыныс түсірді. Осы мәселені шешудің тиімді жолын қарастыру мақсатында 1914 жылы бүкілресейлік мұсылман съезінің шақырылуына ұйытқы болды.
Төртінші Мемлекеттік думада мұсылман фракциясы мүшелерінің саны аз болуы себепті оған арнайы көмек көрсететін ұйымның (фракция жанына Ә.Бөкейханов, А.Салихов, С.Мақсуди, С.Жантөрин, А. Уәлиди, М.Шоқай, Г.Исхаки секілді т.б. қайраткерлер шоғырланған бюронының) құрылуы да осы Қ.Тевкелевтің нәтижелі еңбегінің жемісі тұғын.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршуі барысында, 1916 жылы 25 маусымда шыққан патша жарлығына орай Қ.Тевкелев Министрлер кеңесі төрағасының атына қазақтар мен Түркістан өлкесіндегі өзге де жергілікті халықтардан майданның қара жұмысына адам алуды тоқтата тұру керектігі жөнінде ұсыныс түсірді. Осы жылы қыркүйекте патша өкіметінің көтеріліске шыққан халықты қару күшімен басу кезінде тигізген зардаптарын тексеру үшін А.Ф.Керенский, М.Шоқай секілді қайраткерлермен бірге Түркістан өлкесіне барып қайтты.
Қ.Тевкелев 1917 жылғы саяси өзгерістер жағдайында да Ресей империясындағы түрік-мұсылман халықтарының мүддесін қорғау бағытында ұйымдастырылған іс-шаралардан да тыс қалмады.
Осылайша, Тевкелевтер әулетінен патшалық Ресейдің отарлық саясатының сойылын соққандар ғана емес, осы саясаттың салдарынан ұлттық езгіге түскен түрік-мұсылман халықтарының мүддесін қорғау бағытында күрескен көрнекті қайраткер де шықты деуге негіз бар.
Челябинск қаласында Құтлығмұхаммед Тевкелевке қойылатын ескерткіштің макеті
Орынбор мұсылмандары діни басқармасының 1865–1885 жылдардағы мүфтиі - Сәлімгерей Тевкелев (1805-1885)
ІІІ және ІV Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының төрағасы –Құтлығмұхаммед Тевкелев (1850-1918)
Айткүл Шайымқұлқызы Махаева,
тарих ғылымдарының докторы,
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры