Республикалық "QAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы шу болған үштілділік мәселесінде өзінің Facebook парақшасында пікір жазды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аятжан мырзаның жазбасында:
"Дүниежүзі тарихы орыс тілінде, Қазақстан тарихы қазақ тілінде оқытылады?
Неге?
Соңғы аптада көтеріліп жатқан бұл мәселе негізі 2015 жылы күзде басталған іс еді. Бұл атышулы "үштілділік бағдарлама" деп аталатын 2016-2022 жылдарға арналған білім бағдарламасы еді.
Еліміздің сол кездегі бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов 2015 жылы 10 қыркүйек күнгі баспасөз мәслихатында «Барлық мектептерде қазақ тілінде қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география пәні оқытылады. Информатика, физика, химия, биология жоғары сыныптарда тек ағылшын тілінде өтетін болады. Ал, қандай мектеп болса да, мейлі ол қазақ, мейлі аралас мектеп болсын Дүниежүзі тарихы пәнін тек орыс тілінде оқиды» деп мәлімдеген. Бұл шулы үштілділік бағдарламасын Сәрінжіпов бастады, Сағадиев бекітіп, Шамшідинова шетін түртпей, Аймағанбетовке өткізіп берді.
Біз үштілділік бағдарламаға қарсы болған кезде дәл осындай сорақылыққа қарсы тұрған едік, бірақ, сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев командасы бізді "ағылшын тіліне қарсы" деп, үштілділік бағдарламаны көлеңкеде қалдырды.
Біз ағылшын тілінің оқытылуын қос қолдап қолдаймыз, бірақ, қазақ мектебінде орыс тілінде, ағылшын тілінде пән оқытуға ҚАРСЫМЫЗ! Осыны түсінбеген үш министр түсінбеген беті кресломен қоштасты. Қазіргі министр тыңдайды деп сенім артамын.
Жә, басындағы іске оралайын, бізде дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқыту неден туындады?
Бұл - барып тұрған жалтақтық пен қорқақтықтың кесірі, кезінде орыс сынып түлектерінен қазақ тілі пәнінен емтихан алу үшін, қазақ сыныптарына орыс тілі пәні емтиханын енгізген. Дәл сол сияқты, орыс сыныптарына Қазақстан тарихын қазақ тілінде өткізу үшін қазақ сыныптарындағы дүниежүзі тарихын орыс тілінде өткізу бастамасын кіргізе салды. Не деген қорлық?
25%-ға жетпейтін орыс сыныбына Қазақстан тарихын мемлекеттік тілде оқытуға батылы бармаған шенді қауым, 75% қазақ баласының дүниеге көзқарасын орыс терезесінен сығалатуға келісе кетті. Бұл - тәуелсіздіктің 30 жылдығына жақындаған біз үшін қасірет.
Біз дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқыту арқылы көп дүниеден ұтыламыз.
Ең бірінші, ол - мемлекеттік тілдің жеңілісі. Мектебінде, қазақ сыныбында барлық пәнді оқытуға жарамайтын қазақ тілін - "мемлекеттік тіл" деп айта алмайтын, ертең елдің бетіне қарай алмайтын жағдайда боламыз. Орыс тілінің мәртебесін асқақтатып, қазақ тілінің сорына тағы бір қадам жасаймыз. Бұл - қылмыс.
Екінші, ол - идеологиялық құрбандық. Себебі, бізде бағдарламалар мен оқулықтардың басым бөлігі Ресей оқулықтарының аударылған көшірмесі екені анық. (Дәлел керек болса парақтап санап беремін). Ал, дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқытатын болса, біздің авторлар таза Ресей оқулығын аударып жатпай-ақ, көшіре салатыны ақиқат, сонда Ресей идеологиясы қазақ мектептерінің есігінен емін-еркін кіріп, "орыс - дос" дегенмен дос болып, "орыс - жау" дегенмен жауласып жүре беретін, сол кеңес идеологиясының түрі өзгерген форматымен сусындаған ұрпақ тәрбиелеп жүре береміз.
Үшінші, ол - тәуелсіздікке сын. Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті секілді пәндерді тәуелсіз Қазақстанның мектебінде қазақ тілінде оқыту - талқыланатын мәселе емес! Мұны талқылап, сол үшін өзге бір пәнді өзге тілде оқытуға келісу ол - тәуелсіздігімізге сын. Елдігімізден ұят.
Сондықтан, бұған дейінгі министрлік қабылдаған үштілді бағдарламаның осындай масқара тұстарын тез арада кері қайтарып, білім берудің бағытын ұлттық бағытқа бұру - кезек күттірмейтін шаруа деп ойлаймын. Орта білім мемлекеттік тілде берілуі керек. Қазақ сыныбында өзге тілде пән оқыту - талқылауға салатын дүние емес.
Тек дүниежүзі тарихы мәселесі емес, осы жерде өзекті тағы бір дүние ол - орыс әдебиеті. Қазақстандық мектептер неге орыс әдебиетін ғана оқуы керек? Сонда Толстойды оқыған бала не үшін Байронды оқымауы керек? Неге Түрік әдебиетін, түркі әдебиетін, ағылшын әдебиетін қазақ баласы оқымауы керек? Бұл - орыс әлемінің қамытын мойынға іліп, "дүниеде тек орыс ұлты ғана - ұлы ұлт" деп кеткен кеңестің шекпенінен шықпау емес пе?
Сондықтан, біздің тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпағы әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тілінде оқуы керек. Мектептегі орыс әдебиеті пәні біртұтас қысқартылып, орнына әлем әдебиеті деген пән енгізілуі керек. Қазақ баласы әлемдік ғылым мен әдебиетті меңгеруді өз тілінде, мемлекеттік идеологияда алуы керек. Бұл - (біз) ұстаздардың, мемлекеттің жасап беруге тиісті қасиетті парызы. Ұрпақ алдында ұятқа қалмайық.
Өзі тарихшы ретінде жаңа министр Асхат Аймағамбетоа мырза мұндай сорақылыққа жол бермейді деп ойлаймын. Білім саласына ұлттық рең бермеу, мемлекеттік тілдің мектепте екінші сортта болуы - ұлттық қасіретке әкеліп соғады. Оның зардабын неше ондаған жылдан соң тартуымыз әбден мүмкін.
Ел президенттігіне келгеннен бері білім саласына үнемі көңіл бөліп келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да бұл бағдарламаға бұған дейін де өзгеріс енгізуді тапсырған еді. Сондықтан, жаңа ұлттық бағыттағы орта білім бағдарламасы қайта жасалады деп сенемін және сала маманы, жанашыры ретінде үміт етемін.
Республикалық "QAZBILIM" орталығы директоры Аятжан Ахметжанұлы",- делінген.
Пікір қалдыру