Өскеменде Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясында белгілі абайтанушы, профессор Бауыржан Ердембековтың «Абайдың әдеби ортасы», «Әріп ақын», «Алаштың ақиығы – Әріп ақын», «Бұл өлең шыққан екен бірталайдан», «Әріп Тәңірбергенұлының шығармалары» кітаптарының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz порталы ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасай отырып.
Бауыржан Ердембеков 200-ге тарта ғылыми баяндамалар мен ғылыми-танымдық мақалалар, сонымен қатар, екі монография, бір оқулық, алты оқу құралы, екі оқу-әдістемелік нұсқаудың авторы. Облыстық кітапханада өткен тұсаукесерде ғалымның еңбектеріне бес томдық ғылыми жинақ қосылды. Соның ішінде 10 жыл зерттелініп, 2008 жылы басылып шыққан «Абайдың әдеби ортасы» монографиясының араб қарпіндегі нұсқасы бар. Қазақтың ақын-жазушылары мен ғалымдарының еңбектеріне сұранысы жоғары Қытай, Түркия, Моңғолияда тұратын қазақтардың өтініші бойынша 2014 жылдың қыркүйек айында Пекин қаласындағы Орталық Ұлттық университетте аталмыш монографияның тұсаукесері өткен.
Бес томдық жинақтың тұсаукесеріне келген билік және зиялы қауым өкілдері, студенттер ғалымның еңбектерінің жарыққа шығуымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.
– Абайдың әдеби ортасы мен Әріп Тәңірбергенұлының шығармаларын 2000 жылдан бері зерттедім. Республика ішінен бөлек шеттегі қандастарымыздың кітаптарымызды оқу мүмкіндігінің жоқтығы тағы бір мәселе. Қытай мен Түркиядағы қазақтар араб қарпінде оқитындықтан, жалғыз өз еңбектерімді емес, шәкірттерім арқылы қазақ жазушылары мен ғалымдарының бірқатар еңбектерін төте жазуға түсіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деді Б.Ербембеков.
