Өткен жылы «Мәңгілік Ел» идеясы көтеріліп, қоғамда қызу талқыланып еді. Биыл «жүз қадамының» аясында тағыда күн тәртібіне шықты. Өткен жылы жастар ұйымдары өткізген акциялардан ұққаным - «Мәңгілік Елдің» мәнісін білгендер аз болып, айғайлап ұрандағандар көп болды. Мән берсек жүз қадамда «Мәңгілік Ел» идеясына екі жерде мән беріпті.
«Бірінші, «МӘҢГІЛІК ЕЛ» патриоттық актісі жобасын әзірлеу. Екінші, мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ» деп көрсетілген екен. Алдымен «Мәңгілік ел» идеясына тарихи салыстырмалы талдау жасап, одан кейін бүгініне талдау жасап анықтасақ.
Түркі Қағанаты б.з 545 жылдан 840 жылға дейін Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстіктегі сыртқы жаулармен аюдай алысып, 300 жыл дәурендеді. Ол туралы Күлтегін былайша сөз етеді:
Онда: «Ілгері Қадырхан жынысынан (Хянган жотасы) асып ел қондырдық. Батысқа Кеңү-Тарбанды (Сарыарқа) басып өтіп түркі халқын қоныстандырдық. Ары қарай Темір-қапыққа (Әзірбайжан жеріндегі дербет) дейін жорық жасап тыныштандырдық. Шығыста Шандұн жазығына (бүгінгі Қытай Халық Республикасының солтүстігіндегі Шандұн бұғазы) дейін жаулап алдық. Мұхитқа сәл жетпедік. Таңғұт, Тибетті жауладық.
Осылайша түрік билігін орнықтырып, салтанат құрдық. Аш құрсақты тоқ еттік. Шығай (кедей) халықты бай еттік. Дүйім түрік оғыз халқы, бектері тыңдандар! Қара жер қақ айырылып кетпесе, түрік халқы еліңді, билігіңді (мемлекеттілігіңді) кім құртады?!
Жұдырықтай жұмыл! Өткеніңе өкін! Түрік халқына бірлік, билігіне қағанат, бектеріне нысап керек!» деп Көк тіреген көк тасқа өшпестей қашап жазып қалдырған.
Осы ұлт бірлігін, қағанат билігін, мемлекеттің тұғырлы ұстынын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мәңгілікке сақтап қалуды мұрат тұтқан. Түй-ұқық абыз «Мәңгілік ел» идеясын келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Сол дәуірдегі Түрік қағанатының негізгі бәсекелесі, ғасырлар бойы алысқан-ата жауы Таң империясы хақында былайша сөз толғап, халқына, келер ұрпағына ескертеді: «Абай болындар! Алтын мен күмісті, судыраған жібекті, есепсіз жіберіп жатқан Табғаш (Таң) халқының сөзі тәтті, ақығы асыл. Олардың тәтті сөзі, асыл ақығына алданып қалмандар! Ақылды адам, парасатты басшы оған көнбес! Бір кісі (қаған) алданып жаңылса, иелігіндегі халқына, ұрпақтарының ұрпақтарына дейін зардап шегеді»- дей келіп: «Өтүкенде (Орталық Монголиядағы Ханғай жотасы) билік құрып, Орда тігіп, Табғашқа (Таң империясына) керуен аттандырып қойып отырсаң халқыңда мұң болмас. Өтүкенде билік құрып, мәңгілік ел мұратын тұтатып отырсаң, сені жау да алмас. Мәңгілік ел – мұраты түрік төрінің (билігінің) мұраты» деп осыдан 1300 жыл бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Жоғарыдағы қағанаттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлыстың геосаяси ядролық және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, «Мәңгілік ел» идеясының саясаты Көк Түрік империя билеушілері іске асырды. Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің бас ұранына айналып отыр. Осылайша, Көк Түрік қағанатының ақылгөй абызы Тұй-Ұқұқ ұрпағына мәңгілік өсиет қалдырған. Белгілі түркітанушы ғалым, Қаржаубай Сартқожаұлы «Мәңгілік ел» идеясының тарихи шығу негіздемесін келтірді.
Осы тұста басқада елдердің тарихында «Мәңгілік ел» идеясы болғандығына мән беріп қарастырсақ.
Ұлыбритания тарихшысы Арнольд Джозеф Тойнбидің «Тарихты ұғыну» атты әлемге әйгілі еңбегінде ол «мәңгілік» мәселесін қарастырған болатын.
Сонда былай: «Бұрынғы элиндік қоғамның әмбебап мемлекет болып табылатын Рим империясының тарихында біз Империя мен Қала ажалсыздығына жалпыға ортақ сенімді ұдайы кездестіріп отырамыз.
Мәселен, біздің дәуіріміздің 14 жылындағы Августың өлімі мен 138 жылғы Пийдің таққа отыруының арасында өткен жүз жылдан артық уақыт ішінде Рим мен Рим империясының мәңгілігі туралы ұғымды екі император ерекше әлпештеп, санаға сіңірумен болды да, олардың дарынсыздығы мемлекеттің түбіне жетіп тынды. Нерон империяның мәңгілігі айғақтауға тиіс болатын ойындар енгізді.
Север мен төңірегіндегі ізбастарларының заманында императорлардың ресми мәлімделетін мәңгілігі (осынау заманда, империяның құлдырау заманында тақ иесін Мәңгілік Мәртебелі деп атау біртіндеп енді) мен олардың шын жағдайының тұрақсыздығы арасындағы кереғарлық сананы жаншып жіберді. «Мәңгілік» сөзі тек латынша ғана емес, және де Римнің дәл құлауының алдында, грек тілінде қанатты сөзге айналағаны одан да оғаш (мысалы, Римнің орнына ақындар «Мәңгілік қала» тіркесін қолданды. Тіпті Алерих Римді басып алып, талапай жасағаннан кейін де бұл қаланың мәңгілігі туралы сөздер естіліп қалатын.) » деп әйгілі тарихшы осылай саралаған болатын.
Жоғарыда келтірілгендей Тұй-Ұқұқ абыздың болашаққа деген өсиетін, Рим тарихындағы мәңгілік идеясын талдап көрсек. Тұй-Ұқұқ абыз осы территорияның сақтап қалудың қолға түскен бақтан айырылып қалмау үшін өзінің өсиетін айта отырып, сол Түрік қағанатының мәңгі өмір сүру үшін қалай әрекет ету керектігін тасқа қашап ұрпақтарының есінен шықпастай еткен. Өкінішке орай Түрік қағанатының кейінгі ұрпақтары бұл өсиетті барынша сақтап қала алмады. Нәтижесінде Түрік қағанатының бөлінуіне алып келіп, әлемдік саяси сақынада Түрік империясы әлсіреп, әр түрлі елдерге бөлініп кетті.
Ал Римге тоқталар болсақ. Тойнби айтқандай Рим императорлары мәңгілік идеясын құр ұранға айналдырып жіберуі бірінші себеп болса, екіншісі дарынсыз басшылардың билік құруымен түсіндіріледі. Тұй-Ұқұқ абыздың өсиеттерін қорытындылай келе мәңгілік идеясы белгілі бір критерийлер мен индикаторлардан тұрады. Ел сол аталған талапқа сай болып отырса «Мәңгілік ел» болуға мүмкіндік болады. Мәңгілік Ел идеясынан шығар нәтиже:
- Ол құр сөзден тұрмауы тиіс. Оның өзінің бойына сіңірген талаптар мен шарттарға сай болуы тиіс, мемлекет ұдайы өмір сүру барысында оған ұдайы жауап беріп отыруға міндетті.
- Басшы дарынды, лауазымына сай көшбасшылыққа лайықты адам болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда «Мәңгілік ел» идеясы жай ұран сөз емес, оның жүгі ауыр іс екендігі көрініп тұр.
Ал қазір біз осы «Мәңгілік» ұғымының екі нұсқасының қайсысына сай келіп тұрмыз?
Келесі мақалада «Мәңгілік Ел» идеясының бүгіні қалай болып жатқанына тоқталатын боламыз. (жалғасы бар)
Руслан Ахмағанбетов, саясаттанушы
Пікір қалдыру