Белі қылдырықтай болса да құмырсқаның ылғи таудай жүк арқалап жүргенін көреміз. Бұл бір кездейсоқтық па, әлде Тәңірдің пендесіне тағылым алсын дегені ме, әйтеуір, құмырсқа да, әйел заты да бір іспетті. Толстойдың «Анна Каренинасы» жазылғаннан бастап күні бүгінге дейін қаншама тілде, қанша елде, қаншама туынды түрінде әлемді шарлағанын ескерсек, біздің де сол уақыттан бері бір ғана әйел тағдырын арқау ете отырып, көп нәрсені жеткізбегенімізге таңғалуға болады. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп кеткен ер атаулының артында қалып, ошағының отын, азаматының атын өшірмей, ауыр қиындық пен қылбұрау қиянатты қасқая қарсы алған қазақ әйелдері жетерлік, ал солардың ішінде Фатима Ғабитованың жөні тым бөлек. Себебі ол – бір емес, үш бірдей ұлтымыздың ұлы тұлғасының ұрпағын өсіріп, мұраларын сақтап қалған асылтекті әйел, алтын құрсақ ана. Үшеудің бірі – Алаштың ардақты ұлы, кезінде еліміздің білім саласына білікті басшылық жасаған Біләл Сүлеев, екіншісі қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров болса, енді бірі – ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов және Фатима мен балалары төңірегінде өрби отырып, қазақтың ХХ ғасыр бойына бастан кешкен зобалаңдарын қамтыған «Фатима» қасіретнамасының бір ғана түйіні сондағы кейіпкердің, жаңылыспасақ, Мұхтар Әуезовтің аузымен айтылған мына сөзге сыйғандай: «Қазақтағы бұл қайғы: жылқыдағы – жаманат, сиырдағы – қорасан, қойға тиген жұт болды». Алайда автор менен режиссердің шешімі бізге ұнады, яғни қыс артынан көктем келетін тіршілік заңына сәйкес, сондай зұлматтың соңында Фатима болашақтың иесі – балаларымен гүлге көмкеріледі.. Автор: Мәриям ӘБСАТТАР http://alashainasy.kz
Пікір қалдыру