Қазақстандағы сенімсіз санды мәліметтер немесе елдегі нөл адамы бар 130-шы ұлт қайсы?

/uploads/thumbnail/20170708175727373_small.jpg

Қарапайым адамдардың өңі түгілі түсіне де кірмейтін сандарды білесіз бе? Қазақстанның сыртқы қарызы, жан саны, ұлттық капитал, ЖІӨ, жоғарыдағы шенді ағалардың айлық жалақы мөлшері т.с.с. Иә, ҚР Статистикалық агенттігінің сандары сіз бен біз ойлағаннан мүлде басқаша деректерді келтіреді. Мысалы, қазақстандықтардың жылдық орташа табысы 14 мың АҚШ долларына пара-пар. Сіз бұған не дейсіз? Осындай есітіген құлаққа сенімсіздеу деректердің бір сыпырасын "Қамшы" порталы тізбелеп көрді.

  1. Қазақстанда түрлі диаспоралар мен этникалық ұлттардың өкілдері тұратыны белгілі. Сондықтан Қазақстан - көпұлтты мемлекет деп, даралап айдар тағатынымыз бар. Біздің елдегі кейбір бейресми дерек көздерінде Қазақстанда барлығы 140-қа жуық ұлт пен ұлыс ұйысып, өмір сүруде деп көрсетсе, ресми деректер барлығы 130 ұлт деп сөйлейді. Шынымен 130 ұлт болса, олар кімдер?

1.1. ҚР Статистика агенттiгiнiң мәлiметiнде Қазақстанда ресми түрде тiркелген этностардың сандық көрсеткiшiн төмендегідей тізбелеген. Мемлекетті құрушы ұлт - қазақтар 9 540 806,  Орыстар 3 869 661, Өзбектер 463 381, Украиндар 422 680, Ұйғырлар 241 946, Татарлар 226 803, Немiстер 220 975, Кәрiстер 103 931, Әзiрбайжандар 93 972, Белорустар 87 090, Түрiктер 89 083 және т.б. этникалық ұлттардың өкілдері тұрады. Біз жоғарыда аттарын атап, түстерін түстеп өткен ірі-ірі ұлттармен қатар, Нивхилер 10, энецтер 9, Юкагирлер 8, Селкуптар 4, Саамдар 3, ороктар 2, Нганасандар 2, эскимостар 0 адам тұрады. Барлығы 128 ұлт. Эскимостарды бұл тізімнен сызып тастағанда барлығы 127 ұлт өкілі бар.

  1. Адам капиталы. Мемлекеттің ең басты байлығы адам капиталы десек, Қазақстанның қаншалықты бай екендігіне көз жеткіземіз. Қазақстан өзінің дамуын Өзбекстан сияқты елдермен салыстырып, қарқынды дамып жатқанын жиі айтады. Ендеше сол, Өзбекстанды бізбен салысытырып көрейік.

Өзбекстанның халық саны 1991 жылы 20 млн 708 мыңды құраса,  2012 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша 29 млн 874 мың болған екен. Биылғы жылдың соңына қарай 30 млн-ға жететінін ескерсек 22 жылда Өзбекстан 10 млн-ға көбейеді. Ал Қазақстан 1989 жылы 16 миллион адам болса, 24 жылдан соң сол баяғы сан өзгермеген, тек 1 миллионға ғана өскен. Халық саны ең басты саясат екенін, елдің даму көрсеткіші екенін ескерсек, біздің осы күнге дейінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімізге күдіктер ұялайды. 2015 жылғы 1 ақпанда еліміздегі халық саны 17 439,3 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар - 9 646,3 мың (55,3 пайыз), ауылдықтар - 7 793,0 мың адамды (44,7 пайызды) құрады. Осылайша,  2014 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 252,3 мың адамға немесе 1,5 пайызға өсіп отыр.

  1. ҚР Премьер-министрдің ресми сайтындағы, ҚР Статистика агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 2014 жылдың соңындағы зерттеулер бойынша Қазақстандағы жұмыссыздар саны 459,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,0% құраған.
  2. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы жолдауында Республика бойынша жолдарды салу есебінен 200 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, Индустриалды инфрақұрылымды дамыту, Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы - 2020» секілді бағдарламалар арқылы мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Ендеше, сандар неге өзгермейді?
  3. Қазақстан Республикасы ЖІӨ  жан басына шаққандағы жылдық көрсеткіші жөнінен әлемнің 144 мемлекетінің ішінде 50-орынға тұрақтаған. Ресми деректерде қазақстандықтардың жылдық табысы 14 000 долларды құрайды деп көрсетілген.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті таратқан мәліметте 2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 4,3%-ға өсті деп хабарлаған. ЖІӨ құрылымында тауар өндірісі 37,8%-ды, қызметтер 55,6%-ды қамтиды. 2014 жылы номиналды ЖІӨ 38,033 трлн теңге болды. Бұрындары белгілі болғандай, Қазақстан үкіметі 2014 жылы 4,3% деңгейіндегі ЖІӨ өсімін болжаған еді. 2013 жылы Қазақстан ЖІӨ 6%-ға артқан болатын. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мырза болса, ЖІӨ 14,6 мың долларды құрайды. 2018 жылы ол 24 мың долларға дейін өспек дегеннен танбауда.

  1. Әлем мемлекеттерінің тарихында қарызы жоқ мемлекет болмайтыны рас. Алайда, мемлекеттің сыртқы қарызы тоқтаусыз өсе беруінің ақыры дефолтқа әкеліп соқтыратынын кез келген экономист жоққа шығара алмайды. Осы ретте, ҰБ таратқан мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 2014 жылдың қорытындысы бойынша  157,062 миллиард доллардан асып жығылған. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 4,8 пайызға өскен. ЖСҚ-ны қазақстандықтардың жан басына шаққанда әркімнің үлесіне 4,47 мың доллардан айналып отыр.

7. Қазақстан қазіргі уақытта 110 елге қарыз. Мемлекет берешек елдердің ішінде көш бастап тұрғаны — АҚШ, Ұлыбритания және Ресей. Ең сорақысы, шенеуніктердің өздері дүниежүзі картасынан тауып бермек түгілі, өмірі атын естіп көрмеген ұсақ аралдарға да біз қарыз екенбіз. Мәселен, Джерси аралына 34 миллион, Сейшел аралдарына 335 миллион, Кайман аралдарына 447 миллион доллар қарыз.

8. Ал сыртқы инвестиция бүгінгі дерек бойынша 120-130 миллиард долларды құрағанымен, есесіне соңғы 10-15 жыл көлемінде 140 миллиардқа жуық ақша қашып кеткені тағы рас.

  1. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалақының ең төменгі мөлшері 19 мың 966 теңге шамасында қаралып отыр. Сондай-ақ, келер жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 9 мың 983 теңгені құрайды, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері 20 мың 782 теңге шамасында көзделген.
  2. Сонымен, айына бiл­дей бiр министрлiктiң тiзгiнiн ұстап отырған басшы – 555 366 теңге, министрдiң бiрiншi орынбасары мен агенттiк төрағасы – 424 803, министр­дiң орынбасары – 391 689, комитет төрағасы – 341 545, Астана, Алматы қаласының және облыстардың әкiм­дерi – 444 670, облыс деңгейiндегi қала әкiмдерi – 222 334, аудан және аудандық қала әкiмдерi – 178 341, ауыл әкiмi – 83 730, департамент директорлары – 163 203 теңге жалақы алатын болып шықты. Бұл көп пе, аз ба?
Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар