
Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауы елдік мәселелерге жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқын көрсетуімен ерекшеленеді. «Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды» деген Президентіміздің сөзінің ақиқатын халық мемлекетіміздегі өркенді өзгерістер арқылы көріп, сезіп отыр. 2010 жылғы қаңтар айында Президент үкімет пен әкімдерге балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша «Балапан» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. «2020 жылға қарай қалалық және ауылдық жерлердегі балалардың бәрі мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылуы керек. Бізде ол үшін барлық мүмкіндік бар, әлеуетіміз жоғары, мемлекеттік-жеке меншік әріптстік – бәрі бар», - деп еске салды Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы «Нұрлы жол» атты кезекті Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар тапшылығын барынша азайтуды тапсырды. Ол үшін Президент 20 млрд. теңге қосымша қаражат бөлуді бұйырды. Демек, көп ұзамай ондаған балабақша ашылады деген сөз. Бұл балабақшаларды ашу барысында жергілікті органдар мектепке дейінгі осы мекемелерде жұмыс істейтін тәрбиешілер мен меңгерушілердің кәсіби деңгейін де назардан тыс қалдырмауы шарт. Міне, Елбасы тапсырды. Әкімшілік орындады. Шымкенттегі Самал және Тұлпар шағынаудандарындағы 320 орындық екі балабақша бүлдіршіндерді қабылдауға толық дайын. Құрылыс жұмыстары 2012 жылы басталған нысандар республикалық бюджет қаржысына салынды. Әрқайсысының құрылысына 500 млн. теңгеден жұмсалған. Бүгінгі таңда мердігер мекемелер қажетті құралдарын жеткізіп, жабдықтауға кіріскен. Қалалық білім бөлімінің мамандары бұл балабақша наурыз айында балаларды қабылдайды деп мәлімдеді.