Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасы - жұмыссыздықпен күрестің басты құралы

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

 Соңғы жылдары әлем елдерінің күн тәртібінде жұмыссыздық мәселесі ең өзекті мәселе ретінде орнығып отыр. Шындығында, бүгінгі таңда жұмыссыздықты ауыздықтаған ел ғана дағдарысқа қайыспайтын қауқарлы ел саналады. Міне, осы тұрғыдан алсақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін жүйелі атқарып келген һәм болашақ айқындаған бағдарының өзегі – жұмыссыздықпен күреске келіп тіреледі.

Әлемдік ахуалға оралсақ, соңғы уақытта дүние жүзіндегі нөмірі бірінші экономика саналатын Германиядағы кедейлік деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, рекорд орнатқан: азаматтардың жалпы санының 15 пайызы, яғни 12,5 миллион адам - жалғыз басты ата-аналар мен жұмыссыздар. Бұл ретте «Paritätische Gesamtverband» ұйымының зерттеу деректеріне сәйкес Германияда 40 пайыздан астам жалғыз басты ата-аналар мен 60 пайыз жұмыссыздар кедейшілік шегінен төмен деңгейде күн көруде. Егде адамдар мен зейнеткерлердің 15 пайызы кедей.

Бұл ғана емес, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде жұмыссыздар саны 43 миллионды құрайды, ал 850 миллион адам аштықтан зардап шегіп отырған көрінеді. Еуроаймақтағы жұмыссыздық  11,5 пайызға жеткен. Жұмыссыздықтан туатын кесел де, қоғам үшін қауіп те зор. Экономиканы былай қойыңыз, жұмыссыздың саны өссе қылмыс көрсеткіші де артады. Сосын шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, әлемдегі өзін-өзі өлімге қиюдың әрбір бесіншісі жұмыссыздықтан болады екен. Жұмыссыз қалған адамдардың психологиясын жіті зерттеген ғалымдар осындай қорытынды жасауға мәжбүр болған жайы бар. Мәселен, Цюрих университеті мамандарының зерттеу нәтижесіне сүйенсек, жұмыстан шығып қалған немесе жұмыс таба алмаған адамның өзін жайсыз сезінуі экономикалық дағдарыстын да жоғары тұрады. Жұмыссыздықтың әсерін көп жылдар бойы зерттеп жүрген Карлос Нордтың айтуынша, 2000 - 2011 жылдар аралығында 45 мыңға жуық адам бұл өмірден өз еркімен қош айтысқан.

Сондықтан да, қазір әлем елдері дағдарысқа қарсы күресте жұмыс орындарының ашылуына мейлінше мән беріп, жұмыстан қысқарту мәселесіне өте мұқияттылықпен баруда.

Әлбетте, бүкіл әлемде осындай көңіл күй орнап тұрғанда, Қазақстанда жағдай керемет деп айту әбестік болар. Өйткені, Қазақстан сол әлемнің бір бөлігі болғандықтан, жаһандық құбылыс бізге де әсер етпей қоймайды. Дей тұрғанымен, әлемдік дағдарыс пен жаһандық саяси жағдайларға қарамастан Қазақстан 2014 жылды жағымды көрсеткіштермен қорытындылады.

Ендігі міндет Елбасы айқындаған шаралар аясында жұмыссыздықты қалыпты деңгейде ұстау, ондай проблеманы өршітпеу. «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялағанда да Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін ұтымды шешуді алға тартты. Тіпті Президент облыстарда өзінің портреті емес, өңірдегі жұмыссыздық көрсеткіші ілініп тұруы керектігін талап еткен болатын.  «Жер жүзінде 7 млрд. адам тұратынын білеміз, ал соның ішінде 15 жастан жоғары, жұмысқа қабілетті адамдар саны 5 млрд. адамды құрайды. Ал Жер бетінде ашылып жатқан тек 1,5 млрд. жұмыс орны бар. Ендеше, қалғаны уақытша жұмыс орындарында жүр немесе жұмыс іздеп жүр деген сөз. Бүкіл әлем қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі лайықты жұмыстың, лайықты жалақының болуын тілейді екен», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте, Елбасы жақсы жұмыс миллиондаған адамдар өміріндегі әлеуметтік лифт болып табылатынын атап өтті.  Яғни, Президенттің айтуынша, жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді. Сосын жұмыс орындарын ашуда шағын және орта бизнеске түсер салмақ маңызды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керектігін айтқан еді. «Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Жалпы экономикалық өсім дегеніміз - жұмыс орындарының өнімділігін көтеру», - деп түйіндейді Мемлекет басшысы.

Ал Президент бастама жасаған «Нұрлы жол» бағдарламасына келсек, ол бойынша Қазақстан қыз-қыз қайнаған еңбек алаңына айналады. Көліктік инфрақұрылым, жол саласындағы мегажобалар, құрылыс аясындағы жоспарлар, мінеки осындай бағыттарда тұтастай алғанда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұған қазынадан қаражат та бөлініп жатыр. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы бекіткен жұмыссыздықпен жүйелі күрестің нәтижесінде елімізде жұмыссыздық кеселі біржолата шешімін тауып қалуы да ықтимал. Айта кетерлігі, статистикаға қарағанда, 2000 жылы Қазақстандағы жұмыссыз жастар саны 17 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2009 жылы 8,5 пайыз болды. Ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 4,3 пайыз болып отыр, яғни еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші алғаш рет жалпы жұмыссыздық көрсеткішінен төмендеген. Ал жалпы жұмыссыздық 5,4 пайыз шамасында. Осылайша, жастарды жұмыспен қамтуға қатысты атқарылып жатқан шаралар өз нәтижелерін беріп жатыр деген сөз.

"ҚазАқпарат"

Қатысты Мақалалар