«Бриллиантты» босаға
Осыдан бір жылдай уақыт бұрын газетімізде «Миллиард ішіндегі бриллиант» деген мақала жарияладық. Сөйтіп, Қытайда туып, сол елдің кино өнерін бағындырған даңқты қандасымыз Жанар Сағатқызын жұртшылыққа кеңінен таныстырдық. Жалпы, бұл менің Жанар туралы жазған бірінші мақалам емес-ті. «Қазақстан» ұлттық арнасының көрермендеріне арнап қазақтың дарынды режиссер қызының шығармашылығы жөнінде екі-үш рет сюжет жасағаным бар. Апталық бағдарламаға ұсынған қытай қазақтары туралы арнайы бейнематериалымызда да Жанар басты кейіпкерлердің бірі болды. Оның өмір жолына қарап, еріксіз тамсанасың әрі таңғаласың. Бәсекелестік деңгейі бойынша әлемде бірінші орында тұрған Қытайды мекен ететін аз ғана қазақтың ішінен суырылып шығып, іргелі бір саланың биіктерін игеру – нағыз ерлік. Дүйім жұртты аузына қаратқан тума талантқа сүйсініп, қазақ болып туғаныңа қуанасың.
Жанар әпкемізбен жұмыс бабында таныстық. Кейін әңгімеміз жарасып, жақсы араласып кеттік. Жиі жүздесіп тұрған соң мен оны басқалар байқамаған қырынан таныдым. Жанарға деген құрметім шексіз. Онымен таныстығымды мақтан етемін. Қытайға іс-сапармен келген, қыдырып немесе емделіп жүрген отандастарымыз жергілікті қазақтар жайында үнемі сұрастырады. Олардың тұрмыстары қалай? Бізден айырмашылығы бар ма? Ішіндегі мықтылары кімдер? Осындай сұрақтарға жауап алғысы келеді.
Сол кезде мен әңгімемді үнемі Жанар Сағатқызынан бастаймын. Шынымен, Жанар туралы айтар нәрсе жеткілікті. Біз ғана емес Қытайдың қаламы қарымды жергілікті жазушылары да елдің беделді басылымдарының бетінде оның шығармашылығына арнап мақалалар жазып, пікірлерін білдіріп қояды. Тіпті, Қытайдың бір баспасы Жанар Сағатқызы туралы мақалаларды жиыстырып, қалың кітап етіп басып шығарыпты.
Жанардың болмыс-бітімі, өмірі мен өнері жайлы біраз ой толғадық. Енді оның туып-өскен ортасын, яғни түлеп ұшқан шаңырағын оқырманға таныстырғымыз келеді. Бұл отбасында Жанардан басқа да тума талант иелері баршылық. Бірі жазушы, бірі киногер, бірі әдебиетші, бірі ақын… Алдымен өнегелі отбасын құрып, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп өсірген Сағат Жайпақұлы мен Тұрсын Жолымбет туралы әңгімелейік. Бұлар – белгілі режиссердің асқар таудай әкесі мен ардақты анасы. Жанардай гауһар тектес талантты түлетіп ұшырған «бриллиантты» босағаға арнайы атбасын бұрғанды жөн көрдік.
Сергектік пен сыйластық
Жанардың ата-анасымен Шыңжаң автономиялық аймағының бас қаласы – Үрімшіде таныстым. Кезекті іссапарға келгенмін. Бұл кісілердің осында тұратынын естіп, сәлем беруге арнайы бардым. Сағат аға мен Тұрсын апа жылы қарсы алды. Олар мені Жанар туралы мақалаларым мен бейнематериалдарым арқылы біледі екен. Бұрыннан таныс адамдардай еркін араласып кеттік. Шуақты шаңырақ… Қазақтың кең дастарқаны…
Биыл екеуі де сексеннен асты. Бірақ олардың жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы жасы ұлғайған адамдардың іс-әрекеті сияқты емес, өте ширақ. Екеуі де сергек, тың көрінеді. Түр-әлпетінен, сөз саптауларынан аса зиялы адамдар екені бірден байқалады. Бойларынан ешқандай тәкаппарлық мінез аңғарылмайды. Қонақ күткендегі дағдымен тым сыпайылық сақтап, аса тартынып отырған да жоқ. Өз балалары келгендей ағынан жарылып, бар сырын жасырмай айтып, бізбен еркін сөйлесті. Жанардың әпкесі, Шыңжаң телевизиясының дыбыс режиссері Майгүл де үйде екен. Қарт ата-анасына қонақ күтуге көмектесу үшін арнайы келіпті.
Майгүлдің асы піскенше Сағат аға өз өмірі туралы айтып беруді жөн көрді. Бірақ әңгімесін бастасымен-ақ Тұрсын апа оның сөзін үнемі бөліп жіберіп отырды: «Тоқта, дұрыс айтпадың…», «Өй, мынау не дейді?», «Жоқ, ол жылы емес, қате…». Бір айтты, екі айтты, апамыз қояр емес. Сағат ағаның да шыдамы таусылып: «Өй, үндемей отыра тұршы, сен кемпір!», – деп зекіп тастады. Оған бұға қалған апамыз жоқ: «Әй, сен менімен қалай сөйлесесің!? Мен – Тұрсын Жолымбетпін. Атағым жер жарады. Халқымның қалаулысымын. Олай сөйлеме маған», – деп күңкілдейді. Сағат ағамыз болса, оған қабақ астынан сынай қарап отыр. Сәл жымиып қояды.
Көп ұзамай-ақ мұның келіспеушілік көрінісі емес, екеуінің арасындағы жарасымды қалжың екенін ұқтық. Апамыздың ағамызға еркелеуі деп түсіндік. Шынында да, осыдан кейін Тұрсын апай шәйінен бір ұрттады да, ағамызға: «Иә, қойдым, енді айта бер!», – деді… Сосын біразға дейін үндеген жоқ. Міне, сексендегі сергек жұптың сыйластығы қандай?!
Қазақ радиосының қадамы
Сағат Жайпақұлы – Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының тумасы. 1935 жылы маусым айында дүниеге келген. Ол – Қытайдағы қазақ радиосының негізін қалаған журналист. Бұқаралық ақпарат құралының төрт түрінде жұмыс істеген. Газет, радио, журнал және баспа саласында біраз жыл еңбек еткен. Қызмет жолын 1952 жылы «Шыңжаң газеті» басылымының қазақ редакциясынан бастаған. Сонда 12 жыл істеп, корректор, көмекші редактор, редактор қызметін атқарған. Кейін қазақ редакциясының бастығы болған. Белсенділігімен көзге түскен Сағатты үкімет партия қатарына тартады. 1963 жылы Шыңжаң автономиялық партия комитетінің үгіт бөлімі қазақ тілінде «Ячейка тұрмысы» деген журнал шығара бастаған. Сағат Жайпақұлы 1964 жылдан бастап сол журналды басқарады. Бес жылда партияға және өз журналына адал қызмет етіп, үкіметтен сан мәрте марапат алады.
Аз ұлттар комитеті мен орталық үгіт бөлімінің ұйғарымымен 1970 жылы Бейжіңде қазақ радиосын ашу туралы шешім қабылданады. Жаңадан құрылған радионы басқару үшін білімі мол, басқарушылық қабілеті жоғары, партияның сеніміне сай келетін шыңжаңдықтар іріктеледі. Бір жыл бойы ұйымдастыру және дайындық жұмыстары жүргізіледі. Осы кезеңде басшылыққа үміткер қарастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Ақыры, жүздеген адамның ішінен Сағат Жайпақұлы бұл қызметке лайық деп танылады. 1970 жылғы 1 мамырдан бастап тұңғыш қазақ радиосы ресми түрде өз жұмысын бастайды. Ол кезде Шыңжаңнан Бейжіңге қызметке шақырылатын қазақтар бірен-саран ғана болатын.
Бұл Сағат үшін ғана емес, жалпы жергілікті қазақтар үшін есте қалар тарихи сәт еді. Сол тұста өте қатаң саясат ұстанып отырған Қытайда аз ұлт өкілінің Шыңжаңнан шығып, Бейжіңге басқарушы қызметке келуі ғарышқа ұшқанмен бірдей жетістік саналатын. Сөйтіп, өмірінде зор жеңіске жеткен Сағаттың кеудесін қуаныш кернеп, жұмысқа білек сыбана кірісті. 1971 жылдан бастап 1984 жылға дейін қазақ радиосы күніне түске дейін жарты сағат және түстен кейін жарты сағат, жиынтығы бір сағат ақпарат таратты.
Қазақ радиосының штатында 18 адам бар еді. Соған қарамастан бұлардың атқарған жұмысының машақаты көп болды. Ол кездегі ресми терминдердің барлығы қытайша айтылатын. Қазақша атаулар болмады. Қазіргідей самсап тұрған сөздіктер жоқ. Қазақша терминология толық қалыптаспаған кез. Әдеби немесе тұрмыстық деңгейде болмаса, қазақтардың ресми тілі қолданылмады.
Сағат басқарған ұжым биліктің жоғары органдарымен кеңесе отырып, екі жыл бойы тынбай жұмыс істеді. 1973 жылы Бейжіңдегі зиялы қауым жиылып, жергілікті қазақтардың тұңғыш терминологиялық және жер-су атауларының сөздігін бастырып шығарды. Айта кететін жайт, ол кезде Қытайды мекен ететін ұлттардың ішінде қазақтан саны асып түсетіндері де бар еді. Бірақ олар қазақтай еркіндікке ие болмаған. Өзіндік бұқаралық ақпарат құралдары да жоқ-ты. Сөйтіп, Қытайдағы қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары мейлінше белсенділік таныта бастайды. Бұлар үкіметтің назарына ілігеді, сенімге кіреді.
Жұмысын абыроймен атқара білген Сағат Жайпақұлы биліктен тек алғыс ала отырып, қазақ радиосын 15 жыл басқарады. Сағат уығын тіктеген ақпарат құралының керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеп, әлі күнге дейін ағайынның бойына қан таратып тұр. Қазір қазақ радиосы өзінің аударма қызметі мен тілшілер қосыны бар, бағдарламалары көп, тыңдарманы мол беделді мекемеге айналды. Оны бүгінде Қанатбек Жұмабайұлы деген қандасымыз басқарады.
Қазақ радиосының негізін қалап, 15 жыл бойы үздіксіз еңбек еткен Сағат Жайпақұлы Шыңжаңға қайтуды ұйғарады. Бұл кезде Жанар мектепте, үлкен ұлы Амантай университетте оқып жүр еді. Дәл осы тұста Жанардың жұлдызы жанды. Ол сол жылдарда тұңғыш рет көркем фильмге басты рөлге шақырылды. Он жеті жастағы бойжеткеннің кино әлемінегі алғашқы қадамы сәтті басталды. Сағат ағай бұған тек қана қуанады. Балаларын қалаған оқуына жіберді. Олардың ел көріп, жер көріп, өсіп-өніп, өркендеп-дамығанын қалайды. Перзенттерінің жолын ашуға тікелей септігі тимесе де, ешқандай тосқауыл қоймады.
Сөйтіп, балалары Бейжіңде қалып, өзі байырғы жұртына, Шыңжаңға аттанды. Үрімші қаласына келген соң Шыңжаң халық баспасының қазақ редакциясын басқарды. Жалпы, мемлекеттік қызметке өмірінің 45 жылын арнады. Кейін зейнетке шыққанда да, тыным таппады. Осы күнге дейін қолынан қаламы түспейді. Екі кітабы жарық көрді. Алғашқысы «Із» деп аталады. Онда өзі жазған очерк, эссе, әңгіме, шалқыма, естеліктер топтастырылған. Екінші кітабы – аудармалар жинағы. Бұл жинаққа Қытай жазушыларының және қытайша жазатын қазақ қаламгерлері туындыларының тәржімалары енгізілген.
Сағат аға әлі күнге дейін қытай ойшылдарының, ақын-жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударады. Өзінің негізгі шаруасынан қолы қалт етсе, өзге қаламгерлердің кітаптарын шығаруға көмектеседі. Редакторлық етеді, рецензия жазады. Қысқасы, бос жатқанды жаны қаламайды. Қазақ жұртындағы баршаға танымал қаламгерлермен әлі күнге дейін араласып тұрады. Сондай көңілі жақын достарының бірі – көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов. Ол кісімен телефон арқылы жиі сөйлесіп, жол түскенде бір-біріне қонаққа келіп тұрады.
Қазір Сағат аға өзімен сыйласқан жандар туралы естелік жазып жатыр. «Осы естелігімді шығарғым келеді. Кім біледі… Бүгін барсың, ертең жоқсың», – деп күрсіне беріп еді, қағылез Тұрсын апамыз қайтадан сөзін бөліп жіберді: «Шығарасың! «Бір жұмысты бастадың ба, аяғына дейін апар» деп өзің айтушы едің ғой…». Оған Сағат аға: «Әй, тыныш отыр деймін саған!», – деп әзілдеп, зілсіз зекіп жатыр. «Көңілдеріңе алмаңдар, балалар, біз өстіп үнемі жағаласып, айтысып тұрамыз. Ертең біздің жасымызға келгенде сендер де сөйтесіңдер!», – дейді апамыз. Ішімізден «Соған жеткізсін… Әумин!» дедік. Тұрсын апай: «Болды енді, ары қарай мені тыңдаңдар», – деді де, өз өмірбаянын баяндай жөнелді…
Сексен көктем, сексен қыс…
Тұрсын Жолымбетқызы Шыңжаң қазақтары арасында ақындық өнерімен танымал. Өзі Шыңжаң өлкесі Санжы өңірінің тумасы. Апамыздың еңбек жолы да Сағат ағаның өмірбаянына ұқсас. Екеуі өмір бойы қызметтес болған. Бірақ Тұрсын апай азаматы секілді басқару ісіне емес, таза шығармашылыққа бейімдеу. Осы күнге дейін жүздеген өлең жазыпты. Төрт жыр жинағы мен екі естелік кітабын шығарыпты. Тұрсын апай өмір бойы күнделік жазып келеді. Өмірінің әрбір күнін, әрбір шуақты сәтін үнемі қойын дәптеріне түсіріп жүреді. Оның барлығын жиыстырса, жиырма шақты кітап болып қалар.
Жастайынан қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқып өскен. Өздігінен әріп танып, білім алуға құштарлық танытқан Тұрсын еңбек жолын Іле облыстық газетінің тілшісі қызметінен бастаған. Ол кезде ерікті тілші деген қызмет болыпты. Бұлар – ақысыз немесе мардымсыз жалақымен жұмыс істейтін тілшілер. Сол қызметте жүріп Сағат ағаймен табысыпты. Биыл Тұрсын апайдың жасы сексен бірге шықты. Жазу-сызуын әлі тоқтатқан жоқ. Оның өлеңдері осы күнге дейін Шыңжаңның беделді басылымдарында жарияланып тұрады. Өзі өте талғампаз. Тек жаңа өлеңдерін ғана жарыққа шығарады.
Ақын апамыз қазір өзінің жаңа өлеңдер жинағын әзірлеп жатыр. Ол жинақ жақын арада «Қиялдан туған қиқымдар» деген атпен жарыққа шықпақ. Кейінгі туындыларының бірі – «Сексен» деген өлеңін өзінің мерейлі жасына арнап шығарыпты. Сол өлеңдегі екі-үш шумақты оқып берді де сұхбатты тоқтатуымызды сұрады. «Жалпы, мен өзім туралы айтқанды ұната бермеймін», – деді сосын. Мен қайтадан Сағат ағайға бұрылып, Тұрсын апайға қалай жолыққанын сұрадым. Бірақ ағай аузын ашып үлгерер-үлгерместен апамыз қайтадан оның сөзін бөліп жіберіп: «Оны өзім айтуыма да болады, мен бастайын», – деді… Сөйтіп, ақкөңіл апайым әңгімені қайта сабақтады. Міне, бұл енді таза ақынның мінезі…
Тағдыр қосқан тілшілер
Бұлар қызмет барысында танысыпты. 1952 жылы екеуі де екі мың қазақпен бірге партия мектебіне үйрету курстарына оқуға түседі. Ол курстары біткенше бірін-бірі танымаған екен. Саяси сауат ашқандар қатарына қосылған олардың қызметке орналасуына мүмкіндік туады. Тұрсын өзінің туған өлкесі Іле жағына кетеді. Ал Сағат Үрімшіден қызмет тауып, осы қаланы мекендеп қалады. Бұл Іленің үлкен облыс болып құрылған кез еді. Қазақтар негізі сол аймақта шоғырланған соң «Шыңжаң газеті» басылымының қазақ редакциясы сонда көшіріледі. Ал Үрімшіде оның бөлімшесі ғана қалыпты. Үш күнде бір шығатын «Малшылар газеті» деген атауы бар басылым ел-жұртпен қауышып тұрады.
Кейін Сағат сияқты белсенділер жиналып, мұның теріс ұйғарым екенін, бас бөлім Үрімшіде орналасуы керек екенін мойындатқан. Бір жыл ішінде редакция қайта көшеді. Іледе жұмыс істеген 10 қызметкерді жұмысқа алу Сағаттың мойнына жүктеледі. Сол 10 адамның ішінде Тұрсын да болған. «Бекер емес, өзім таңдадым. Әйтпегенде бұған Үрімші қайда?!», – деп қалжыңдап қояды қария. Сөйтіп, екеуі танысып, табысып, отау құрып, 1957 жылғы мамыр айында шаңырақ көтерген.
Сол күннен бастап жұптары жазылған емес. Қуанышты күндерді бірге өткізді. Қайғыны да бірге бастан кешірді. Құдай олардан баланы аяған жоқ. Бірақ бәрін бірдей ұзағынан сүюге бұйыртпапты. Тұла бойы тұңғышын «қартайғанда ермек болсын» деп Сағаттың енесі сұрап алады. Бірақ ол бір жасқа жеткенде шетінеп кеткен. Одан кейін Амантай туған. Кейіннен шаңыраққа Асқар деген тағы бір ұл келген. Сағаттың туған ағасының бес қызы бар екен. Ұлды аңсап жүрген сол ағасы Асқарды қалайды. Сағат пен Тұрсын көп ойланбай келісім береді. Бұл перзенті де періште кезінде ғұмырмен қоштасыпты.
Қайғыға батқан ата-ана «енді ешкімге бала бермейміз» деп уәделеседі. Осы әңгімені айтып отырғанда Сағат аға терең күрсінді: «Е, мүмкін, ешкімге бермегенде барлығы да аман болар ма еді, кім біледі…». «Ал меніңше ол екеуі өз қолымызда да ұзаққа бармайтын еді… Өйткені екеуі де өте сұлу болатын. Мен өз өмірімде сәбидің ондай сұлулығын көрмеппін. Көздеріне, дене бітімдеріне дейін елден ерекше еді. Құдай тек оларды бізге көрсету үшін ғана жаратқан секілді. Бірақ есесіне Алла алтындай қыздарымды берді ғой…», – деп қойды Тұрсын апай.
Кейіннен Жанар мен Майгүл дүниеге келеді. Балаларының барлығы да алғыр, зерек болып өсті. Бұл үй талантты ұл-қыздардың берекелі бесігіне айналды. Амантай әкесінің жолын қуып, әдебиетші болды. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеді. Жанары миллиардты мойындатты. Халықаралық деңгейдегі танымал тұлғаға айналды. Бар қазақтың мақтанышы. Немерелері Айдос пен Майра да өз қатарынан оза шапты. Майра – бүгінде Шыңжаң көлемінде танылып келе жатқан сәнгер. Қазақтың сұлулығын қалың елге танытып жүр. Ал Айдос туралы әңгіме бөлек…
Қытайша қалам тербеген
Айдос Амантайұлы – қытай тілінде роман жазған тұңғыш қазақ. Әрине, Айдостан бұрын да қытайша қалам тербеген қазақ жазушылары баршылық. Әйгілі қаламгер Әкбар Мәжиттен бастап қалың қытайдың тілінде жазып, елге тағылымды шығармалар ұсынып, оқырман ықыласына бөленіп жүрген қандастарымыз жеткілікті. Бірақ Айдос аса ауқымды жанрда бақ сынап көруді ұйғарыпты. Ол романын небәрі жиырма екі жасында жазды. Жиырма төрт жасында бұл туынды он мың данамен басылып шықты. Жас жігіттің «Айдос – Шолпан» деген романы Қытайдың шығармашылық әлемінде едәуір дүмпу туғызды. Қытайлық атақты ақын-жазушылар, белгілі қаламгерлер жаңа кітапқа арнап пікір жазды. Сол еңбегі үшін Айдос Мемлекеттік сыйлық алды. Жастайынан қалам ұстаған бала 13 жасында өлең жаза бастапты. 16 жасында тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған. Оның ақындық өнеріне тәнті болған талай қытайлық қаламгер жоғары баға беріпті.
«Халық әдебиеті» журналының басшысы Чю Дунхуа Айдостың өлеңдер жинағымен танысып шыққаннан кейін оны үйіне арнайы іздеп келіпті. Емін еркін сөйлесіп, танысып, өзінің алған әсерін қағаз бетіне түсіреді. Ол Айдостың көркем тілі мен шығармашылық табиғаты ғажап екенін, жансыз дүниеге тіл бітіріп, оны адамзатпен сырластыратынын айтады. «Оның өлеңдерін оқысаңыз, мән-мазмұнына жете бойлап, терең рухпен тілдескендей күй кешесіз. Бұл оның өлең өнеріндегі бастауы ғана. Алдағы жарқын болашағы мұнан да нұрлы болады деп сенеміз!», – дейді қаламгер өз жазбаларында.
Биыл Айдос ҚазМУ-ды тәмамдады. Енді шетелде оқымақ ойы бар. Осы жазда емтихан тапсырып, АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Бингхэмтон университетінің грантын иеленді. «Сәті түссе, өнерімді шетелде жүріп шыңдаймын», – дейді ол. Жалпы, шетелдіктердің біразы оның шығармаларымен танысып үлгерген. Канан Морс деген америкалық жазушы Гуанчжоу қаласына қытай әдебиетін зерттеу үшін арнайы келіпті. Ол жергілікті әдебиет журналының бетінен қазақтың тұрмыс-салтын сипаттайтын «Жетесіз» деген әңгімесін оқыпты. Авторы – Айдос Амантайұлы. Әңгімені ұнатқаны соншалық, ол туындыны ағылшын тіліне аударып, пікір жазып, бірнеше шет тілдерінде шығатын журналға жариялапты. Бір қызығы, сол әңгіменің ағылшынша нұсқасын өзіміздің отандастарымыз тауып алып, қазақшаға аударып, еліміздегі «Жалын» журналына бастырады. Жас қаламгер бүгінде жүзден астам өлеңнің, жиырма шақты әңгіме мен повестің, бір романның авторы. Биыл жасы 26-ға толды. Оның асар асулары әлі де алда деп білеміз…
Ұлттық ұлағат ұясы
Бір шаңырақтың бақыттылығы басқа бір әулетпен салыстырған кезде ғана айқын байқалады. Айналамызда мұндай мысалдар жеткілікті. Сағат аға мен Тұрсын апаймен кездесерден бірер ай бұрын Қазақстаннан бір жолдасым келген-ді. Бейжіңде тұрақты қызмет істемек. Өзі қытайша жөнді білмейді. Сондықтан, ол менің пәтер іздеуге көмектесуімді өтінді. Екі-үш күн сабылып жүріп, ақыры тұратын жер таптық. Бейжіңде біраз уақыт қызметте болған қандастарымыз Шыңжаңға қайтып барады екен. Олар үш бөлмелі пәтерін жалға беруді ұйғарыпты. Әке-шешесі және ер жетіп қалған ұлы үшеуі тұрған көрінеді.
Үлкен кісілер елге қайтады, ал баланың бір өзі үш бөлмелі үйде тұрғысы келмейді. Сол бала арзандау бір бөлмелі пәтерге көшіп, үлкен үйді жалға беріп пайда таппақ. Іздегенге сұраған. Досыма үй ұнады. Бағасын да реттегендей болдық. Жас шамасы алпыстан асқан кісілер келіскенімізге қуанып, жақынырақ танысып, жөн сұрасып жатыр. Әңгіме барысында әлгі бала бізге бір ауыз тіл қатқан жоқ. Тіл қатпақ түгілі, өз бөлмесіне кіріп, есікті тарс жауып алды. Бұл қылығы ерсі көрінсе де, біз үндемедік. Сол күні біраз әңгімелесіп тарқастық. Келесі күні әлгі кісілер қайтадан телефон соқты: «Пәтерді жалға бермейтін болдық. Балам келіспей жатыр».
Біз аң-таңбыз. Қайтадан пәтерге бардық. Бізді көрген әлгі бала кірпідей жиырылып, бетін тыржитып, әке-шешесіне қарап, мұрнының астынан міңгірлеп, қытайша бір-екі ауыз тіл қатты да, қайтадан бөлмесіне зып берді. Қазақша мүлде білмейді екен. Пәтер жалдау бағасы баланың көңілінен шықпапты. Тағы да ақша қосуды сұрайды. Кеше келістік, қол алыстық. Мұнысы несі деп, анасынан ұлымен тағы бір сөйлесіп көруін сұрадық. Анасы барып ұлдың есігін қағады. Әлгі ашпайды, есіктің артынан анасына ауық-ауық ақырып жібереді. Ыңғайсызданған шешесі: «Бұл қалай, балам-ау?», – деп есікті ашуды қайта-қайта өтініп жатыр. Безбүйрек бала шықпады, оған қоса түнімен ұйықтамағанын айтып, барлығымызға дереу тынышталуды бұйырды…
Ата-ана үнсіз қалды. Бала түнімен жұмыс істейді екен. Күндіз ұйықтайды. Ал ол ұйықтап жатқанда үйдегілер аяқтарының ұшымен жүруге тиіс… Сонымен, әке-шешесі тым-тырыс қана көше бастады. Түйіншек-түйіншек, дорба-дорба жүктерді үлкендердің өздері, олардың әріптестері көтерісіп, бір-бірлеп сыртқа әкетіп жатыр. Бала болса, қалың ұйқыда…
Сол жолы жағамызды ұстап қайтқанбыз. «Бұл жайт біздің қазаққа да жеткен бе?!» деп таңғалғанмын. Қазір шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың бүгінгі ұрпағы ассимиляцияға ұшырап жатқан көрінеді. Тілін, ділін ұмытып, өз ұлтын менсінбейтіндей дәрежеге жеткендер баршылық екен.
Жанардың әке-шешесімен сұхбаттасып отырғанда ата-анасын жазғырған әлгі жалғыз бала есіме түсті. Қалың Қытайда алуан түрлі қазақтар өсіп келеді. Бастапқы болмыс-бітімін сақтап қалғандар да, ұлттық келбетін өзгертіп алғандар да кездеседі. Бірақ Жанардың ұшқан алтын ұясын көрген соң өз ұлтын сыйлайтын, ұлттық құндылықтарын қастерлейтін, саналы ұрпақ тәрбиелейтін қандастарымыз баршылық екенін аңғардым.
Сағат аға мен Тұрсын апа шаңырағының тіршілігі маған қатты әсер етті. Қазақтар қашан да еліктегіш халық емес пе?! Сол секілді қалың елде жүрген қандастарымыздың ішінде қытайларға еліктейтіндері де ұшырасады. Тіпті, еліктеп жүріп, соларға сіңіп кеткендер де бар. Ал бұл отбасындағы әрбір жан өздерінің қазақ екендігін қашан да мақтан тұтады.
Ұлттық иммунитет үнемі жадыны жаңғыртып тұрады. Сағат пен Тұрсын – аға буынның өкілдері, олар өзінің қазақылығын сақтап қалған. Ал Жанар – шетелдіктер ортасында көп жүрген өнер тарланы. Оның өмірінің жартысынан көбі өзге ұлттар арасында өтті. Бірақ ол қазақ екенін бір сәтке де ұмытқан жоқ. Айдос та солай. Қытайша жазса да тек қазақтар туралы қалам тербейді. Оның шығармалары арқылы қазақты қалың жұрт таныды. Бұл – шынында да әлеуеті мол әулет. Осындай шаңыраққа қарап, шүкіршілік етесің. Өзге елде жүріп, өз халқының мүддесін ойлап, ұлтының абыройын асқақтатқан, өнегелі отбасын құрып, өнерлі ұрпақ тәрбиелеген қос қарияға амандық тілеп аттандық.
Бүкіл Шыңжаңға шұғыласын шашып тұрған шаттыққа толы шаңырақты қимай кетіп барамыз…
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Бейжің – Үрімші – Бейжің.
Суреттерде: С.Жайпақұлы; Т.Жолымбетқызы; А.Амантайұлының қытай тіліндегі романы; әулет.
Пікір қалдыру