ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Үкімет басшысы Асқар Мамин студенттердің жатақхана мәселесін шешуге нақты тапсырмалар берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жатақхана құрылысы бойынша жоспарды орындау үшін Үкіметке бірқатар шара ұсынған болатын. Студенттердің сапалы білім алуы үшін ең алдымен студенттердің жағдайы жасалып, тұратын орындары дайын болуы керек. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін қажетті қаржы бөлу моделі әзірленген. Министрлік нақты іс-шаралар жоспарын да дайындаған.
«Жоғары деңгейдегі білім беру жүйесін құру үшін студенттердің тұру жағдайын жасау керек», — деді Асқар Мамин.
Әзірге мемлекеттік оқу орындарына инвесторлар көп қызығушылық танытып отырған жоқ. Сондай-ақ, Асқар Мамин жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейтінін ескертті.
«Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студенттер жатақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспарланған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін, қымбат жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тоқтатсын», — деп тапсырды ҚР Премьер-Министрі А. Мамин.
Пікір қалдыру