Еліміздің экономикалық мүддесін қорғау оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен дамыту жолындағы өзекті басымдықтардың бірі болып есептеледі. «Қазақстан-2050» стратегиясында экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастыру үшін тәуелсіздік алғаннан бергі халықаралық экономикалық қатынастарды одан ары жандандырып, аясын кеңейту сыртқы саясаттағы аса маңызды бағыт ретінде қалыптасты.
Қазақстандық өндірістің басым салаларына инвестицияларды тарту мен отандық өнімдерімізді экспорттау мәселелерін экономикалық және сауда дипломатиясын сауатты жүргізу арқылы ғана іске асатыны белгілі. Бұл әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық қауымдастықтарда еліміз экономикалық ынтымақтастықты ойдағыдай жүзеге асырып келеді. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу арқылы халықаралық беделімізді арттыру да өзінің тиімділігін беруде.
Бүгінгі таңда елімізде инвестицияларды тарту үшін жеткілікті заң шығарушылық база қалыптасқан. Қолайлы инвестициялық және іскерлік климаттың болуы шетелдік эксперттер мен бизнес-әріптестер тарапынан әлдеқашан мойындалған. Дегенмен, бұл істе қол жеткен келісімдердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін кейбір түзетулер жасалуы керек.
Осы мақсатта «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы аясында Сыртқы істер министрлігі, Инвестициялар мен даму министрлігі Елбасы тапсырмасымен қазақстандық өнімдерді шетелдік нарыққа шығару үшін шаралардың бірлескен жоспарын жасады. Аталған жобаға осы екі министрлік пен сыртқы өнім шығару ұлттық операторы «Қазақ Экспорттың» барлық күші жұмылдырылған. Сонымен бірге еліміздің сырттағы барлық елшіліктері мен өкілдіктері осы бағытта қолдау көрсетіп, атсалысатын болады. «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниясының негізгі міндеті отандық өнім өндірушілердің тауарларын шетке шығарып сатуда жүйелі де кешенді қолдау көрсету болып табылады.
Шет елдердегі Қазақстанның барлық елшіліктері мен өкілдіктері осы орайда Үкімет тарапынан белгіленген жұмыстарды атқарып, сол жақтағы бизнес-қауымдастықтармен арадағы «байланыстырушы буын» қызметін абыроймен атқаруда. Олар барлық мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлерге әлеуетті инвесторлармен бірге жұмыс істеуде өз қызметтерін кәсіби деңгейде атқаруда.
Сонымен бірге барлық шетелдік компаниялар мен инвесторлар үшін Қазақстандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік меншікті жекешелендіру бойынша да еліміздің сырттағы дипломатиялық өкілдіктері жұмыс істеуде. Мысалы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры осы бағытта Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқаруда. Әлемнің ірі 10 еліндегі дипломатиялық өкілдіктерде арнайы кеңесшілер штаты да ашылып, олар тек қана бизнес саласы бойынша жұмылған түрде қызмет етуде.
«Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компанияларының да шет жерлерде офистерін ашу жоспары бар.
Әлемді жаулаған экономикалық дағдарыс болған күннің өзінде тек қана 2005 жылдан бері елімізге 240 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инсвестиция жоғарыда аталған жұмыстар арқасында тартылды. Осылайша еліміздегі бизнеске қолайлы жағдай шетел инвесторларын одан ары бізге жақындастыра түсті. Оған дәлел ретінде DoingBusiness рейтингінде Қазақстан 2016 жылы 41 орында болса, 2017 жылы 35 - орынға көтерілген. Бұл 190 мемлекет арасындағы жақсы көрсеткіш деп айтуға болады.
Агробизнесті дамыту мақсатында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2017-2020 жылдарға арналған жоспарды бекітіп, агроөнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастық пен инвестициялық қызметтерді күшейту бағыттары да анықталған.
Жоғарыда аталған жоспарды жүзеге асыру аясында ауыл шаруашылығы компаниялары мен мамандарын шет елдегі түрлі шараларға қатыстырып, әрі тәжірибе алмасып тұруы үшін дипломатиялық корпус барлық жағдайларды жасау үшін қызмет етуде.
Серікқазы Көкенай