Азаттықты аңсаған қасқалар

/uploads/thumbnail/20170708165412372_small.jpeg

«Қазақ хандығына – 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» дегендейін, Қаратаудың бауырында өскен Қасқа айғыр құлын күнінен-ақ болмысы дара, бітімі бөлек жануар еді. Оның кең жауырын, жуан денесі, ұзын жалды, бөкен қабақты түр-тұрпатын көрген кісі қызықпай қалмайтын. Жасына толып үйірді басқарды. Қыстың күні Шыбықбел асуында көлік қатынасы қиындағандықтан, етектегі елге түсу үлкен жүк. Сондай қиналған шақтарда Қасқа айғыр жақсы жолдас, сенімді серік бола біледі. Тізеден асар күртік қарды омбылап, діттеген жерге қажытпай жеткізетін қайратты-тын.

Сол айғырды жылдағы шөп жинау маусымы басталған тұста «біраз пайдаланып, қыстық отын-суымызды түсіріп алагйық» деп ауылға алдырдық. Танауы желбіреп, жал-құйрығы желкілдеп жеткен Қасқамыздың күн өткен сайын күйі болмай, шөп жеуден де қала бастады. Тауға қарап шіңгірлегенде, жүрегің шымырлайды. Сонда да уақыт озған сайын жерсініп, үйреніп кетер деп үміттендік.

Бір күні жоңышқалықта арқандаулы тұрған орнынан таппай қалдық. Шылбырын үзіп, өскен мекеніне құстай ұшып жеткен екен. Біз қайта барып алып қайттық. Әйтсе де, аздаған уақыт ішінде осы жағдай екі-үш мәрте қайталанды. Ақырғы рет қашқанында үстінде отырған он жасар ініме ырық бермей, тағы да тауға қарай құйғыта шауыпты. Артынан шыққан қуғыншыларға қарамамстан, көз қалдымызда құйғытып келеді. Тау бөктеріне жақындаған тұста бойына ерекше бір күш дарығандай дүр сілкініп, жолындағы шөптерді ойнақтаған күйінде быртылдатып үзіп жеп барады. Қарап тұрып еріксіз таңдана сүйсінесің. Бейне бір өз жерінің шүйгін шалғынын сағынғандай, ауасын аңсағандай. Осы шабыспен үйіріне жеткенде шұрқырасып, бір жасап қалды. Ақыры оны үйірінен ажыратпайық деп шешіп, басына бостандық бердік.

Біз қазақ ежелден жылқыны жақын тартып, «жылқы мінезді қазақпыз» деуіміздің бір себебі жылқы төлінің бойындағы осынау тектілік қасиеттерінен болар. Дәл осы қасқа айғыр сияқты талай қазақ аласапыран жылдары жат елді, жат жерді мекендеуге мәжбүр болды. Олардың ішінде талай жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз да кетті. Бір ерекшелігі – өзге елде жүрсе де, тілі мен дінін, ділін ұмытпай, қазақы қалыптарын қаймағы бұзылмаған күйде сақтай білді. Сол қасқалар жат жердің суын ішіп, ауасын жұтып жүрсе де, жүректері, ниеттері, тілектері елмен бірге болып, «шіркін, тәуелсіздіктің таңы атып, еркіндіктің күні күліп, елімізге оралар сәт туса» деп арман қылды. Көз жастарын ағыл-тегіл көл қылып егілді. Тіледі, жылады, армандай күтті. Сол көптің тілегін Тәңір қабыл етіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елінің тәуелсіздігі жайлы ақжолтай хабар жер-жердегі күллі исі қазақ баласының кеудесіне қуаныш құйды. Жүректерін қуаныш кернеген қаракөз қандастарымыздың алғашқы көші сап түзеп, отанымызға келіп кірді. Тәуелсіздік таңы атқан соң оншақты мемлекеттен қазақтардың елім-жерім деп бәрін тастап, ағыла көшуі қазақ халқының тарихында мәңгілікке қалатын ұлы оқиғалардың бірі де бірегейі. Соңғы жиырмашақты жылдың ішінде бір миллионға жуық қандасымыз елге оралды, азаматтық алды, олар Қазақстанның рухани-мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып келеді. Шетелдегі қазақ қауымының атамекендегі ағайынға қосылуы қазақ халқының біртұтастығына елеулі үлес қосты, рухымыз оянды, өшкеніміз тірілді, тіл байлығымыз нығайды, экономикалық тұрғыдан алғанда адам капиталымыз еселеп өсті, республикамыздың демографиялық ахуалы жақсарып, ұлан-ғайыр жерімізге қорған болатын өнегелі де өнерлі ұрпақтың қалыптасып жатқанын көріп, шексіз қуаныш үстіндеміз. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы.

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәріне ілінді, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрді. Дегенмен «тәуелсіз» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткізу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм шайқасты. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, арманда кетті. Ұлтымызды сіңіре жұту мақсатымен жасалған алуан түрлі әккі тірліктер, қу саяси шаралар ұрпақ жадына жойқын соққы бергенімен оны мүлдем бағындыра алмады, дініміз бен тілімізді түбегейлі жоюға шамасы жетпей қалды. Қазақ «мың өліп мың тірілсе» де, қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Абай атамыздың «Қалың елім, қазағымы», Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Жасыл жайлау, түкті кілемі», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елімі» сияқты жүздеген, тіпті, мыңдаған шығармалар ұрпақтың санасына азаттықты, ел болуды, ту көтеруді, бірлікке ұмтылуды, ұлт ретінде сақталып қалуды, өжеттілік пен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлікті насихаттап отырды….

Тәуелсіздік біз үшін тым қымбат, өте қастерлі. Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, өзінің табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмір сүрген болса, осы табиғаттың бір бөлігі болып табылатын біз адамдар да тумысымыздан еркіндікті аңсаймыз, азат өмір кешуді қалаймыз. Егемендіктің алғашқы жылдары расында да қазақтың әрбір жанұясы үшін ауыр болды. Ауылда жарық өшті, азық-түлік қымбаттады, ақша құнсызданды. Айлық, зейнетақылар бірде тисе, бірде тимеді. Бірақ, халық барлық қиындықты бірге еңсере білді, өйткені елінің ертеңі нұрлы боларына сенді. Қазақтың өз байрағы, Әнұраны, ақшасы, әскері, шекарасы, төлқұжаты бірінен кейін бірі пайда болған сайын тәуелсіздіктің тәтті дәмі таңдайға біліне бастады. Осы жағдайлардың ішінде Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауының орны бөлек. Ал бұл сайлаудың ерекшелігі неде еді? Бағдарлай қарасақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық сайлау КСРО шеңберінде өткен алғашқы халықтық үдерістің бірін білдірді. Дәл осы 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлау арқылы Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын аңғартты. Бұған дейінгі Кеңестік кезеңнің барлық сайлауынан өзгеше өткен осы сайлау арқылы қазақ елі өз басшысы тек орталықтың пәрменімен тағайындалмайтынын, халықтың өзі билікке, өзінің көшбасшысын сайлау арқылы тікелей араласып, таңдау жасау құқығын жүзеге асыратынын сезінді. Нәтижесінде  1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін жүктеді. Расында, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігінің ширек ғасырында әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Әлем тарихын жүйелеп жазып шыққан ағылшын ғалымы Тойнбидің жазуынша, алып империя күйреген соң бой көрсеткен шағын мемлекеттердің таңдайтын жолы төртеу болады екен. Бірі - өткеніне оралу, екіншісі – керісінше, өткенін сызып тастап, әсіре жаңашылдыққа ұрыну, үшіншісі – шекарасын тарс жауып, сыртпен қарым-қатынасын шектеп, тұйықталу, төртінші жол – түлеу, жа­ңару жолы екен. Біздің Елбасымыздың да таңдаған жолы осы төртінші жол болды. Ол жолдың стратегия­сы 1997 жылы қабылданған «Қа­зақстан-2030» Стратегиясында толық көрініс тапты. «Біз­дің жас мемлекетіміз өсіп, же­тіліп, кемелденеді, біздің балалары­мыз бен немерелеріміз онымен бірге ержетеді… Олар бабаларының дәс­түрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағ­дайында жұмыс істеуге даяр болады». Назарбаев бастаған Қазақстан жолының анықтамасы осы соңғы сөйлемде тұр. Өткенге тұтас оралмау, бірақ бабалар дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жаңаның жақсысымен байыта отырып алға жылжыту. Осы бастаманың нәтижесінде, Қа­зақ­стан сияқты жергілікті халқы аз­шылықта қалған елді ешқандай қантөгіссіз, дау-жанжалсыз тарихтың тар көпірінен тайдырмай алып өтті. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында топтасқанына қарамастан, ел ішінде бірлік сақталды. Ал бірлік бар жерде береке бар. Қазақстанға инвестиция құйыла бастауының басты себебінің бірі де елінің ынтымағы. Енді, міне, «2030» Стратегиясының негізгі міндеттерін мезгілінен бұрын орындап, әлемнің аса дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылдық. Сөйтіп, Елбасы жүргізген саясаттың сара екенін көрсетіп берді. Енді алдымызда бұдан да үлкен міндет тұр. Ол «Қазақстан жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Стратегиясында белгіленген міндеттер. Осы жолдауды негізге ала отырып әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуымыз керек.  Қараша айының басында ғана көпшілікке жария еткен «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы да осы 2050-дің бір бөлігі. Елбасымыздың таңдаған жолынан ауытқымай жүрсек, оған жететініміз де еш күмән туғызбайды. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясат жүргізуінің нәтижесінде тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Қысқа уақытта көп биікті бағындырдық. ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСІШК сияқты ұйымдардың белсенділігі артты, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық еттік. Дәстүрлі дін басшылары 3 жыл сайын Қазақстанды бас қосып, пікір алмасу алаңына айналдырды. «Алдымен - экономика, сонан соң - саясат» қағидаты арқасында көпшілік қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Міне, осындай алаш жұртының асқан асуларының баршасы, елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі.

Тәуба дейік, бауырлар. Тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама халықтар бар жер бетінде, солардың мұңлы тағдырынан ғибрат алайық. Қазақстан әлем таныған ел болды. Тәуелсіздік болмаса қалай танушы еді?! Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салаларында өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. Осының барлығы да тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз.

Менің ойымша қазіргі ұрпақтың алдында тұрған ең маңызды тапсырма осы тәуелсіздікті одан ары бекіту, нығайту және болашақ ұрпақтарға баянды етіп тапсыру болса керек. Қазақ үшін кіндік қаны тамған туған жеріне, еліне деген махаббат ылғи алғашқы орында. Біздің өмірімізде «Отан», «Атамекен», «Туған ел», «Қара шаңырақ» деген ұғымдардың мән-мағынасы өте зор. Ата-анамыз бұл сөздерді, әсіресе, ер баласына, «Тәрбие басы – тал бесіктегі» сәтімізден құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өсіреді. Әрбір азамат өзін елдің қорғанымын, елімнің ертеңгі жарқын болашағы үшін керекпін деп, өз еліне тарыдай, тамшыдай үлес қосуға ұмтылуы – бойында бар Отансүйгіштік сезімнен. Кеңес Одағының тұсында  халқымыздың даңқты қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы Кубаға ресми сапармен барыпты. Сонда Куба жерінің басшысы Баукеңнен «Мұздай қаруланған неміс әскерін жалаң қолмен қалай жеңдіңіздер? Осының сыры неде?» деп сұраған екен. Сонда Бауыржан батыр: «Сендер айбыны асқақ, мықты армиялы елге айналамын десеңдер, алдымен азаматтарыңды арыстан жүректі, өр рухты етіп тәрбиелеп алыңдар» деген екен. Бүгінде осы талаптың үдесінен шығатын жастардың қаулап өсіп келе жатқанын көріп, жаның сүйсінеді. Біз, Елбасымыз, еліміз сенім артқан жастар, өз Отанымызға қандай пайдамызды тигізе аламыз? Жеріміздің гүлденуі, Қазақстан халқы тірлігінің берекелі де бақуатты болуы үшін бүгінгі жастардың білімге құлаш сермегені құба-құп. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» идеясын көтерді. Бұл идеяны да жүзеге асыратын -жастар.

Үш жүздің басын қосқан хан Абылай «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» деген екен. Шынында да, сан ғасырлық тарихында қолындағы найзасымен елін, жерін қорғап, алға бастаған елдің бүгінгі жаһандану заманының қатты ағыстарына төтеп берудегі басты қаруы білім болмақ. Білектің күшінен гөрі, білімнің күші жоғары тұрған қоғамды алға сүйрейтін де білімді, тәрбиелі, жан-жақты жастар екендігінде сөз жоқ.

Біріншіден, уақытың, мүмкіндігің болып тұрғанда, жалқаулыққа салынбай, оқу оқы, өнер үйрен. Жел бесіктен жер бесікке дейін оқу ізденіп, қоғамға пайдаңды тигіз.

Екіншіден, әркім өз мамандығының нағыз шебері болсын. Сонда ғана саланы ақсатпауға күш сала аласың. Білімсіз дәрігер аурудың диагнозын дұрыс қоймаса, емделушінің өміріне қауіп төнеді, білімсіз ұстаздан тәрбие алған бала «әліпті таяқ деп» шығады. Қарапайым жол жүргізуші білімсіз болса, зардабы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Сондықтан, мамандығыңның «жілігін кеміріп, майын жұтқан» майталманы бол.

Үшіншіден, әлемнің ең озық технологияларын үйрен. Жапониядан бір азамат шет мемлекетке шығып, бір жаңалық көрсе, дереу апарып, еліне жариялайды екен. Біз де жүрген жерімізде жақсылық көрсек үйренейік. Үйренгенімізді елімізге әкеліп шашайық.

Төртіншіден, еліміздің жер асты толған байлығын өзімізден шыққан жастардың игеруі үшін күш салайық. Қазақстан жері Менделеев кестесінің үстінде орналасқан. Сол байлық осы уақытқа дейін «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында да экономикалық қиындықтармен бетке-бет келіп қалған қиын кезеңдерге тап болып, шетелдік компанияларға игеруге рұқсат бердік. Бүгінде, Аллаға шүкір, еңсеміз тіктеле бастады, қара алтынның 51 пайызын отандық компаниялар өндіруде. Дегенмен, маман тапшылығы әлде де болса көрініс табуда. Көпшілік ата-аналар балаларын Абай айтпақшы «балам закон білді деп» қуанып, заңгер, қаржыгер, басқарушы мамандықтарына түсірді. Қазір солардың көбісі дипломдарын сандыққа салып қойып, жұмыстың жоқтығынан, құрылысшы, көлік жуушы болып күнделікті нәпақасын айырып жүр. Ал, біздің қазаққа инженер, технолог, нанатехнолог сияқты мамандықтар ауадай қажет. Ең бастысы бастық болу емес, еліңе пайдалы, жұртыңа қажет мамандықты игерсең, сол мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңа білсең, ең бастысы, халық қажетін өтеп жүрсең болғаны.

Міне, осылай, біз білімді болсақ, барлық саланы қарыштатып дамытып жатсақ, ең озық технологиялармен қарулансақ, барлық жер асты, жер үсті байлығамызды өзіміз игеріп жатсақ, елімізге қажетті мамандықтарды оқып, маман тапшылығы деген мәселені жойсақ, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дәріптей білсек, Елбасымыз мақсат еткен «Мәңгілік ел» боларымызға сенімім кәміл.

Сөз басында айтып кеткен Қасқа айғыр еркіндікті қалай аңсаса, біз қазақ та солай аңсадық. Аллаға шүкір, азаттыққа қол жеткіздік. Енді осы тәуелсіздігімізді баянды ету үшін экономикалық тәуелсіздікке, сонымен қатар, тәуелсіздіктің барлық түрлеріне қарай ұмтылуымыз, қажымай еңбек етуіміз шарт. Ол үшін өзіміздің құндылықтарымызды жете дәріптеп, ұлттық тіліміз бен ділімізді жаңғыртып, дін, мәдениет және өркениет салаларында да ешбір сырт күшке тәуелді болмауымыз қажет. Өз-өзін өнім-бұйымдармен қамсыздандыра алатын, азаматтары сауатты да білікті, инновациялық һәм интеллектуалдық потенциялы зор, ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналсақ, отанымыздың топырағын аялап, табиғатын қорғасақ, халқымыздың санын көбейтіп, сапасын жақсартсақ тәуелсіздігіміздің баянды болатынына еш күмән болмасы анық. Осы аманат тәуелсіздікті көрген біздерге, бүгінгі ұрпақтарға артылған. Алда алатын асулар мен белестер әлі көп, біз әлі ұлы көштің басында тұрмыз. Сондықтан бөлінуге, ыдырауға, әлсіреуге еш жол жоқ. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдар жасауымыз керек. Тәуелсіздігің тұғырлы, болашағың баянды, егемендігің мәңгілік болсын, Қазақ Елі!!!

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА

demeu2

Қатысты Мақалалар