Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында талапкерлер саны мен «Алтын белгі» иегерлері, сондай-ақ қайырымдылық көмек туралы баяндап берді.
Оның сөзінше, жыл сайын ҚазҰУ-де 10 мыңнан аса қазақстандық және шетелдік студенттер білім алады.
«6,6 мыңнан астам мектеп түлектері биыл ҚазҰУ таңдап, мемлекеттік білім грантына ие болған. Бұл қазақстандық жоғарғы білім тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Талапкердердің сапалы білім алу мақсатында саналы түрдегі таңдауы. Елдің ең үздік оқу орнына артқан сенімі»,-деді ол.
Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры грантқа түсе алмай қалған «Алтын белгі» иегерлеріне университет ішінен де грант бөлінетінін айтты.
«Жыл сайын бізге мектепті үздік аттестатпен бітірген 1500-дей «Алтын белгі» иегері келеді. Биыл олардың қатарынан 800 талапкер білім грантын иеленді. Бұрын грантқа түспей қалған үздіктер ақылы бөлімге тапсыратын. Бұл жолы біз университет атынан грант ұсындық. Яғни олар ақысыз оқиды, бірақ шәкіртақы алмайды. Соған қарамастан олар емтихан мен сесияны «өте жақсы» тапсыруға міндетті»,-деді ректор.
Ғалымқайыр Мұтанов сонымен қатар аз қамтылған отбасынан шыққан талантты студенттер үшін университетке меценаттар атынан 180 млн теңге тартылғанын айтты.
Осының есебінен отбасылық жағдайы төмен 300-500 шақты студентке шәкіртақы мен әлеуметтік көмек ретінде қолдау көрсетілмек.