Меніңше, сұрақтар қазақша да, орысша да болды. Мен орысша жауап бердім. Қате түсінілуі мүмкін аудармасын емес, өзімнің жауабымды беруі керек еді. Мыңдаған тыңдармандар мен оқырмандарды адастырмас үшін «еркіндік», «тәуелсіздік», әсіресе, «толық тәуелсіздік» секілді өте күрделі тақырыпты жеткілікті дайындықсыз адамдардың ақпараттық кеңістіктерде талқыламағаны жөн. Саясаттың жоғары математикалық есебін шешуге ұмтылмас бұрын, алдымен саясаттағы көбейту таблицасын меңгеріп алу керек. Көпұлтты Қазақстандағы қазақтардың «толық тәуелсіздігі» дегеніміз не? Жүздеген ұлттардан құралған 17 миллион халқы бар мемлекеттің құрамында 10 миллион қазақтың қазір немесе болашақта толық тәуелсіз болуы мүмкін бе? Журналистер болмасты армандамас бұрын осы сандарға ой жүгіртуі тиіс еді. Сондықтан да осындай құрғақ қиял жастар арасына да таралып кете ме деп қорқамын. 2х2=4 болатыны секілді, жер бетінде толық тәуелсіз ешбір халық жоқ, және ешқашан да болмайтынын естен шығармаған жөн. ТМД көлемінде бір ғана ұлттан құралған жалғыз мемлекет – Армения. Онда бәрі – 100% дерлік армяндар. Оларды толық тәуелсіз халық деп атауға бола ма? Шынында нағыз бақытты ма? Жоқ. Олар да басқа халықтар секілді алыс- жақын көршілерінен тәуелді! Үнемі қауіп күтумен өмір сүреді. Ғайыптан тайып аңқаулар армандағандай ұшан теңіз байлығымыз бен ұшы-қиырсыз кең аймағымызда ат төбеліндей қазақтар өздері жеке қалғанын елестетіп көрейікші. Сонда бізді алдан не күтеді? Толық тәуелсіз, бақытты ел бола аламыз ба? Не болатынын мен болжап берейін. Бөлініп кетеміз. Өткен ғасырлардан бері әлі күнге халықты біріктіретін ұлттық сана-сезім қалыптаса алған жоқ. Әзірше жергілікті аталастық, рулық, жүздік сана-сезімнің басымдығы байқалады. Бұл пікірмен ешбір саясаткер таласа алмайды. «Отаншылдардың» кейбірі «толық тәуелсіздік» туралы қызулана айта бастаса-ақ, оның негізгі ойының түбінде аталастық, рулық, әрі кеткенде жүздік пікір жатқанын түсіне қоямын. Болашақ Адайстан туралы немесе Қазақ елінің басқа қиырларындағы осындай жобаларды естімеген ешкім жоқ шығар? Әзірше бізді біріктіріп ұстап тұрған Төртінші жүз – Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақ халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек. Толық тәуелсіздік туралы қиял қай халық үшін де қауіпті саяси инфантилизм. Анығырақ айтқанда, балалық аңқаулық. Ал Қазақстанның нағыз отаншылдарына не істеу қажет? Республика халықтарының ұлтаралық және тап аралық өзара тәуелділігін саналы түрде жете түсінуіне тәрбиелеуі қажет. Бұл – біздің тұтастығымыздың негізгі шарты. Бұл – қазақ халқының болашағының кепілі. Денедегі ағзалар секілді біздің халқымыздың ұлттары өзара тәуелді. Көпұлтты қоғамның асқақ мақсаты – осы! Жүрек, бауыр мен бүйрек басқа ағзалардан толық тәуелсіздікті армандай алмайды. Осы тұжырымды халықтың жете түсінуіне көмектесу – Өкімет (экономикалық және ішкі саясаттағы сауаттылығымен) пен қаламгер зиялылардың міндеті. Біз жалпыға бірдей өзара тәуелділіктің Даму Заңдылықтарын біртіндеп түсініп келеміз. Планетамыздағы алыс-жақын көршілерімізбен өзара тәуелділігіміз туралы білігімізді үнемі жетілдіріп отыруды естен шығармауымыз керек. Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7 мың километрге созылып жатқан ресми ортақ шекарамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола аламыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз! Біз де, сондай-ақ, олар да бір-бірімізден өзара тәуелділігімізді терең ұғына алсақ қана бейбіт қатар өмір сүріп, әрқайсысымыздың да қалағанымызша өсіп-өркендеуімізге қолайлы жағдай туындайды. Алғаш 1979 жылы Ташкентте өткен Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясындағы баяндамамда жариялаған менің философиям – осы. Содан бері барлық құрлықтар мен халықаралық кездесулерде жетілдіре түсіп, халықаралық жағдайларды сараптай отыра, ұстанымымның дұрыстығына көзімді жеткізіп келемін. Кеңестер Одағы тарағанға дейін мен нәсілдік кемсітушілікті айыптайтын Халықаралық Трибуналдың мүшесі ретінде Африканың, Азия мен Оңтүстік Американың соғыс өрті шарпыған елдері – Ангола, Мозамбик, Эфиопия, Руанда, Ауғанстан, Камбоджа, Ливанда болдым. 90-шы жылдары соғыс өрті тұтанған Әзербайжан, Грузия, Чечня, Ингушетия, Молдова, Тәжікстанға ара ағайындық мәмлегерлікпен бардым. Байқағаным, сол елдердегі соғыс өздерінің аралас ұлтты мемлекеттеріндегі этностарды толық тәуелсіздікке жеткізбекші болған саясаткерлердің тәжірибесіздігінен басталған. Украинадағы қазіргі жағдай да осындай. Мен секілді көп жасаған, ел арасына соғыс өртін тұтатуға себеп болған қиын түйіндерді шешуге атсалысып, келісімге қол жеткізуде мол тәжірибе жинақтаған бірде-бір қазақ жоқ бола тұра, ұлтаралық қатынастардан білері аз кейбіреулердің отаншыл емес деп, ел алдында ақыл айтып, ашықтан-ашық айыптайтынына таңғалам. Тағы да косып айтарым: Қазақтар түгілі, 17 миллион халықтың иелігіндегі мұнайы, металы, алтыны, күмісі, ураны, көмірі – Менделеев таблицасының бар байлығына тұнып тұрған 2 миллион 700 мың шаршы километр аймаққа қоса жүздеген миллион гектар құнарлы егіс алқаптары мен жайылымдық жерлері бар мемлекетімізге де көршілерінен толық тәуелсіз болуға болмайды. Ал көршілеріміз – Ресей 150 миллион, Қытай – 1 миллиард 300 миллион, Өзбекстан – 30 миллион, тағысын-тағылар. Кім бізге өзіміз игере алмайтын осынша байлықты жеке билетіп қояды. Ашығын айтқанда, бізді құтқаратын Ресеймен тарихи қалыптасқан достығымыз! Нағыз қазақ отаншылдары осыны мойындауы тиіс, ал бұл достықты бұзуға тырысатындар, шындығында Қазақ елінің болашағына қарсы әрекет жасап жүргендер.
Олжас Сүлейменов, "Қазақ әдебиеті" газетінен