Софиядағы "Странджа 2013" бәсекесін қазақ боксшылары сәтті бастады. Кеше шаршы алаңға шыққан үш боксшымыз да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты,- деп хабарлайды alasharena.kz. Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан "Странджа 2013" турнирін қазақ боксшылары сәтті бастады. Кеше күндізгі бөлімде өнеркөрсеткен 69 келі салмақтағы Бақытжан Қожабеков украиналық Евгений Рамашкевичті 12:8 есебімен қапы қалдырды. Жерлесіміздің ендігі қарсыласы - ресейлік Ислам Едисултанов, Ал, ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий Италиядан келген Гвида Вианеллаға амал қалдырған жоқ. Есеп 24:11. Жанның ендігі қарсыласы украина боксшысы Евгений Плевако болмақ. Кешкі бағдарламада шаршы алаңға шыққан жеңіл салмақтағы өкіліміз Теміртас Жүсіпов украиналық Денис Козарукты 18:7 есебімен жеңді. Теміртастың ертеңгі қарсыласы - белорус Вадим Кириленко. Бүгін Бақытжан Қожабековтен бөлек, 60 келідегі Ғани Жайлауов пен 64 келідегі Айдар Әмірзақов алғашқы жекпе-жектерін өткізеді.
Пікір қалдыру