Тұғырды тұлға демейік...

/uploads/thumbnail/20170708170431326_small.png

Бір нәрсе туралы ой қозғағың келсе, амалсыздан  данышпан Абайға барып бас ұрасың. Өйтпеске шарамыз жоқ. Ұлы бабамыздан артылып кім айта алсын. Әсіресе, қазақ үшін. Жақсылығын да, жамандығын да жасырмай айтқан. Бүгінгі күннің тыныс-тіршілігіне қарасаң Абай бабамыздың айтқаны айна қатесіз дәл келіп жатады. Мақтаншақтық, паракорлық, мансапқорлық дейсіз бе, бәрі-бәрі. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» демеп пе ұлы бабамыз. Осы жұртты ақылға, сабырға шақырар осы аталы сөзді оқып отырғанда қазір «жаңалық ашқыш» жандар қаптап кеткені есіңізге түседі. Түймедей нәрсесін түйедей етіп көрсеткісі келіп, жоқ жерден «жаңалық» жасағасы келеді. Соның бір дәлеліндей, жуырда  ғана ғаламтор беттерінде  шымкенттік Аюбай Құралұлы деген профессордың орта және жоғары білім беру мекемелеріне «Тұлғатану» пәнін енгізу қажеттігі жайлы «жаңалығы» жарық көрді.  Ғалымның айтуынша, оқушылар бірінші сыныптан университет бітіргенге дейін Абылайхан мен Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Аслан Мусин, Бекболат Тілеуханға дейінгі сияқты азаматтардың өмірбаяндарын білулері қажет, дейді. Әрі бұл үшін он мыңға жуық адам туралы көптеген кітап құрастырғандығын, мұны мектеп мұғалімдері де қолдап отырғандығын айтады. Ал  оған жазылған пікірлерге  назар аударсаңыз, бойыңызды үрей билейді. Сол жазбаларда көрсетілгендей «Аслан Мусин мен белгілі әншіміз ұлты үшін не бітіре қойды екен.  Олардың түлғалық бейнелері Уақыт атты сұрапыл сұрыптаулардан өте ала ма, әлде олардың істері  шаңға көміліп қалмай ма?». Жарайды, жоғарыдағы ғалымымздың өзі «тұлға» деп таныған  10 мыңға жуық адамның арасында кімдер бар екен... Оның үстіне дәл осындай деңгейдегі  басқа да «тұлғалар» қалып қойған жоқ па екен деген заңды сұрақ туады. Шындығында да солардың бәрі тұлға ма, әлде  қазіргі бай-бағландардың ата-бабалары мен өздері ме?!. Әлде аты ауыз үйден әрі аспаған біреулер ме?! Сұрақ көп.

 Осы арада мына жәйт еске түседі. Мәселен, қазір екінің бірі шежіре жазғыш боп кетті.  Жазғанда да бір жүйеге бағындырылса қанеки? Осы істің басында жүргендердің жаңа туған сәбиіне дейін аты-жөні көрсетіліп, өзгелерінің ата-бабаларының деректерінен қате кетіп жатады. Бәз біреулерінің  есімдері мүлдем аталмай қалады. Сөйтіп реніш туындайды. Қара басының қамы үшін жұрттан жылу жинап, бизнес көзіне айналдырып жүргендері де жоқ емес. Тек шежіре ғана емес, бұл күндері әрбір ауыл-ауылдардың да  кітаптары шығарыла батады. Мұнда да пенделік көзқарастар «үстемдік» құрады. «Аузы қисық болса да бай баласы сөз алсын» дегендей қалтасы қалыңдар мұнда да төрден орын табады.

Екіншіден, бұл бастаманың соңы не болады деген  тағы бір ой да  қылаң береді. Неге десеңіз, осыны сылтау еткен кейбір пысықайлар облыстық, аудандық деңгейдегі  тұлғалар жөнінде  жөнінде де кітап шығарып, мектептерде оқытылсын демесіне кім кепілдік береді. Кітап саудасын «қыздырып» жіберсе қайтпекпіз. Кітап саудасы демекші, әр рудан қолдан батыр, жолдан би жасап жүрген «жазармандарымыздың» том-том кітаптарын  саудалап, тіпті билік басындағы біреулер арқылы жұртқа күштеп өткізіп жүргенін де көзіміз көріп жүр.

Жалпы бұл күндері тұлға кім, зиялы кім? деген сұраққа екіұдай жауап беріліп келеді. Біреулері жоғары білім алған адамдардың бәрі  зиялы десе, біреулері қарапайым еңбек ете жүріп тектілігімен,  ақ адал тірлігімен, айналасына шуақ нұрын төгіп жүрген жандарды зиялы санау керек, дейді. Бәз біреулер  екі адамға билік жасаған жанды «тұлға» санайды.  Расымен де күні кешегі зиялымыз «зиянды», «ұлымыз» «ұры» боп шығып жүргені де өтірік емес.

Әңгімемнің соңын Абай бабамыздың Қара сөздеріндегі мына сөздерімен аяқтағанды жөн көріп отырмын. «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті», дейді 22-қара сөзінде.

Олай болса, «тұғырды» Тұлға деп танып, ұлықтап жүрген ұлыларымыздың құнын түсіріп алмаймыз ба?

Серікжан ҚАЖИ, ақын

Қатысты Мақалалар