Ақордада Қазақстан Президентінің төрағалық етуімен ішкі істер органдары қызметін реформалауға қатысты үлкен кеңес өтті. Оған Елбасы мен тиісті министрліктердің жетекшілері мен мамандары қатысты.
Кеңесте сөз алған мемлекет басшысы тиянақты жұмыстардың арқасында елімізде, әсіресе соңғы үш жылда қылмыс деңгейі 17,5 пайызға қысқарғанын атап өтті.
–Адам криминалдан қорғану үшін бірінші кезекте полицияға жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде 779 қызметкер қаза тауып, шамамен 2,5 мыңы жарақат алды. Мұны естен шығармау керек. Бұған қоса, ішкі істер органдарының ағымдағы жағдайы қоғамның сұранысына толық көлемде жауап бере алмайды, – деді Мемлекет басшысы Ақордадағы кеңесте сөйлеген сөзінде.
Кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау саласында жұмыс істейтін азаматтардың халықпен ара қатынасы үйлесімді болу қажеттігін баса айтты. Өйткені ең алдымен халықтың осы салада істейтін қызметкерлерге сенімі жойылмауы керек. Ол үшін полиция заман талабына сай қызмет еткені дұрыс. Президент 5 қазанда халыққа арнаған Жолдауында да осы мәселені көтерді. Сондықтан да полиция саласының жұмысы реформалауды қажет етеді. Мысалы, ТМД елдері кеңістігінде грузин полицейлеріне деген халықтың сенімі жоғары. Оларда жемқорлық жоқ. Халық та полицияны қолдайды, сеніммен қарайды. Ал сенім бар жерде құқық қорғау органдары өкілдеріне халықтың тарапынан құрмет те жоғары болады. Президенттің де осыған байланысты ішкі істер саласын реформалау және оны өте сапалы әрі жемқорлықсыз жүйеге айналдыру жөнінде кеңесте мәселе көтіріп жатқанының сыры да осы.
–Ішкі істер органдары жүйесінің қызметі қоғамның сенімін ақтай алмайды, азаматтардың ренішін тудыруда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Онсыз біз қазақстандықтардың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ете алмаймыз. Ал бұл біздің бағдарымыз саналады. Сондықтан полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесте сөйлеген сөзінде.
Расында Президент халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, полиция қызметінің сапасы жоғарылауы керек. Бұл орайда Елбасы атап көрсеткендей, құқық қорғау саласының өкілдері жұмысына тиянақты болса, олардың қызметі де жедел бола түседі. Өйткені тосын оқиға болған жерге жедел жету де қылмыстың тезірек ашылуына ықпал етеді. Ал үшін Президент атап көрсеткендей, басты мақсат – мобильді түрде, ықшамдалған жүйеде қызмет ету. Бұл өте тиімді. Президент мұны ішкі істер органдары қызметін реформалауға қатысты өткен кеңесте нақты айтты.
– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтайландырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады. Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделеді , – деді Қазақстан Президенті өз сөзінде.
Ал үнемделген қаражат қайда жұмсалады? Ең алдымен әлеуметтік жүйені нығайтуға және құқық қорғау саласы өкілдерінің жалақысын жақсартуға жұмсалады. Алдын ала белгілі болғанындай, полиция саласында жұмыс істейтіндердің еңбекақысын көтеруге қосымша 21, 4 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ алдағы уақытта аталған саладағы қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де шешілетін болады. Негізі полиция өкілдерінің әлеуметтік жағдайы жақсаратын болса, олардың қоғамдық тәртіптегі қызметі де барған сайын сапалырақ бола түседі.
Президент ішкі істер органдары қызметін реформалауға қатысты кеңесте өз жұмысына салғырт қарап, жағымсыз әрекетке барған полицейлер барлық жеңілдіктерінен айырылатынын қадап айтты. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Президент мәлім еткендей, бізге ең алдымен бүгінгі қоғамда «жаңа формацияның полицейлері қажет». Ол үшін кез келген полиция өкілі қызметтік жауапкершілікті айқын сезіне алуы тиіс.
Президент төрағалық еткен кеңесте полиция өкілдерінің жаңа формасы да көрсетілді.
Еркін Қалдан