2017 жылы Қазақстан Үкіметі ел азаматтарын барынша қамти алатын жеңілдік шарттармен баспана алу үшін Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын қолға алды. Жоба бойынша үміткерлер қатарында бұрын үй алмағандар мен баспана жағдайын жақсартқысы келетіндер де болды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бағдарлама аясында халықты барынша баспанамен қамтамасыз етуде жаңа мүмкіндіктер қарастырылып ол іс жүзіне асырылды. «Нұрлы жер» бағдарламасына дейін аймақтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы болғанын айта кету керек.
«Нұрлы жердің» бір ерекшелігі, енді ипотекалық несие бұрынғыдан да қолжетімді бола түседі. Оған қоса бұл жобаға коммерциялық банктер де қатыса алады. Несие ставкасы 17 пайыздан асатын болса, қалғаны республикалық бюджеттен субсидия ретінде қаржыландырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» хабарлауынша, кредиттің жылдық ставкалық өсімі 10 пайыздан аспайды. Жаңа бағдарламада Қазақстан ипотекалық компаниясы енді басқадай жұмыстар атқаратын болады. Яғни, бұл мекеме бұрындары басталып, аяқталмай қалған объектілерді қаржыландыруды қолға алып, қаржы агенті ретінде аяғына дейін жеткізеді. Мемлекет бюджетінде сыйақы мөлшерін 7 пайызға дейін түсіруга арналған субсидияларға қаражат бөлінбекші.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алғысы келетіндер үшін мынандай жеңілдетілген талаптар болады:
- несие мерзімі – 15 жылға дейін;
- алынатын баспана бастапқы нарық, яғни жаңа салынған болуы керек;
- алғашқы жарна баспана құнының 30 пайызын құрауы тиіс;
- субсидия арқылы берілетін қарыз Алматы/Астана қалалары үшін 20 млн теңгеге дейін болса, басқа аймақтар үшін 15 млн теңге мөлшерінде рұқсат етіледі;
- субсидиялау мерзімі 10 жылдан және ипотекалық несиелеу уақытынан аспауы керек.
Енді қарапайым мысал ретінде келтіріп есептеп көрсек, төмендегідей болады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін баспана құны 10 млн теңгені құраған жағдайда төмендегідей шарттарды орындау керек:
- алғашқы жарна 10 млн-нан 3 млн теңге, яғни жалпы сомадан 30 %;
- қалған 7 млн теңге жеңілдетілген несие ретінде беріледі;
- қарыз бойынша сыйақы мөлшері – 10%;
- несиені 10 жыл ішінде жауып бітіру қажет;
- ай сайынғы төленетін қаржы – 92 мың 500 теңге.;
- 10 жылдан үстінен 4,1 млн теңгедей қосылады.
«Нұрлы жол» бағдарламасынан тағы бір айырмашылығы, екінші деңгейлі банктен несие алу кезінде ешқандай комиссиясыз, ұйымдастыруға арналған пайызсыз және басқадай шығынсыз алуға толық мүмкіндік бар.
Жаңа бағдарлама тек қана баспана сатып алушылар емес, құрылыс компаниялары үшін де тиімді болып, олар үшін берілетін субсидиялар Ұлттық банктің 5 пайыздық ставкасынан аспайтын шартпен беріледі. Қаржы агенті ретінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жұмыс істейтін болады.
Құрылыс компанияларына мынандай талаптар қойылады:
- несиелеу мерзімі - 3 жылға дейін;
- несие мақсаты - тек жаңадан тұрғын үй салу;
- Субсидия мерзімі – 3 жылға дейін.
Осындай жеңілдетілген жағдайлардан кейін баспананың әрбір шаршы метрі төмендегідей болмақ:
- Алматы мен Астана қалаларында - 260 мың теңгеге дейін;
- басқа аймақтарда 220 мың теңгеге дейін.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өзінің жаңа ипотекалық бағдарламалары бойынша банк салымшылары үшін несиелер беруді жалғастыра береді. Банктік ішкі ережелері бойынша қаржыландыру бұрынғы шарттарға қарағанда көп жеңіл болмақ. Құрылыс компанияларына салушы атынан банктік кепілдіктер де беретін механизм заңдарға өзгерістер енгізіу арқылы болашақта жүзеге асырылмақшы.
Алағы 5 жылда төмендетілген ставкалар бойынша 24 млрд теңге көлемінде мемлекет бюджетінен қаржы бөлінеді.
Сонымен бірге, жер учаскесін алуда кезекте тұрған адамдар осы бағдарлама аясында баспана алуға мүмкіндіктері болады және оларға тиісті жеілдіктер қарастырылады. Жеке үй салу немесе сатып алу үшін де осы банктің қызметін пайдаланып, жеңілдетілген несие алу жүйесі жолға қойылған. Бес жылға дейін несиелік келісімшарттың 7 пайызына дейін субсидиялайтын жеңілдік мемлекет тарапынан ұсынылып отыр.
Қорыта айтқанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үймен халықты қамтамасыз ету саласында жаңа серпілістер беріп, көртеген түйінді мәселелердің шешімі болады.
Серікқазы Көкенай
Пікір қалдыру