Бүгін Елбасы Жолдауын түсіндіру және насихаттау мақсатында Түлкібас ауданына арнайы іссапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Асқар Бейсенбаев пен Әли Бектаев келіп, аудан активімен және тұрғындармен кездесті.
Жиын барысында сенаторлар Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ сөз сөйлеуге шыққан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Анашев, «Бес жал» ӨК төрағасы Ә.Сапаров пен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» белсендісі, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары аумақтық штабының жетекшісі И.Жолбасханов Жолдауда айтылған жаңалықтарды қуана қарсы алғандарын айта отырып, осы құжаттың арқасында еліміздің халқының әл-ауқаты біршама жақсарып, болашаққа нық қадам басуға талпыныс беретінін тілге тиек етті. Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырып, ел жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жалғасатынын айтты.
Осы күні сенаторлар Сайрам ауданы тұрғындарымен де жүздесті.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев биылғы Жолдаудың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын мәлімдеп, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының не себептен тағы да 5 жылға ұзартылғанын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, аталған бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Яғни, бағдарламаның арқасында елімізде талай кәсіпкер несие алған. Нәтижесінде көптеген кәсіпкерлік субъектілері іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылған.
Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев Жолдаудың аудан тұрғындарына серпін беретінін жеткізді. Жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, Елбасының Жолдауын үлкен ықыласпен қолдайтындықтарын және өз үлестерін қосатындарын айтты.
Алдағы уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бастаған топ Жолдауды насихаттау мақсатында Төлеби, Ордабасы, Қазғұрт пен Отырар аудандарының тұрғындарымен кездеседі деп күтілуде.
Пікір қалдыру