Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы әр өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

/uploads/thumbnail/20181008112406408_small.jpg

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Әшімбаевпен қоса Республикалық қоғамдық кеңес мүшелері де елордадағы бес әлеуметтік бастаманың қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылап қайтты.

Мәулен Әшімбаев пен Кеңес мүшелері алдымен Миллениум саябағына табан тіреді. Партия төрағасы орынбасарының бұл сапары да бекер емес. Онда «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлі болған бірнеше отасы тұрады. Олардың бірі – Балқаш қаласынан бас қалаға көшіп барған Азамат пен Жанар. Бір жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп сандалып жүрген жас отбасының бүгінде жеке пәтері бар. Әрі бұған себеп – «7-20-25» бағдарламасы. Айтуларынша, ай сайынғы төлем жалақыларынан әлдеқайда төмен.

Мәулен Әшімбаев бағдарлама арқасында пәтерлі болған отбасын құттықтап, Астана қаласының мүмкіндіктерін атап көрсетті.

«Астана – еліміздің бас қаласы. Тұрғындардың саны жыл санап өсіп келеді. Бүгін Астана қаласында 1 миллионға жуық адам тұрады. Сол себепті елордада пәтер мәселесі өзекті. Ал Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы мен «7-20-25» бағдарламасы бұл мәселені шешуге көмектеседі. Бағдарлама арқасында қазақстандықтар үйлі болады деген сенімдемін. Тұрғындардың барынша атсалысқаны игі», - деді Мәулен Әшімбаев өз сөзінде.

Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарламаның арқасында құрылыс саласы да дамып келеді. Бұл экономиканың өсуіне тікелей әсер етпек.

 «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, Астана қаласында жыл басынан бері 840 өтініш қабылданған. Олардың 584-і мақұлданды. Бұл республика бойынша көрсеткіштің үштен бірі ғана.

Бұдан кейін Астананы аралап жүрген делегация жолы Әл-Қуат жатақханасына түсті. Жатақхана Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында салынды. Әрі студенттердің білім сапасын арттыруға ыңғайлы жағдай жасалған. Комплекс директоры Гүлжанат Маусымбаеваның айтуынша, жатақхана 2015 жылы 400 орын болып ашылған. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Жалпы 90 бөлмесі бар жатақхана ішінде 150 орынды асхана мен 120 орынды мәжіліс залы да бар.

Жатақхана жағдайымен танысқан партия делегациясы Астанада 35 колледждің барын білді. Жалпы 26 мың студент білім алады екен. Студенттердің 2000-ы жатақханада тұрмайды. EXPO халықаралық көрмесінен кейін бүгінде қалада 100-ге жуық қонақ үй мен  9000 орынды жатақхана бар.

Университеттер мен колледждердің бәрін есептегенде елордада жалпы саны 16 мың студент жатақханаға мұқтаж. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімдігі EXPO халықаралық көрмесінен кейін қалған жатақханаларды уақытша пайдалануға берді. Алайда болашақта жаңа жатақханалар салынатын болады.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев мұндай қадамның тиімді екенін айтады.

«Жатақханалар сапалы білім алу үшін тиімді ойластырылған жоба. Студенттерді баспанамен қамтамасыз етудің бұл жолы жақсы ойлап табылған. Осы орайда Елбасымыздың 5 әлеуметтік бастамасы қалада сәтті жүзеге асып жатқанын байқауға болады. Ал «Нұр Отан» партиясы бастамалардың жылдам әрі сапалы орындалуы жағын қамтамасыз ететін болады», - деді Әшімбаев.

Сапары барысында қаладағы үздік университеттерді де аралап шықты. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуы жөнінде жиналыс өткізді.

Мәулен Әшімбаев президент бастамаларының Астанада жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов елорда бес әлеуметтік бастаманы тиімді жүзеге асыруға белсене кіріскенін тілге тиек етті. Сұлтановтың айтуынша, Елбасының бастамаларын жүзеге асыруда жастардың рөлі айрықша. Бұл жастарды Астана тағдырына араластыруға септігін тигізеді.

Айта кетейік, 5 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев парламентте 5 әлеуметтік бастаманы жариялады. Президент халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынды. Атап айтқанда, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық «7-20-25 бағдарламасын» дайындайтын болады. Оның негізгі шарты несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен аспайтын болады. Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Ал жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту  үшін Ұлттық экономика министрлігіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 процент ету тапсырылды. Бұл ретте, салықты азайтудан шығатын қаржының олардың жалақысын көбейтуге бағытталуы тиіс.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де Елбасы назарында Осы орайда, Білім және ғылыми министрлігіне жаңа экономикада сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Қаулы жобасын дайындау жүктелді.  Сонымен қатар жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Елбасы шағын және орта бизнес үшін несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру бастамасын көтерді.

Қатысты Мақалалар