Алматы әкімі көшелердегі қайта жөндеу жұмыстары барысына тоқталып, негізгі аймақтар бойынша жоспарды оқу жылына дейін бітіруге уәде берді.
Алматылық ұстаздардың тамыздағы жиынын пайдаланып, қала әкімі тұрғындардың төзімділігіне ризашылығын білдірді.
«Әрине, жөндеу жұмыстары жайсыздық туғызады. Бірақ мұның бәрі қалалықтардың игілігі үшін жасалуда. Жағдайға түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытқандарыңызға рахмет. Негізгі абаттандыру аймақтары бірнеше күннен кейін, жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында аяқталады. Ағымдағы шаруаларды қала күніне дейін бітіріп қалады. Мүмкіндік пайдалана отырып, барлығыңызды мерекені бірге тойлауға шақырамын»,-деді Алматы әкімі Б.Байбек.
Оның айтуынша, орталық саябақ, зообақ, Абай алаңы, екі теміржол вокзалы, «Сайран» автовокзалы мен жағалауы, Баум бағы туристік аймақ ретінде жаңа сипат алуда.
Сондай-ақ қала басшысы Алматыға жаңадан қосылған аудандарға тоқталып өтті.
«Небәрі 4 жыл бұрын құрылған Наурызбай ауданының дамуына 61 млрд теңге құйылған болатын. Есептесек жыл сайын 15 млрд жұмсалыпты. Мұнда жаңа әкімшілік орталық, әлеуметтік объектілер - 2 мектеп пен 4 аурухана , Қазпошта, банктер мен зейнетақы төлейтін орталық салынған. ХҚО қызметін күніне мыңдаған адам пайдаланады. Жақын арада 220 көшеге асфальт төселіп, 123 шақырымдық су құбыры мен 80 шақырымдық кәріз жүйесі орнатылды. Бұл жоспарланған жүйенің үштен бір бөлігі ғана. 58 шақырым жаяужолдың 30 пайызы аяқталып, 37 шақырым жаңа арық жүйелері жасалды. Жалпы көлемі 55 шақырым ішкі жарықтандыру кезінде көшелердің 25 пайызы қамтылды. Халықтың 95 пайызы газбен жабдықталды. Қарғалы өзені аңғары жанынан аудан тұрғындары үшін демалатын орын жасадық»,-деді ол.