Бұл туралы Ақтөбе облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Уразаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2018 жылдың басынан бері облыстық ұйымдар мен кәсіпорындарда 554 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 1074 түрлі бұзушылықтар анықталған. Соның ішінде 883 – еңбек қатынастары, 165 – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 26 - халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша анықталды.
Жұмыс берушілерге 417 ұйғарым беріліп, 156 лауазымды және заңды тұлғалар 28,8 млн.теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ басқаларға 47 ескерту берілді.
- Еңбек қатынастары саласы бойынша, соның ішінде жалақыны уақытылы төлеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Біз алатын өтініштердің 80% еңбекақы төлеу мен жалақы төлемеу мәселелерімен байланысты, ал бұзушылықтардың 70% еңбек қатынастары саласына тиесілі болып отыр. Осы кезең аралығында жалақы бойынша 381,9 млн. теңге көлемінде берешек өтелді. Жалақының уақытында төленбеуі фактілері бойынша анықталған кәсіпорындарға жедел шаралар қабылданып, қазір жағдай бақылауда, - деді Бауыржан Уразаев.
Еңбек қатынастарын тиісінше ресімдеу және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметкерлерімен еңбек шарттарын уақытылы жасасу мәселелері өзекті болып қалуда, осыған байланысты өңірде " Еңбек шартын жаса!" атты акция бойынша 302 жұмыс беруші 1086 қызметкермен еңбек шартын жасасты.
Бүгінде еліміздегі шетелге қатысы бар компаниялардағы жағдай ерекше бақылауда.
- Қазіргі таңда 1 қазанға дейін облыстағы 82 компания 991 шетелдік жұмысшыларды алдыртуға рұқсат алды. Жыл басынан бері шетелдік қатысымы бар 42 кәсіпорын тексерілді, нәтижесінде 149 бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілерге бұзушылықтарды жою туралы 37 ұйғарым беріліп, 10,3 млн. теңге көлемінде 20 айыппұл салынды, - деп қорытындылады мекеме өкілі.
Пікір қалдыру