Батырдың көз жасы (Әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708170429396_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне! 

Біздің жақтың жаңбыры да ерекше болатын. Түске дейін бәрі әдеттегідей  тымық ауа, жайбарақат тіршілік: енді күннің қызара шапақтанып, еріне басып көкжиектен асуын күтесіз. Алайда тынымсыз тіршілігімен әуре ауыл қазағы шайдай ашық күннің кейде, құйын перен жаңбырға  ұласатынына еш таңданбас еді. Алдымен елеусіздеу жел тұрады да, күшейе келе қара жолдың шаңын аспанға шығарып, әр жерде бір құйын ойнайды. Қап қара боп, қиыршық тас аралас топырақты шырқ көбелек аспанға ұшырған құйынмен бірге балалар да жүгіреді шуласып – Таздың үйіне бар! Мана аспаннан көрінген бір шөкім бұлт енді түстік тарапты тұтас торлайды.  Аяқ астынан пайда болған дауыл да, әп сәтте басылып ауаға сыз иісі жайылады. Шоғырлана жылжыған ауыр бұлт күннің көзін жауып, күркіреп, найзағай ойнатып ауыл үстіне де төне түседі. Қырдан төмен аппақ қабырғадай бері жылжыған жаңбырдың өзі көрініп, дауысы анық естіледі. Осы кезде балалар жан - жаққа шулай қашып, үйді - үйлеріне қарай зымырайды. Көптен бері тамшы тамбай аңқасы кепкен жерге селдетіп жаңбыр құяды. .. Үйдің қабырғасына жабысып тұра қалған бір үйдің балалары, шатырдан аққан жаңбырдың суына алақандарын төсеп, мәз - мейрам.  Бала кезде алған әсеріңіз ең жарқын, қайталанбас қуанышты, алаңсыз бейкүнә сәттер болып санаңызда тасқа басылғандай сақталмақ.

Дәл бүгінгідей есімде. Дөң басында айнала қоршаған балаларға ауылдың шежіреші қарты бабалардың ерлік жолы деп аңыз әңгіме айтып отыр. – Бұл тарих тура менің бауырымда, анау жазық алаңқайда болған-, дейді обалы тау ауыр күрсініп. – Бабалар ерлігіне біз де куәміз- деп көкжиегі сағыммен астасқан даланың ақ селеуі, тобылғы мен қарағаны, өзенді жағалап қаулай өскен ши желмен тербеліп, басын изейді. Тынымсыз ерке жел де балалардың құлағына шежіреші қарт ұмыт қалдырған батыр жігіттің кейбір сипатын сыбырлап жүр.

***

Тарбағатайды қалмақ жайлады. Буаз әйелдің қарнын жарыпты, бесіктегі баланы найзамен іліпті. Қалмақтардың ішінде адам жегіш құбыжықтары, әскеріне ерткен жезтырнақтары бар екен. Бір рулы елді түгел қырыпты. Ұлын құл, қызын күң етіпті. Жанан батырдың еліне бұл дақпырттың келіп жеткеніне біраз уақыт болған. Жас батыр қамсыз емес еді, ендігіде балапан басына тұрымтай тұсына кеткен шақта би бағландар, бай шонжарлар емес, атойлаған батырлардың ғана еліне қорған боларын түйсігіне түйген. Батыр жіберген барлаушылардың хабары да суыт, қалмақ қолы еш аялсыз алға жылжыпты, бет алысы түстік, демек осы елдің үстімен өтпек. Қазақ батырларының бастары қосылмады, қалмаққа қарсы әскер шығара алмады. Жеке қақтығыстарда қазақтың шағын әскерлері жеңіліп, халықтың  тоз – тозы шықты, шапқыншылыққа ұшырады. Жас бөрі Жанан қауіптің шеті білінерде - ақ өзіне қарасты елден қол жинап, қалмаққа аттанатын аға батырлардан хабар күтті. Қазақ әскері біріге алмай, батырдың үміті қиылды. Шағын жасағымен бүтін қалмақ әскеріне қарсы тұра алмайтынын білген Жанан шегіне бере еліне жетіп, халқын қауіпсіз мекенге көшіруге қарекет қыла бастады. Сүлік қара аты терге малшынған, жау қарасын көріп келген шапқыншы босағадан аттамай, табалдырықты басып тұрып:  -  Батыр аттан! – деді де, қалмақ қосындары дәл осы ретпен жылжыса екі- үш күнде ел шетіне кіретінін жеткізді. Барлаушылардың суық хабарын күткендей – ақ, Ертіс өзені бойынан да шапқыншы келіп түсті. Олар батыр тапсырмасымен өзеннен өткел іздеп кеткен, тауып оралыпты. Абдырамаса да, қимылы шапшаңдаған Жанан батыр елді Ертіске қарай көшіруге пәрмен берді. Ел жұртын Ертістен өткізіп, қалың орманға жеткізсе қалмақтан қара үзері анық. Өзі де елеңдеулі үркінші халық бірнеше күннен бері дайын еді, тек бағыттары белгісізтұғын, енді хабар болған соң Жанан батырға қарасты жұрт түйе қомдап, түп көтеріле көшті. Жаугершілік заман, бұрынғы салтанатынан айрылған көш, екі кештің арасында, күн еңкейген соң бой түзеді.  Үйелмелі сүйелмелі ұл қыздарын ашамайға өз қолымен көтеріп отырғызған батыр  түйенің бұйдасын он жастардағы үлкен ұлының қолына ұстатып, «Көке сіз ше» деп әлдене сұрағысы келген ұлына шырай білдірмей, кері бұрылып жүре берді. Жанары жаутаңдаған келіншегіне

– Сендерді аллаға аманат етемін! – деп атын шұғыл тебініп, әскеріне беттегенде бес қаруы қақтығысып сатыр - сұтыр етті.

Малды жанды ауыр көш алысқа ұзай алмаған. Ертеңіне шапқыншы барлаушылар арқылы қалмақ маңғыласының таяп қалғаны білінді. Бір күн. Халқын Ертістен өткізіп жіберу үшін бір күн қажет. Жау қолы тоқтаусыз алға жылжып келеді. Жанан батыр сайыпқыран ерлерімен қысқа кеңестен кейін, аруақ шақырып, жасағына ұран салды.

-  Ер басына күн туған заман болды. Еркек тоқты құрбандық. Көштің жолында біз құрбан. Бабалар салған жолменен, ертең таң атысымен жау қолын шабамыз! Елден жаны артық бұқпантайларға түн қараңғысы серік болсын. Ата жаумен жағаласып, жастығымды ала жығыламын дегендерің маған еріңдер.  Иә, аруақ қолдасын!

Жас бөрі соңына тас түйін әскерін ерітіп, қалмақ қолына қайрылды. Жау әскері екіге бөлініпті, алдыңғы легі тақап қалған. Қас қарая қазақтың көзсіз ерлері мың сан қалмаққа жақындады. Жанан әскерлеріне от жақпауға бұйырды, аспандағы жұлдыздар жерге түскендей бүкіл атырапты шоқ – шоқ жарыққа толтырған қалмақты аз ғана әскерге қалай көбейтіп от жаққызғанымен де қорқыта алмасы белгілі.

Ер тоқымын жастанып тыныстаған Жананды ертеңгі ұрыс қобалжытқан жоқ.  Сан ұрысты, қанды жекпе – жектерді басынан өткерген батырдың өзегін өкініш өртеп барады. Бұл жауды  үш жүздің басы қосылған үлкен аламан әскер ғана жеңе алмақ. Мына алмағайып заманда әрбір батыр өзіне қарасты әскерімен жеке қалып, жауынан жеңіліп опық жеді. Ер кезегі бұларға да келіп тұр. Ертең ел амандығы жолында жас жандарын құрбан қылуға әскері дайын ба?

Таң қылаң бере қазақ батырлары бірі қалмай атқа қонды. Қараңғы түнде бұқпалап қашқан бір қазақ болмапты. Ұшы қыйыры жоқ кең жазық құба қалмаққа толыпты. Қалмақ қолбасшысы кейін қалған әскерінің негізгі бөлігін тосуды қажет деп санамаған. Осы әскердің өзі  - ақ мына қазақтардан он

есе көп-тін. Бір сәтте қазақтардың тас талқанын шығаратынына бек сенімде байрағын қазақ әскеріне нұсқады. Қалың қол қазақтар тұрған төбеге қарай жылжыды.

Есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген Жанан батыр саптағы жасағының о шеті мен бұ шетіне екі қайтара ұрандап шапты. Алдын ала келісім бойынша батырлар жекпе жекке шыққан шақта қазақ сыпайлары әлсін әлсін қалмақтарға жақындай берулері тиіс. Қалың қалмақ әскерінің алыстан жаудыратын оқтарының астында қалмау үшін, түнде ұрыс алдындағы кеңесте алдын ала ойластырылған тәсіл. Орайы келсе жекпе жекпен уақыт ұтуды да құп көрген сайыпқыран ерлер, топтан шығатын апайтөс батырларын да сайлап алған. Жекпе жекті Жанан батырдың өзі бастамақ. Ендігі бір мезетте батыр қаптаған қалмаққа қарай құлдилай шапты.

- Жекпе – жек! – Жекпе – жек! Қанды басың бері тарт!

Қалмақ қолының орта тұсы қозғалақтап барып, жирен атты қалмақ батыры топтан бөлініп бері салды. Мың сан қалмақ найзаларының ұшы көкке шаншылып, күнге шағылды, қалмақ қолы күндей күркіреді. Тау қопарылғандай түйіле шауып келе жатқан қалмақ жүрексінуден ада, күшіне мығым, найзамен бір – ақ түйреп түсіргісі келетін сияқты. Жанан батыр атын бір бүйірлетіп тұрды да, байыз таппай шырқ үйірілген қара қасқанын басын бір мезет қақшита тартқан кезде тіке шапшыды. Алып қалмақтың найзасының ұшы Жанан батырдың қалқанына тиер тиместен қара қасқа иесінің ыңғайын тақымынан танып, орғый секірді. Қалмақ батыры сол екпінмен ауа қармап, шаңдата шапқан беті алыстап барып кері бұрылды. Ол қазақтың бұл қыймылын қорқақтыққа балағандай, енді шалыс баспай атын текіректете ойнақтатып барып, найзамен түйреп әйтпесе гүрзімен соғып жоқ қылуды ойлағандай. Найзасымен жердегі жыланды түйрейтін Жанан ежелгі әдетінше қалмақты көздеп екпіндей шапты. Тұяқтарынан кесектей топырақ пен от ұшырған қара қасқа мен қалмақтың жирен аты бір біріне жақындай берді. Қалмақтың найзасы Жанан батырдың қалқанына тиер сәтте оң тізесі от боп жанды. Жанан батырдың көк найзасы тері шалбарды қақырата тізесін жара өтіп, тірсегін қиған. Қалқанға соғылған найзаның ұшы тірек күшінен айрылғандықтан жойқын соққы жасай алмады. Екі жақтың әскері қас қағым сәтте, екі ат қатарласа бере қайта ажырағанда атынан аунап шаң қапқан қалмақты көрді. Қазақ қолының абыройы асты. Жанан батыр жер тіреп орнынан әзер тұрса да қылышын қынынан суырып айбат шеккен қалмақтың өндіршегін көк сүңгісімен орып түсірді. Көп қалмақ келесі жекпе жекті күтпей лап қойды. Қалмақта кегі кеткен, ер рухты қазақтың жанкешті батырлары да қалың қолды сыналай кірді.

 Атой салған қазақтар күтпеген қарсылық көрсетті. Жанан батырдың әскері сол екпінмен қарсы жақты қоғадай жапырды. Саны көп болмаса да тас түйін әскер бірлесе қыймылдап, бейберекет шабуылдаған қалмақтардың сабын бұзды. Қалмақ қолбасшысы әскерінің бытырай ұрыс салып, жұмыла қайрат көрсете алмай жатқанын байқады. Біресе қоршай түсіп, бірде қақ жарылған қалмақтар түс ауа көп шығынмен кері шегінді.

Жананның негізгі ойы жартылай болсын орындалды. Күн еңкейгенше тағы бір тойтарыс берсе ел жұрты қауіпсіз мекенге шығары анық. Бірақ бұл жолғы ұрыс қиынға соғар түрі бар. Шегінген қалмақ кейіндеп келе жатқан негізгі әскеріне барып қосылған болатын.

Көкжиек қаптаған қалың қолға толды. Көк сүңгілі қалмақтың мың сан әскері жауар бұлттай қайта түйіліп келеді. Көшпелі елдің ежелгі әдетіне салып қалмақ әскері аспанға қарата садақ тартты. Қайтпас қазақ ерлері алдымен көкке көтеріліп, одан соң өздеріне қарай жаңбырша жауған, зуылдай кеп ажал шашқан жебенің астында қалды. Жанан бастаған батырлар тағы да жауларымен арпалыса, айқасқа түсті.

Күн қызара шығып келеді. Ұрыс даласын қанаттары жалпылдап қара құс пен құзғын басқан. Ұлы денесінің сау тамтығы қалмай жарланған Жанан белгісіз тылсым  күштің қолдауымен басын көтеріп, атын іздеді. Оқыранып жанына келген атына жақындап, үзеңгіге аяқ салды. Ұзап кеткен жауының соңына түсіп, қуып жетпек. Ат жалын құшқан батырдың бойынан әл кетті, бойын басқан ыза мен ауыр қайғыдан ат тұяғының астындағы жақпар тас жапырылды. Жанан ат жалынан сырғып барып етпетінен жығылды. Елінің талайсыз тағдырына қайғырып, жанарынан улы жас тамды. Батырдың көз жасынан қара тас үгітіліп барады. Елім деп егілген ердің ауыр қайғысынан жақпар таста ат тұяғының ізі таңбаланыпты, ойдым тастың түбінде көз жасы бар.

***

 - Әке сіз айтқан «Батырдың көз жасы» осы ма?

- Иә, балам. Міне,  Жанан батыр мінген ат тұяғының бедері. Көріп тұрсың ғой, тасқа таңбадай болып түскен тұяқ іздерін. Ал мына екі жақпар тастың ортасына тиын тастасаң, суға түседі, түбінде су бар – ол батырдың көз жасы. Обалы таудың бауырындағы, әне анықтап қарасың көрінеді, шошақ бейітте аңыз бойынша Жанан батыр жерленген екен.

- Әке сонда батырдың кегі қайтпады ма?

- Оның ұлдары өскен соң әкелеріндей батыр болыпты, аман қалған елі кегін алыпты балам.

«Батырдың көз жасы» ескі заманның сүрлеу жолының бойында. Кейіннен салынған тас жолға бірер шақырым алыс болғандықтан ба екен, бүгінде ескі аңызды білетіндер некен  саяқ. Бұрынғыдай жолаушылар батырға тағзым қылып, тиын тастап, ақтық байламайды. Бала кезімізде шежіреші қарттан естіп жадымызға тұтқан аңыз жарқын да шуақты туған жердің ауасымен бойымызға сіңді. Өскелең ұрпаққа өнеге болсын деп енді өзіміз де бабалардың ерлік жолын ұлықтайтын аңызды насихаттап көрдік.

Нұрлан Балқаш

demeu2

Қатысты Мақалалар