Қазақ тілді сайттардың табысы қандай?

/uploads/thumbnail/20170708181924752_small.jpg

Қазақ тілді сайттар табыс таба ма? Кіріс болса, оны қалай және қандай көлемде табады? 7kun.kz осы мәселеге қатысты танымал қазақ тілді сайт өкілдерінің пікірін білген болатын.

Қазіргі уақытта қазақ тілді сайттар ақшаны екі жолмен тауып отыр. Біріншісі — жарнама тартып, PR тапсырыстар алып, табыс табу. Екіншісі — мемлекеттік қаржыландыру.

Мемлекет қамқорлығы

Бір апта бұрын «Құқықтық медиа-орталық» қорының басшысы Диана Окремова 2014 жылы Қазақстанның интернет кеңістігі үшін бөлінетін мемлекетттік бюджеттің көлемін және осы қаражаттың ең үлкен үлесін қай БАҚ алып отырғанын хабарлады.

Бұдан БАҚ-қа бөлінетін мемлекеттік қаржы көлемінің жылдан-жылға артып келе жатқанын байқауға болады. 2013 жылы аталған сома 43 млрд теңге болса, 2014 жылы 48 млрд теңгені құрапты. Ал интернет-ресурстарға бөлінетін қаржы 2013 жылы 2 млрд теңге, 2014 жылы 3 млрд теңге көлемінде болған.

Қазнеттің қазақ тілді сегменті бағытталған қаржыға тоқталсақ. Диана Окремова таратқан дерекке сүйенсек, мемлекеттік тілдегі жобалар жүргізетін «Қазконтент» АҚ-на және «Абай ақпарат» қоғамдық қорына бюджеттен сәйкесінше 1,345 млрд теңге және 16,9 млн теңге бөлінген екен.

«Қазконтент» АҚ бірқатар ауқымды интернет-жобаларда үйлестіруші қызметін атқарады.Олардың қатарында strategy2050.kz ақпараттық порталы, ҚР премьер-министрінің ресми сайты primeminister.kz, bnews.kz және baq.kz ақпараттық порталдары, kaztube.kz ұлттық бейне порталы, Қазақстан тарихына арналған e-history.kz порталы және әдебиет сүйер қауымға арналған adebiportal.kz жобасы бар.

Ал «Абай ақпарат» қоры — Abai.kz ақпараттық порталының құрылтайшысы. Қордың вице-президенті Айдос Сарым қаражат қандай мақсаттарға жұмсалып жатыр деген сауалға «Ақша келісім-шарт бойынша тарих және мәдениет мәселелеріне қатысты ақпаратты тарату үшін бөлініп отыр. Бізді зиялы қауым және студент жастар оқиды» деп жауап берген болатын.

Қаржы қайдан келіп жатыр?

Осыдан біраз жыл бұрын қазақ тілді сайт иелері арасында монетизация сирек көтерілетін мәселе болатын. Сарапшылардың айтуынша, нақты бизнес-құралдар мен маркетингтік қадамдар аудитория санының өсуі, сәйкесінше, түрлі тапсырыстар мен табыстың келуіне байланысты қазақ тілді сегментте тек қазір ғана біршама қолданылып жатқанға ұқсайды.

Мемлекеттік тілде сөйлейтін аудиторияның сұранысына ие сайттардың табыс табуға шыққан-шықпағаны туралы бірнеше редакцияға сауал жолдаған болатынбыз.

Айнұр Төлеу

Qamshy.kz сайтының бас редакторы Айнұр Төлеу монетизациясыз редакцияны ұстап тұру мүмкін емес екенін айтты.

«2012 жылдың мамырынан сайтты шығаратын ұжым қалыптасқан. Қамшының осы уақытқа дейін оқырманы қалыптасты, ендігі кезеңде осы оқырманның назарына сапалы жарнамалық материалдарды ұсынуға болады деп есептеймін» дейді ол.

Айнұр Төлеудің айтуынша, сайт ақылы түрде PR-тапсырыстар алып, баннерлер орналастырады, сондай-ақ жарнамаға қатысты медианың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға әзір.

Ал Zero.kz санақ жүйесінде қазақ тілді сайттар арасында бірінші орында тұрған szh.kz ресурсының авторы Ербол Серікбай сайттың әлдеқашан монетизацияға шыққанын айтты. Редакция негізінен контекстік және баннерлік жарнамадан ақша табады екен.

«Қосымша PR-мақалалар жариялауға да тапсырыс алып тұрамыз. Болашақта SMS арқылы сұрақтарды ақылы өңдеу мүмкіншілігін сайтымызға қосқымыз келеді. Оны жүзеге асыру үшін қазір техникалық біліміміз жоқ, әрі SMS-басқару бағасы тиімсіз болып тұр. Жалпы алғанда Сұрақ-Жауап монетизациясы менің ойымдағыдай емес, өзін-өзі ақтап отырған жоқ. Болашақта жақсы жаққа қарай өзгереді деген үмітпен келеміз«, — деді ол.

Рейтингі жоғары szh.kz, zharar.kz, bilimdiler.kz және басқа қазақ тілді сайттардың қызметін ұсынатын «QazaqMedia» жарнама агентігінің директоры Жалғас Ертай өз ұйымының жарнаманың барлық түрімен айналысатынын атап өтті.

«QazaqMedia қазір интернеттегі жарнаманың кез келген түрімен айналысады. Мейлі баннерлік медиа жарнама болсын, әлеуметтік желідегі SMM болсын, не іздеу жүйелеріндегі контекстік жарнама болсын«, — деп атап өтті ол.

Жалғас Ертайдың айтуынша, қазақтілді сегментке деген сұраныс пен қызығушылық екі түрлі мәнге ие екен.

Жалғас Ертай

«Иә, сөзсіз, қарқынды өсіп келе жатқан қазақтілді сайттардың аудиториясына қызығушылық бар. Бірақ, ол сұраныстың көптігін білдірмейді. Әрине, сұраныс жоқ деп те айта алмаймыз. Дегенмен, алдағы уақытта қызығушылық арта түсіп, сұраныс та көбейеді деп күтуге болады. Қысқаша айтқанда, сұраныс біздің ойымыздағыдай емес, бірақ ұлғайып келеді», — деді ол.

Қазақ тілді сайттар ақша тауып жатыр ма?

Қанша ақша тауып жатқандығына қатысты сауалға нақты жауап болған жоқ. Алайда, сайттардың табысын топшылауға мүмкіндік беретін дерек айтылды.

Айнұр Төлеу Қамшы.kz сайтының нақты табысы-шығынын атамаса да, сайтта өткізілген бір шараны мысал ретінде атап өтті.

«Қамшы» көктемде өткізген «Қазақ хандығына 550 жыл» деп аталатын шараның бюджетін мысалға келтірейін. Ондағы шығармашылық байқаудың жүлде қоры 3,5 миллион, ал жалпы шығыны 6 миллион болды. Бұл сайттың өткізген бір шарасы ғана«, — деді ол.

Жалғас Ертай нақты табыс сомасын айтпағанмен, агенттіктің қаржы айналымының көлеміне қатысты ақпаратпен бөлісті.

«2014 жылдың қорытындысы бойынша QazaqMedia агенттігінің жылдық қаржы айналымы 80-90 мың АҚШ доллары көлемінде болды дегенді ғана айта аламын. Бірақ, қаржы айналымы деген түскен табыс дегенді білдірмейді. Ол тек біздің шот арқылы өткен қаржы көлемін ғана білдіреді«, — деп түсіндірді ол.

Ербол Серікбай бұл сауалға нақты жауап беруге тырысты.

«2014 жылдың нақты қорытынды санын айта алмаймын. Бірақ жобамен 1 500 000 — 1 800 000 теңгенің қаражатын тапты. Оның бес жүз мыңдайы сайтта өткізілген онлайн-конференцияға тиесілі«, — деді ол.

Сондай-ақ, Ербол Серікбайдың айтуынша, былтырғы теңгенің девальвациясы жарнама нарығына кері әсерін тигізген.

Ербол Серікбай

«Теңге девальвациясына қатысты жарнама беруші компаниялардың жылдық жарнама бюджетін қайта есептеуіне, қысқартуына байланысты біз жарытып жарнамаға қарық болған жоқпыз. Тіпті жарнама жоқ болды десем де қате айтпаған болармын. Азын-аулақ табыс түсіріп тұратын контексті жарнамаға көшуге тура келді. Ай сайын контексті жарнамадан 50-60 мың теңге келеді, сайттың жүйелі түрде жұмыс жасап тұруына жақсы көмек беріп жатыр«, — деді «Сұрақ-жауап» сайтының редакторы.

Сонымен қатар ол биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында сайттың табысы 500 000 мың теңгенің шамасында болғанын айтты.

«Ол өз кезегінде хостингке кететін шығыннан артылмайды«, — деді ол.

Ербол Серікбай түрлі мемлекеттік тендерлерге қатысқысы-ақ келетінін, бірақ мұндай мәселелер көп жағдайда таныстықпен шешілетінін жеткізді.

Нарық проблемалары және тенденциялары

Сарапшылардың қазақ тілді сайттардың монетизациясына қатысты пікірлері негізінен үндесіп жатты. Ол қазақтілді сайт жасап, сол арқылы қаражат табу мүмкін, бірақ ол өте күрделі процесс дегенге саяды.

Ербол Серікбай жобаны тек қазақтар үшін деп жасайтын болсаңыз, онда сіз ұзаққа кете алмайсыз деп есептейді.

«Баннерлік жарнамадан қаражат көзін тауып, өзін-өзі асырап отырған сайттар бірен-саран ғана. Көп қазақ сайттары мемлекеттің немесе арнайы бір топтың көзқарасын алға жылжыту арқылы қаражат көзін тауып жатыр«, — деді ол.

Жалғас Ертай пікіріне сүйенсек, қазақ сайттарының монетизациясы жүріп жатыр, бірақ бұл процесс нарық ойыншылары ойлағандай, жоспарлағандай емес екен.

«Жалпы, Қазақстандағы digital-нарықтың нақты ережелері мен қалыпты нормалары болмағандықтан, бизнестің дамуын болжау да, жетістіктікке жетудің тетіктерін де айту мүмкін емес«, — деді ол.

Massaget.kz сайтының жоба менеджері Еркебұлан Қайраханның пікірінше, көп компаниялардың PR-мамандары орыс тілді болғандықтан, олар жарнаманы орыс тілді сайттарға береді, ауқымды қазақ тілді аудиторияның бар екенінен хабарсыз.

Еркебұлан Қайрахан

«Қазір жарнама берушілердің көбі орыс тілінде сөйлейтін немесе орысша ойлайтын азаматтар. Ірі болсын, ұсақ болсын, кез келген компанияның пиар бөліміне бас сұғып қарасаңыз, онда жұмыс істейтіндердің дені орыс тілді азаматтар екенін көруге болады. Олар, әлбетте, “орыс” аудиториямен жұмыс істегенді жөн көреді. Себебі, бұрын жұмыс істеп көрмеген аудиторияға ақша салуға жүрексінеді. Кейбіреулері, тіпті, қазақ тілінде сөйлейтін қалың жұрттың бар екенін білмеуі де мүмкін. Сол себепті дәл қазір қазақ сайттарына ақша табу өте қиын. Сайтты жүргізуге кеткен шығынды өтеп, плюске шығу тіпті арман болып отыр«, — деді ол.

Айнұр Төлеудің пікірінше, сайт арқылы қаржы табуға қадам жасап жатқандар бар, бірақ аз екен.

«PR материал жаза алатын қазақ тілді маман аз. Жазу бөлек те, ол жарнаманы тарту бөлек қой. Бұл тұрғыда жарнама менеджерлері мен маркетологтар сайтқа міндетті түрде керек. Бұл күнде осы екі маманды ұжымның қосынына кіргізбей жұмыс жүргізу мүмкін емес. Тек қана сайт емес, басылымдар да осы жүйені дұрыс қолға алса, қазақ тілді газет-журналдар қазіргідей жабылмас еді«, — деп ойымен Қамшы.kz редакторы бөлісті.

Мамандарға қатысты проблеманы Жалғас Ертай да атап өтті.

«Кедергі мен проблемалар жетіп артылады, олардың қатарында кәсіби мамандардың жоқтығы, аздығы; жарнама беруші компаниялардың маркетологтардың интернет технологиялардан хабарсыздау болуы; тендерлердің өтуі барысында әркелкі көлеңкелі схемалардың тыйылмауы және тағы басқалар бар«, — дейді ол.

Нарықтағы тенденцияларға тоқталған Жалғас Ертай казақ тілді аудиторияның көбеюін, мобильді трафиктің артуын, диджитал нарықтағы ашықтық факторын атап өтті.

Ербол Серікбайдың болжамына сүйенсек, алдағы бір-екі жылда интернет дүкенмен айналысатындар ұтады екен.

«Логистика жағы жақсы шешілмесе де, төлем жүйелері шешімін тауып келе жатыр. PayPal-дың Қазақстан нарығына кірейін деп дайындалып жатқаны да жақсы жаңалық. Біз де өз кезегінде жинаған аудиториямызға сапалы тауар түрлерін қарастырып, болашақта Сұрақ-Жауап сайтының жанынан интернет дүкен ашып қалуымыз мүмкін«, — деп өз жоспарымен бөлісті ол.

Еркебұлан Қайрахан қазақ тілді сайттарға жарнаманың аз тартылуына байланысты орнап отырған қазіргі тенденция болашақта өзгеретініне сенім білдірді.

«Қалай болғанда да түптің түбінде қазақ интернетіне де жарнама берушілер келеді. Себебі, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың үлес салмағы қарқынмен артып жатыр. Тағы бір ұрпақ ауысқан соң компанияларға қазақ тілді азаматтар барып, орыс тілділердің орнын басады. Міне сол күннен бастап қазақ интернетіне ақша лап қояды. Ертерек қамданып, жұмыстарын жүргізіп алғандар тапсырысқа белшесінен батады«, — деп түйіндеді сөзін massaget.kz сайтының жоба менеджері.

Дайындаған Алмас Өтебай «7»

7kun.kz

Қатысты Мақалалар