Тапа-тал түс. Тымырсық қала. Мұнарлы аспан. Қысқа юбканың тар етегін сүйемдеп, біз өкше қызыл туфлиін тақ-тұқ басып, Алматы вокзалына табан тіреген сұнғақ бойлы, сымбатты келіншек іссапарға, әлде қыдыруға шыққан болар. Құмырсқадай құжынаған қалың топ арасынан жылжып өтіп купеге кірген ол қызыл сумкасын ақ білегіне іліп, қара көзілдірікті келесі қолымен шекесіне ысырып, іштегі шал мен кемпірге ерін тыжыртқан.
– Амансың ба, қалқам? – деп үлкен кісілер жарыса қалбалақтап жатыр. Аққу мойын, ақ тамағын кербездене созып, қарсы алдындағы егде жігітке көз қиығын қыдыртып өтті.
– Ақжол болсын бикеш! – деді жігіт кірпік алмай қадала қарап. “Құнажын көз сүзбесе, буқа бұйдасын үзбейді”. Қыранша шүйліккен сары бауыр бүркіт қиялы қырда жортқан қызыл түлкіні жез тырнағымен бүріп әкетердей қомданып барып шарасыз шоқия берген.
– Ант ұрған, бәрің бірдейсің, – жігітті ой көзімен оқып үлгірген келіншек, – Қандай сұрықсыз салқын, – деді тырсиған қос анарын тұмсық тұсынан емізте сүйкеп, дөңгелек бөксесін тұмса байталдай лақтыра дәлізге шығып. – Әттең! Бірде шөл, бірде көл, кейде шайтан, кейде періште көңіл-ай деші! – деп күрсініп жіберді.
Ол Арманмен тұрмыс құрғанға дейін еліктің лағындай ойнақ салған. Алып ұшқан өрт шағында шоқ басып, құтты ұясына қонған үш жылда құрсақ көтермей жүрді. Бедеулігін бетіне айтып күйеуі кінәлайтынды. Сондай бір сәттерде шын сүйген жанды жолықтыра алмағанына налып қарадан-қарап бұрқ-сарқ күйге түсетін. Ес кетіп, үміт үзілген. Кейін едел-жедел екі бала туды. Онысы күйеуіне ғайыптан тайып болғандай көрінді.
– “Аурудың өзі кателік” деген Гипократ. Айғырлық жасай алмаса кімнен көреді, ол үшін ата-анасы кінәлі ме? – деп қазан қайнатардай сыбанып алған кезіндле өз ойынан өзі үркіп, – Бұл сөзімді өзгенің құлағы шалса ше, қайдағы бір бозөкпе қатынның бос белбеу байын даттағаны несі-ей, дейтін шығар, бала сүйгім келетін қылаудай арманымды өзгелер қайдан түсінсін, – деп артынша ақталып арпалысқа түсетін.
Тоқымын бауырына алып тулауындағы бірден-бір себеп күйеуінің күй-жайына тіреле берген-ді. Қанша дегенмен, әйелдің жолы жіңішке емес пе?! Ел тұтастығына селкеу түсіріп, ер-азаматтың ар-намысына тиетінін қу іші қылп етіп сезген. Өзімшіл өркөкірек мінезін мойындағысы келмесе де, отқа май құйып, көңілге кірбең түсіруден тіксінді. Белден мұз оранып, қан майданнан қайтып келіп шұбыртып немере-шөбере сүйген қарттың “ұлы далада қанат қаққан ұрпақ ешқашанда боркемік болмайды” дегенін газеттен көзі шалып қалғаны бар еді. Содан соң жарапазан салып жария ете беруден тартынып тек Таңсәуле апкесіне барып “табаннан сыз өтіп, суық тиіпті” деп бар сырын күмілжіп отырып жеткізген.
Айымның шешесі отағасымен дәмі жараспай ажырасып тынды. Ащы суға әуес қатын кұйеуді тыңдасын ба?! “Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ”, өзі билеп, өзі төстеген. Келе-келе азғын суды талай еркекпен сары қымызша сапыра сораптады-ау келіп. Көлденең көк аттының ермегінде жүріп ішкілікке салынғаны соншалық, ерніне тимесе кеберсіп шөліркейтін. Әдетте, “қулығы қырық есекке жүк” болар құбылғыш болып кететін. Онысы ішкенде шатқаяқтап әдірем қалады. Есерсоқ сөз естіп есейіп, бүлк етпес безбүйрек өмірге еті үйренген қызын айрықша әспеттейтінін қайтерсің, тіпті оның көзінше Таңсәулені жәбірлеп қорлауын доғармай-ақ қойды.
Таңсәуле жөргегінде жетім қалып, әкесі Айымның анасына үйленді. Ол қаршадайынан Айымды туғанындай бауырына басып әлек болатын. Бөлек жатырдан шыққан шикі өкпе аузына түскен әрбір дәнді түгендеп, әуел десең бұтына ілген жаңа дамбалын көріп көкірегін өрт шалатын. Сонда да елемеуге тырысатын. Шешесі “шаранадан шыққалы шеккен азабын жан баласына бермесін” деп мүсіркеместен балалар үйіне бір жола тапсырып жібергенде көңілі құрғыр әбден қалды. Көп өтпей өгей шешесінің жұмбақ жағдайда көз жұмғанын көрші-қолаңдары сан-саққа жорып жеткізді. Оны естігенде өткен күнін елестетуге дәті батпаған. Сылқия сілтеп жүріп сеспей қатқан қатынның соңында жетім қозыдай жетілмей бүлдіршін қыз Айым қалды.
Сағат тілінің шықылдап соққан үні толассыз келіп-кетіп жатқан әрбір адамның ғұмырын әйгілеп түрғандай естілетіні ескеріле бермейді. Сол көп пенделердің бірі секілді Айым өзінің қалай бойжетіп шыға келгенін аңғармай қалған.
“Жатырына тартты” деген сөз тура Айымға қаратылғандай, сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі, жатқан жатысы, тамақ ішкеніне шейін шешесіне ұқсап кеткен. Кескін-келбеті шешесін құйып қаптап қойғандай дейді көз көргендер. Оны қойып қызылкөз қызғаншақ дерті де бар деседі. Сол әдет қанына сіңіп, алпыс екі тамырында бүршіктеп, “алтын дән” сияқты әрбір түйіршік тіканін қуалай мәуелеп “...өзді-өзі сыбырласып...” еліктіріп есірте ме, кім білсін?
Құйындай жүйткіген отарбаның оң қаптал жағында қалықтай сырғып қалып бара жатқан жердің сонау көк жиегінен арқан бойы көтерілген күннің алтын арай шуағы Айымның үлбіреген ұлпа жүзін дір-дір еткен әйнектен ентелей себелеп өбе түсті.
Балалар үйіндегі Таңсауленің тағдыры шым-шытырық шырмауға толы еді. Ол кейін Айыммен бірге тұрды. Сол кезде жалбыр шашты, танқы танау әртіс соңынан қалмай салпақтап жүрді. Оны көрген Айымның алақұйын ойы арбаның атындай тулап ала жөнелді. Апасының алдын орап, әлгі жігітті өзіне қаратып алған сол бір түні, бақыт құшағына батқандай күй кешкен.
– Сенсіз қалай өмір сүріп келгем, – деді сабаздың тақымында сұр жыландай иіріліп.
– Мен бақыттымын! – деп қыса түскен жігіт. – Оны емес, сені сүйіп ем, – деді қолаң шашынан сипап.
– Өмірде ешкімді сүйіп көрмеппін, – түкті төсіне басын қойып. – Өз-өзімді қалай алдап жүргенмін, – деді көзіндегі ақмоншақ жасқа ерік бере солқ-солқ өксіп. Өкініш, мұң, қорлану зар-запыран лоқсып қотарыла төгілді. Көк көрпе бүркенген жалаңаш тән мұздап қалтырады.
Ол жүкті болып қалғанын естіткенде, сайран сауықшыл жалбыр шаш шоқ басып алғандай ыршып кеткен. Өмірге ай-күні толып екінші бала келген. Жарық дүние есігін ашқан сәбидің кінәсі жоқ әрине. Алдынғы баласы да күйеуінен емес-тін. Оның әкесі әлгі аспаққа асылып өлген алқаш Құрман болатын. Оны есіне алса құдықта жатып, құлағында құр бақа ойнағандай түршігіп кетеді.
Бар пәлелі құпия сырларын сандыққа салып, теңіздің терең түбіне тастап түнерген түндер мен көңілсіз күндерді өткеріп жатты. Өткен өмірдің өкінішін бәрібір ұмыта алмай-ақ қойды. Бір күні күйеуі сылқия тойып алып келіп “қойныңдағы қатыныңа сенбе” деп тілін шайнай, “тот басқан қара қақпан” деп сіміртті. Қой аузынан шөп алмас, қойдай қоңыр мінез байының от алып, қопаға түскені көз алдында қалып қойды.
“...Шеше көріп тон пішкен” дәстүрден ада өскен Айымның соры бес елі екен. Ол шарап буына шалқып шаттық іздеді, әртісті әулие көріп әумесерлік кезінде байыз таппай баянсыз бақытты байырқалады, маңдайыма бұйырғаны сол деп малданып-масайрап жүріп, қапияда қармақ қапты, қара сан соғып тынды. Өзін жарты құдайдай сезінген сезім селге кеткен. Ендігі өмірдің мәні мен сәні жоқтай көрінеді.
Астана-Алматы, Алматы-Астана құстың қос қанатындай түстік пен теріскейдегі алып қос шаһар арасында асфальт, темір, әуе жолдары арқылы қисапсыз халық күні-түні, қысы-жазы арлы-берлі дамылсыз сапырылысып жатыр. Әне, көптің ортасында елуді еңсерген, дембелше қарынды, жатаған денелі, бурыл шашты, қырма сақалды, шырпылып күзелген селдір мұртты Амангелді тұр.
“Алматы-Астана 109-жүрдек пойыз бірінші жолға келіп тоқтады” деген хабарлама естілді. Екі иығынан дем ала сырғып ышқына келіп тізгін іріккен отарбаның он үшінші вагонның есігіне ол анталай қарады.
– Айым келуіңмен! – деді қапсыра құшақтай бетінен сүйіп.
Келіншектің қолынан жетелеп, таксидің есігін ебелектей жүріп айқара ашты. Содан Астана-Паластың іргесіндегі мейрамхана төріне барып құйрық қондырды.
Бұлар бір-бірін көптен бері жақыннан танып біледі. Бұдан бұрын талай қоңырауласқан, өткен-кеткен өмір сырларын шертіскен. Жол бойы күйісінен жаңылып, көңіл-күй ұшты-күйлі болып өз-өзін таппай келіп еді. Енді шат-шадыман күйге бөленіп отыр.
Сұлуға артылып, сұлу сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің жетегінде жүрсе несі айып?! Құлын мүсін аруға арбалып, неде болса құрбандыққа шалындым деді ме, бәйбішем шаңқ етіп, мамыражай мезгілдің берекесін қашырмасын деп ойлады ма, қалта телефон үнін тұншықтырып тастады.
Келіншек тарелкадағы салатты шанышқы ұшымен оймақтай аузына сүңгітіп, сүйір саусағымен салфетканы алып, үлбіреген ерніне сылай сүртіп, сүрткіні үстелге қырлап қойып, күлімсірей қарады.
– Сізге жеткенше асықтым.
– Сенем, сенем, мен де тағатым таусыла күттім.
Екеуі виски ішіп қызара бөртіп алды. Махаббат, бақыт туралы ашық-жарқын хамсалар қызды-қыздымен тонның ішкі бауындай әмпей-жәмпей болды да қонақ үйге қарай тартқан. Табалдырық аттай салысымен бір-біріне асыла артылып, құныға сүйісіп, құшырлана аймаласты. Бір күнгідей білінбей бір апта өте шықты.
– Енді не болады? – деді жолға шығар алдында қимастықпен.
– Қолыңнан ұстап... – деді сөзін жұтып іркіле берген Амангелдінің көзіне май басқан бәйбішесі елестеп. – Қысқа күнде қырық құбылғыш қытымыр қыс сияқты қара қатынның қытығын тапқанша, қары қалың қатты қыста қырып жүріп қар алған әлде қайда оңай, – деп іштей ой ағысынан тез сытылып шығып ширыға ширап ала қойды. Оған он күннен соң баратын болып сөз берді.
Ертесі, түс әлеті, Абылайхан даңғылын жағалай Райымбек көшесінен өтіп, жол жиегінде такси күтіп бейғам тұрған Айымды, кенеттен соғылысқан екі машинаның бірі шайқалақтап келіп мұрттай ұшырып түсірді. Қас пен көз арасы қып-қызыл қанға бөккен ол жансақтау бөлімінде үшінші күні кеш бата тынысын тоқатты.
“Айым, сенсіз қайтып өмір сүрем, айтшы!” деген хаттар қарша борады. Өрімдей уыз балапан тағдырындағы жан-жарасы жазылмай қыршын қиылған қайранда-қайран ару-ғұмырға қоңырау шалынды. Ат басын Алматыға бұрды. Айдай аруын білетін бір жан таппады.
P.S. Қаламда жазық жоқ. Өрбіген істің ізімен қалт-құлт қадам басты. Әңгіменің қаз-қалпы ақыл-тәрбие беріп жартпаса да төркіні ащы сабақ болар. Қош! Тура жолда тәубе келтіруге нәсіп еткей делік. “Құмырсқаның басқаны тәңірге аян” дейді ғой.
Бағай Назарбайұлы
Пікір қалдыру