Қарағандылық «Harlem Shake» немесе Сыздықованы сайтан түртті ме?

/uploads/thumbnail/20170708150946316_small.jpg
      Жастардың салмақсыздығы мен  санасыздығы бүгінгі күні  ұлттық  мәселеге айналып  отырғаны  жасырын  емес. Сананы ойсыздық пен  жын-ойнақ жаулап  барады. Алайда  жастарды былай  қойғанда, аға буынның әсіресе,  ұлттың  күйін  күйіттеп жүрген  шенеуніктердің,  саяси  «элитамыздың»  бейбастыққа жол беруіне не жорық? Кәрі-жасты «Harlem Shake» секілді  жынды  биді  билеуге шақырып,  мазаққа қалған  экс-депутат Сыздықованы  сайтан  түртті ме?

Былтыр ғаламторды  дүрліктірген кәріс  Псайдың   «Гангам стайлына»  еңбектеген баладан  еңкейген  қартқа  дейін шошаңдап  билегені  әлі  ұмытыла  қойған жоқ.  Тіпті  әлемдік  мәдениетке  құбылыс  болып  енді. Есерсоқтар  тобын  жинап  алып,  ебедейсіз қимыл жасап  билеуді  өнердің «заманауи» бір түріне  айналдырып берді.  Ал биыл, қаңтар  айынан  бастап  сол  «Гангам стай­лындың»  ізбасары  іспетті «Harlem Shake»  атты  би  ғаламторды  жаулап,  еліктеуші топтардың  билері  әлемдік  желіде   жаңбырдан  кейінгі  саңырауқұлақтай қаптап шықты. Бұл «Harlem Shake»  биінің  негізгі  «ерекшелігі» тыныш  отырған  бір  топ  адамның  ішіндегі  біреуі аяқ-қолын оңды-солды  сермеп, бимен  аттас түсініксіз әуенге билей  бастайды.  Артынша  маңайында отырғанның барлығы  әлгінің  қимылын  қайталап, би  билейді. Тіпті  би  деп  те  айтуға  аузың  бармайды.  Тәнін  жалаңаштап, үсті-басын  бояп, көзге  оғаш көрінетін  эротикалық қимылдар мен  адам көрмеген қылықтарды келтіріп  билейді. Құдды  жын-шайтанның  ордасы ма дерсің?! Және міндетті түрде би  бейнеге  түсіріліп, ғаламторға  жарияланады. Бұл үрдіс өзгенің қаңсығын таңсық көретін    біздің елдің жастарын да айналып  өтпеді.  Жоғарғы  оқу орнының  студенттері  мен  оқушылар «Harlem Shake»-ке  жарыса  билеп,  ғаламтор бетін толтырып жатыр. Сөйтіп осындай ойыннан от  шықты. Қарағанды мем­лекеттік техникалық университетінің бір топ студенті оқу ғимаратының ішінде би билеп, ой­ран салған.  Жастар  ұлттық  нақыштағы стендтерге де,  елбасының  портретін көзге  де  ілмей,  тіпті  жартылай жалаңаштана  билеген. Мұндай  бейберекетсіздікті жазалау мақсатында  оқу  орны басшылығы  биді  ұйымдастырған  бірінші  курстың  екі  студентін  оқудан  шығарған. Әрине, жаза – орынды. Алайда жыр осымен бітсе игі.  Осы  оқиғаның ізін ала студенттерге қатысты  мұндай шешімге қарсы  шыққан  бұрынғы  депутат  Бақыт Сыздықова  әлгі екі студентті  қайтару  үшін  жынды биді  қайта билеуге  шақырды. Айда аспаннан  шығарған  Сыздықова тек  өзі  ғана емес,  басқа  депутаттарды  да  екі студенттің жолында ұлт пен  ұятты  құрбан етіп, харам биді билеуге  үндепті. Бірақ басқа шенді-шекпенділер ұялған  болуы керек,  бұл ұсынысты  қолдай қоймады.  Есесіне  Сыздықова  ханым «көзсіз» батырлыққа  барып, 14 наурыз  күні  Астанада  Харлам Шейкке  өзі  билеп  берді.

Сыздықова: «Біздің  петициямызға  министр  Жұмағұлов  назар аударады  деген үміттемін.  Ол оқудан  шығарылған студенттерді  қолдауы  тиіс. Және  ЖОО басшылығынан  студенттерді  арашалап алуы  керек», -дейді. Оның  айтуынша,  әлі  үміт бар, себебі  министр  депутат  ханымның  үндеулерін  қалт  жібермей,  міндетті түрде  жауап қатады  екен. Қарға қарғаның көзін  шұқымайды емес  пе?  Депутаттар да  бұрынғы әріптестерінің  қадамына  оң көзқарас білдірді.  Мәселен, Коммунист Владислав Косарев оқу орнының жазасы  орынсыз екендігін алға тартып,кінәнің  барлығын  оқу ордасындағы тәрбиенің жоқтығына артса,  депутат Ахмед Муратовтың пікірінше,  қоғам қайраткерлері  азаматтарды  қорғауы тиіс. Және студенттердің  оқу  бөлмесінде Harlem Shake билеулерінің еш  сөкеттігі  жоқ.  Бұл  тек  балалық.  Нақтырақ айтқанда, көктем  барлығына әсер етіп  жатыр. Расында, көктемнің  «барлығына» әсер етіп жатқаны байқалып тұр. Сонда  бұл  қалай болғаны?  Үлгі  алар  үлкендеріміз жастарға  тәлім берудің орнына тәртіпсіздікке, ойсыздықтың алдын алудың  орнына  оспадарлыққа, жөн  айтудың  орнына жүгенсіздікке бастағаны ма?  Ал сіз не  дейсіз,  оқырман?

Жания Әбдібек

Сурет zakon.kz сайтынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар