AIFC – Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл қаржы нарығын реттеудің прототипі

/uploads/thumbnail/20180717190125476_small.jpg

Кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде ашылды. Қазақстан елордасының 20 жылдығына орайластырылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанатты рәсіміне әлемнің 50-ге жуық елінің өкілдері қатысты. Олардың қатарында шет мемлекеттердің басшылары да бар. Олардың ішінде Абу-Дабидің тақ мұрагері, Тәжікстан Президенті, халықаралық ұйымдардың басшылары бар.

«Қатысушылардың қолайлылығы және қор нарығын дамыту үшін жоғары технологиялық инфрақұрылымы бар "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы құрылды. Оған америкалық NASDAQ биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысады. Нарықтық капитализация бойынша олар әлемде 2 және 4 орынға ие. Қазіргі таңда АХҚО биржасында 14 жергілікті және халықаралық брокерлер бар. Олардың активтері 34 миллиард долларды құрайды. Бұл сан алдағы уақытта өсетін болады», - деді Президент АХҚО ашылуында сөйлеген сөзінде.

Өткен жылы 173,4 гектар аймақты алып жатқан көрме аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, Ұлттық банк төрағалығын атқарған Қайрат Келімбетов орталыққа басшылыққа келген. Орталық ресми түрде жұмысын биыл қаңтардың бірінен бастады. АХҚО-ны қаржыландыруға қазынадан 2017 жылы 13 млн доллар бөлінсе, 2018-2020 жыл аралығында, әр жылы 20 миллион АҚШ долларынан қарастырылып отыр. Алғашқы уақытта қар­жылық қолдау көрсетілгенімен, кейіннен қаржы орталығы өз шығынын өзі өтейтін болады. Келісімге сәйкес, АХҚО биржасы акциясының 25%-ын Шанхай қор биржасы иеленді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағыты — орталық Капитал нарығы, Активтерді басқару мен Private Banking, Ислам қаржыландыруы және Жаңа қаржылық технологияларға басымдық бермек.

Тіпті, Ресейдің өзінде жоқ «Астана» халықаралық қаржы орталығын (AIFC) құру идеясы алғаш 2015 жылы «100 нақты қадам» бағдарламасында атап көрсетілген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы конституциялық заңға қол қойды. «Халықаралық қаржы орталығын құру барысында біз Дубайдың тәжірибесін негізге алуымыз керек. Сол елдің инвестициялық резиденттік принципін енгізуіміз қажет, ал клиенттік қарым-қатынасты нормативті-құқықтық, келісім-шарттық реттеуге алмастыру керек. Мен Дубай шейхымен сөйлестім, ол жақта біздің делегация да болып қайтты. Енді біз алмасқан тәжірибеміздің арқасында бірге құрамыз. Біздің орталықта өз заңдылығымыз болады және бәрі шетелдік құқық бойынша жүргізіледі», - деп мәлімдеген болатын президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы өткен Үкімет отырысында. Айта кетсек, Әлемдік табысты аналогтардың бірі 2004 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан Дубай қаласындағы қаржы орталығы болып табылады.

Ал, бүгін Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына арналған цифрландыру көрмесін аралап көрді.

Астана халықаралық қаржы орталығының сот жүйесі де өзгеше. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағылшын заңнамасы бойынша жұмыс істемек. English law немесе британ заңы, ағылшын жалпы заңдылығы деп аталатын құқықтық негіздеме – Англия мен Уэльстің, Британия қоластында болған елдерде және АҚШ-та пайдаланылатын құқықтық жүйе. Бұл туралы «Жаһандық және аймақтық қаржы орталықтарының арасында бәсекелестің бәсі өте қатал. Сондықтан біз инвесторларға үлкен жеңілдік жасаймыз. Олар негізгі салық түрлерінен 50 жылға босатылады. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Әйтпесе бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз. Ал Астана халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымы мен реттеу тетігі Британ құқығына негізделеді. Қазір әлемдегі қаржы, сауда, бизнес саласындағы келісімдердің 80 %-ы келіспеушілік туған жағдайда Лондон сотына жүгінеді. Өйткені бұл сот әлемдегі ең қатал әрі әділ сот. Сондықтан оған инвесторлар мен компаниялар күмәнсіз сенеді. Осыған байланысты біз Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысын жүргізуге Британ құқығын таңдап отырмыз. Бұл Астанада Британ сотының аумағы болады деген сөз», - деп таныстырған еді АХҚО атқарушы директоры Саясат Нұрбек.

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2030 жылға дейін 30 млрд доллар көлемінде инвестиция тартады деп жоспарланған. Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы қаржы хабына айналады деп күтілген AIFC-ді халық қалай қабылдады? «Astana EXPO – 2017» кешеніндегі арнайы экономикалық аймақ несімен өзгеше? Экономикалық ауыртпалық бола ма? Әлде қазынамызды қампайта ма? Дубай моделі бойынша жұмыс істейтін орталықтың болашағы қандай? Деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

 

Қазыбек Дәуітәлі. Заң ғылымдарының кандидаты, философия магистрі,

 «Ресей ғылым академиясы  Мемлекет және құқық институты»-ның  докторанты:

АСТАНА - ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ СИМВОЛЫ һәм "әлемдік астана" миссиясы

Мәскеулік таксистер мақтап қояды, "біздікілер Москва-Ситиді әлі салып біте алмай жатыр, ал Қазақстан тұтас қала тұрғызып алды" деп. Астананы меңзегені, әрине. Өзі орыс, өзі мәскеуліктің бұлай ағынан жарылуы сирек кездесетін жағдай...

Әнеукүні, отбасыммен Москва-Ситиге барудың жолы түскен еді. Құрылыс крандары алдамапты. Орындарында тапжылмай, әлі жұмыс істеп тұр екен. Идея 1991 жылы көтерілгенмен, іргесі 1998 жылы ғана қаланып басталыпты. Аттай 20 жыл. Астананың түйедей құрдасы. Бірақ, нәтиже әр түрлі. Біз "қалашық" емес, "қала" тұрғыза алдық. Тәуелсіздігін жаңа алып, есін жиып үлгіре алмай жатқан посткеңестік елдер үшін сынағы мен символдық мағынасы қатар өрілген күмәнді бастама еді. Ақталды. Елбасының еңбегі жанды, елдің үміті орындалды. Сол қаржыны - коррупциямен қалай жеп қойғанымызды да білмей қалар ек. Қайырлы іске жұмсалды.

Бүгінгі Астана көпфункционалды қалаға айналу мүмкіндіктерін табандап кеңейту үстінде. Әліде атқарылар шаралардың тізімі жетерлік. Осылардың ішіндегі "саяси шешімдерді қабылдау" мен "халықаралық қаржы" орталығы мәртебесі қаланы дамытудың жетекші бағыттары ретінде қалыптасып отыр.

Кез-келген қаланың - астанаға, ал жекелеген ел астанасының - әлемдік астанаға ұмтылуы өркениет қалыптастырушы заңдылық ("фаусттық" батыс жақтыра бермейтін О.Шпенглердің ой-түйіні). Осы күні Сингапур, Шанхай, Тайвань секілді азиялық қалалар еркін қаржы ағысын орната алу ретіне қарай "әлемдік астанаға" мәртебесін иемденіп отыр.

"Әлемдік астана" - өркениеттің феномені һәм дәлелі. Сондықтанда Астанаға "қазақ өркениетінің" символы ретінде қарау іргелі мәселе. Бозбала Астананың арманы мен қиялына - мағына беретін уақытта келіп жетті. "Әлемдік астана" болмысы қаржы ағынымен байланысты болып отырғандықтан, бұл мәселеде қазақ өркениетінің таңдауы қалай болмақ деген сұрақ туындайды. Меніңше, Астананың өркениеттік миссиясы, европалық тілмен айтар болсақ "коммуникативті рационалдылық", қазақша оймен тарқатсақ "бітімгершілік мінезбен" айшықталғаны жөн. Өсімқорлыққа негізделген батыстық қаржы жүйесіне ғана басымдық бере бермей, ислам қаржы жүйесінің де тең дәрежеде қолдауға ие болуы тиіс. Қаржы әлеміндегі әр түрлі модельдердің Астанада тоғысып жұмыс істеуі пайдалы ғана емес, "қазақ бітімгершілігінің" өркениет құралы ретінде орнығуына да үлес қосады. Бұл қазақ әлемін қалыптастыру деген сөз. Сана биігі. Бәлкім, орыс философиясында үш толқыны өткен "еуразиялық дискурстың" сұрағы сәтті шешіліп, қазақстандық реңк ала бастауыда ықтимал...

Астананың болашағын ойлау дегеніміз - қазақ өркениетін мәселе ретінде көтеру деген сөз. Бұл, осы күнгі жылт етпе һәм тренд қуғыш "эклектикалық" санадан ғұмыры ұзақ (Сингапур "әлемдік астана" қатарына енгенмен, эклектикалық жоба, болашағы бұлыңғыр), ізденісі мен талғамы биік дүниетаным.

 

Жолдас Өрісбаев, Журналист:

Биржаны шетелдік инвесторлар үшін сенімді аймаққа айналдыру керек

Қазақстан қор биржасы (KASE) еліміздің ішкі нарығына бағытталған. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, кез келген елде сыртқы нарықпен байланысы бар халықаралық хаб болуы тиіс. Бұл шетел инвесторларының ел нарығына кіретін бірден-бір жолы десек қателеспейміз.

Мысалы, Гонконг биржасы Қытай нарығының "Шығыс қақпасына" айналған. "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығы да осындай қызмет атқаруды мақсат етпек.

Өте аз уақытта Қазақстанның бас қаласы Астанада халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл ел экономикасының дамуына белгілі бір деңгейде қықпал етуі тиіс. Бірақ қазір емес. Ол үшін жергілікті биржаны шетелдік инвесторлар үшін сенімді аймаққа айналдыру керек. Оған уақыт қажет.

Астанадағы халықаралық қор биржасында сауда жасайтын инвестордың құқығы ағылшын заңы негізінде қорғалып, Қазақстанның жеке секторына қаржы құйғаны үлкен салық төлеуде жеңілдікке ие болады. Қазақ үкіметі шетелден инвестор тарту үшін барлық жағдайды жасап отыр.

Бірақ акциялары сатылымға шығатын ұлттық компаниялардың табысынан шығыны көп. Үнемі қосымша қаржыны талап ететін компанияның акционері болу мүлде тиімсіз екенін қарапайым азамат та түсінеді. Сонда да ҚазМұнайГаз, ҚТЖ, Қазақтелеком, Эйр Астана, Қазақмыс, ҚазАтомПром сынды квазисектордағы компаниялар IPO-ға шығарылмақшы.

 

Өркен Кенжебек, «Хабар» Агенттігі Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі:

Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл қаржы нарығын реттеудің прототипі!

"Астана" Халықаралық қаржы орталығы ашылды! Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл қаржы нарығын реттеудің прототипі!

Шетелдік сарапшылардан осындай жоғары баға алу үшін соңғы 2 жылда Қайрат Келімбетов командасының қандай ауқымды жұмыс атқарғанын елестете аласыз ба?

Бұл аңыз емес, осы күні орын алған шын жетістік. Елордадағы Astana Finance сессиясында сөз алған Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының төрағасы Тигран Саркисян былай деді (сарапшының сөзін есімде қалғанмен шамалап беріп отырмын): Бұл қаржы орталығы жалпы ЕАЭО қаржы нарығын реттеудің прототипі бола алады.

Саркисян орталықтың пайда болуы тәуелсіз қорларды басқару әдістерін жақсартады және адами капитал дамуының артуын қамтамасыз ете отырып білім мен технологиялар трансфертін жеңілдетеді деді.

Айтпақшы, адами капитал – Қазақстан ғана емес, жалпы ЕАЭО үшін табыс пен дамудың негізі. Осы күні қаржы орталығына ғана емес, қызмет саласы ерекше дамыған ғылым мен білім, кәсіби және өндірістік ортаға айналуға Елорданың әлеуеті жетеді. Осының бәрі біз үшін шын мақтан!

 

Дайындаған Ақан Бектас

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар