Күнделікті күйбең тіршілікпен таң сәріден жасы да, кәрісі де аялдамадан престелген автобусқа қарай жылжыдық. Күндегі қаланың "типтік" кептелісі. Автобустағылардың бірі жұмысқа асықса, енді біріміз сабаққа асығамыз. Есіктен басыңды сұқсаң болды, ары қарай жолыңдағыы қағып-соғып, кіріп кетесің. Соқыр адамдай сипалап жүріп, ұстайтын тұтқа табасың, таппасаң көліктің ішіндегі тығынға сенесің. Автобуста әрең тұрғанда біреудің қолы тиіп кетсе, енді біреу аяғыңды басып кетеді. Мұрның тыжырынып, аяқ киіміңді үйден жақсылап майлап шыққаның есіңе түсіп, еңбегің еш кеткендей қаның қарайып, іштен тынасың. Міне, Абай даңғылына келіп те қалыптық. Есек арбаша ілбіп автобус та келеді. Терең ойға шомып кеттім. Осындай оймен аласапыран күй кешіп тұрғанда бір қарияның «тексіз» деген сөзі жүрегімді тіліп өтіп, құлағымды шыңылдатты. Жалт қарадым. Қазақтың ең ауыр сөзі тексіз тек ашынғанда ғана айтылатын еді. Кезекті аялдамадан түсуге ниеттенген әжейді, қағып-соғып екі жас жігіт сыртқа ұмтылыпты. Қаңбақтай салмағы бар әжей билет тексеруші кондукторға қарай құлайды. Құдай сақтап, ағайымыз епті болып шығады. Әлгі екеуі кешірім сұрамастан, алды-артына қарамай зытып барады. Көлік іші у-шу. Орысша-қазақшасы бар боқтық сөздер әр жерден айтылып жатыр. Әжейді байқасам, әжімдері үлкейіп, қатулы көздері жасқа толып, еріндері дір-дір етіп, тістеніп «тексіз» деген сөзді айтты да, аяғын ілбіп басып, көліктен түсті. Екі көзім терезеден әжейдің әрбір қадамын бағып тұрдым. Басында селтеңдеген ақ орамал, үстінде өң бере бастаған қызғылтым көйлек, оның сыртынан оюланған көк қамзол, аяғында мәсі. Жанындағы жалғыз серігі таяғына сеніп, жаңа жүрген баладай аяғын санап басып кетіп бара жатты. Көлік ішіндегі бұл жағдай тез ұмытылды, әр жерде күңкілдеген сөздер естіліп жатты. Алайда, бағанағы айтылған сөз көкейімнен кетпей, ойым сан-саққа шашырап, мәңгүрт күй кештім. Тексіз деген сөз тек саған ғана емес, жеті атаңа дейін сүйектен өтетін сөз. Адамды жануарлардан, адамды адамнан ерекшелеп тұратын тәрбиесі емес пе? Бауыржан атамыздың «Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық» деген ұлағатты сөзі еріксіз ойға оралды. Қазіргі жастар «тек» сөзіне мән бермек тұрмақ, жеті атасын санамалап бере алмайды. Тілге тиек етер сылтауы, қазақ ішінде бөлінбеу керек. Иә, бөлінбеу керек. Бірақ өз ата-тегін білу міндетті емес пе? Сол арқылы қан тазалығын сақтаймыз ғой. Жеті -атасын білмеген жетесіз деп бекер айтпаған ғой. Жетесіздер қазақты қалай алға жетелемек? Осынау сүйек сырқыратар сөзді құлағына да қыстырмастан, селт етпестен кетіп қалғаны - нағыз намыссыздық. Арсыздық барып тұрған!.. «КазГУ» деген жүргізушінің сөзі ойымды бөліп жіберді. Асыға-үсіге түстік. Аялдамадан сабаққа қарай асықтым. Автобустағы ойым сабақсыз үзіліп, көлікпен бірге кетіп бара жатты.
Айдана Хамзақызы
Пікір қалдыру