Елімізде 18 жасқа толмаған қыздардың жүкті болып қалуы жиілеп кеткен. Оңтүстік өңірі бұл тұрғыда көш басында тұр.
Статистиканы сөйлетсек, аталған өлкеде былтыр 853 жеткіншек мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалған. Оның басым бөлігі қаракөздер. Бір айналдырғанды шыр айналдырады. Сондай жандардың бірі Айман. Ана атанғанына 8 айдан асыпты. Жасөспірім 14 жасында от басқан. Өзінен екі жас үлкен бозбала бұл туралы ешкімге тіс жармауды бұйырып қорқытқан көрінеді. Араға аз уақыт салып, аяғы ауыр екенін білген. Ата-анасы сүйекке таңба болмасын деп, үйінен қуып жіберген. Содан бері 16 жасар қыздың көрмеген құқайы жоқ.
"Екі күн көшеде паналадым. Біреуге бала күтуші болып жұмыс істедім. Сол үйде толғаттым. Перзентханаға барып, ол жерге алдап кірдім. 94-ші жылғымын, 98 жылғы екенімді айтқан жоқпын. Босанып болғасын ғана дәрігерлер мен туралы мәлімет білді. Ата-анам менен бас тартты", - дейді жас ана Айман.
Қазір Айман "Ана үйіне" нәрестесімен бірге жайғасқан. Ол жерде жас ананың барлық жағдайы жасалыпты. Материалдық қажеттілігінен бөлек, сөз демеу беретін жандар да табылған. Жаңа ұямен қауышқан Айманның енді өз отбасына оралғысы жоқ.
Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, былтыр оңтүстікте оң жақта отырған 853 жасөспірім қыз жүкті болып қалыпты. Оның 462-сі босанып үлгерген. Ұлттың ұйытқысы саналатын оңтүстіктегі ахуал осылай болса, Қостанайдағы да жағдай мәз емес.
"Былтыр Қостанай облысы бойынша 322 жасөспірім қыз жүкті болып қалған. 14 жасар қыз 20 жастағы жігітпен кездесіп жүрген. Бұл туралы әке-шешесінің де хабары болған. Ақырында өрімдей қыздың аяғы ауырлап, қолайсыз жағдай туындады. Осыған байланысты 20 жасар жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол жауапқа тартылды", - дейді Қостанай облыстық прокурорының аға көмекшісі Дамир Аишев.
Ең сорақысы осы жүкті болып қалған жасөспірім арулардың арасында 12 қыз жыныстық ауру жұқтырып алыпты. Құзырлылар бұған отбасындағы тәрбие мен мектеп қабырғасындағы тәлімнің төмендігі себеп деп отыр. Денсаулық сақтау мекемелері тарапынан жүргізілетін насихаттың да мардымсыздығы статистиканың өршуіне әсер еткен.
Қалай дегенмен де, жасөспірім арулар арасындағы ахуал езіліп жылайтындай жағдайға жетіп тұр. Жұртшылық бұған бірінші кезекте ұлттық идеологияның ақсағаны себеп дейді. Қызға қырық үйден тыйым салып келген қазақы менталитет соңғы кездері мәнін жоғалтқан сияқты. Бұғанасы қатпаған арулардың мектеп қабырғасында аяғы ауырлап жатса, ауыр күрсініп, ойлануымызға тура келеді! 7 арна
